АҚШ Ресейге көмек көрсететін елдердің тізімін жариялады

10951

Тізімге кірген бес мемлекеттің ішінде Қазақстан да бар. 

АҚШ Ресейге көмек көрсететін елдердің тізімін жариялады Фото: hvylya.net

Ресей компаниялары санкцияларды үшінші мемлекеттер арқылы айналып өтетіндері жайлы жаңалық таңсық болудан қалғалы қашан. Ресейдің агрессиясына қарсы тұру құралы ретінде экономикалық қысымды таңдаған Еуропа мен АҚШ өздерінің санкциялары күткендей нәтиже бермей отырғанын көріп отыр. Себебі Ресейде біраз компаниялар жабылып, экспорт қысқарғанымен, көршілес елдермен тауар айналымы артып, импорт біршама көбейген, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Мысалы, Ресейдің Еуропадағы байырғы серіктесі Германия осы елге экспортты 2023 жылдың бірінші тоқсанында 47%-ға азайтты, алайда онымен көршілес елдерде бұл көрсеткіш бір мезетте көтеріліп, бұрын-соңды болмаған дәрежеге жеткен, оның ішінде Қазақстанға жеткізілім 136%-ға, Қырғызстанға экпорт 949%-ға артқан. Сәйкесінше осы елдерден Ресейге эскпорт көлемі де біршама ұлғайған. Қазақстан 2022 жылы экспортты 25%-ға ұлғайтып, 8,8 млрд жеткізген. Соның ішінде, электроника тасымалы 22 есе артқан.

Батыс елдері Орталық Азия елдерінен нақты қандай тауарлардың жеткізілгенін анықтай алмағандарына қарамастан, соңғы қабылдануы керек санкциялардың 11-ші пакетін Ресейге қол ұшын беріп отырған "үшінші елдерді" жазалауға арнағандай. Егер бұған дейін олар нақты қандай елдермен күресу керектігін білмесе, бүгінде мұндай тізім шығып үлгерген.

Оның ішінде – Армения, Қазақстан, Грузия, Біріккен Араб Әмірліктері және Түркия бар. Газет Ресейдің батыстық санкцияларға қарсы тұру мүмкіндіктерін жетілдіріп жатқанын да атап өтті.

Фото: yandex.kz

Politico газетінің еуропалық басылымында АҚШ Мемлекеттік департаментінің санкцияларды үйлестіру басқармасының басшысы Джим О'Брайеннің Батыс санкциялармен бұғаттауға тырысқан Ресейге электронды компоненттерді жеткізу деңгейі Украинадағы соғыс басталғанға дейінгі деңгейге оралды деген пікірін жариялаған. Сондай-ақ Ресей Федерациясына бірқатар елдер, соның ішінде посткеңестік елдер көмектесіп отырғаны айтылған.

О'Брайен еуропалық компаниялар электронды өнімді үшінші елдерге сатады, содан кейін ол Ресейге қайта экспортталатынын айтады. Ең сорақысы заманауи қару-жарақ жүйелерін құру үшін қажет микрочиптер, процессорлар, электронды тақталар ресейліктер қолына еш кедергісіз түсіп жатыр.

Осыған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстанда санкцияға енген тауарлармен сауда-саттық ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ерекше бақылауында екенін айтып, олар ЕО, АҚШ немесе Ұлыбритания санкцияларына жататын тауарлар тізімі жарияланған traderadar.kz порталын іске қосқанын мәлімдеген болатын. Ал Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті санкциялық тізімдерге кіретін тауарлардың импорты мен экспортына тұрақты мониторингті жүзеге асырады, бірақ көріп отырғанымыздай, мемлекеттік бақылау еш нәтиже бермеді, Қазақстан қанша ақталғанымен, қара тізімге кіріп отыр.

Дегенмен Жапонияда өткен "Үлкен жетілік" саммитінде қабылдануы керек болған санкциялардың 11-ші пакеті әлі күнге дейін өз күшіне енбеді. Соңғы рет оның қабылдануын Греция мен Венгрия бұғаттағанын еске саламыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу