АҚШ сарапшысы: "Моңғол империясының тарихи миссиясы Америкаға жүктелді"

3188

Еуразия байтағын қырғи-қабақ қырқыстан сақтап қалатын жаһандық қуатты гегемон керек пе? 

АҚШ сарапшысы: "Моңғол империясының тарихи миссиясы Америкаға жүктелді" Фото: news.myseldon.com

Қазақ тарихшыларының байламынша, жаһандық сауда-саттық байланыстардың өзегіне айналған Ұлы Жібек жолы моңғол империясы, соның ішінде Алтын Орда дәуірінде өркендеп, ол ыдыраған соң күйрей бастады. Еуразия даласының басым бөлігіне сауда-саттық гегемониясын орнатқан Алтын Орда сауда бағыттарын бақылап, керуендердің жолай тоналмауына жағдай жасады. Сөйтіп, жаһандық экономиканың жұмыс істеуіне ықпал етті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті ғалымдары шығарған "Алтын орданың сауда-саттық байланыстарының негізгі бағыттары" атты кітапта айтылғандай, ХІІІ ғасырда орталықазиялық көшпелілер Еуразияның сауда-саттық жүйесіне айтарлықтай ықпал етті. Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары Қытай, Орталық Азия, Шығыс Еуропа мен Таяу Шығыстың айтарлықтай бөлігін бағындырған соң, бұл аймақтар арқылы өтетін керуен сауда жолдарының жүйесі – Ұлы Жібек жолы Моңғол империясы мен оның ұлыстарының бақылауына өтті. Ал ХІІІ  ғасырдың 50–60-шы жылдарынан бастап, моңғолдар бағындырған аймақтарда Тынық мұхитынан Шығыс Еуропаға дейін, Батыс Сібірден Парсы түбегіне дейін Шығыс пен Батысты жалғастырған "еркін сауда кеңістігі" қалыптасты. Еуропалық тарихнамада "Pax mongolica" (латынша "моңғол тыныштығы, моңғол бітімі") деп аталатын бұл кезеңде моңғолдар билік құрған аймақтардың шекаралары шетелдік көпестер мен жүргіншілер үшін айқара ашылды.

Моңғол ұлыстарының билеушілері өз иелігіндегі аймақтарға шетелдік көпестердің кіруіне жай ғана рұқсат беріп қана қойған жоқ, сонымен қатар оларға жеңілдіктер мен артықшылықтар берді. Тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлының айтуынша, мемлекеттің қаржы көзі саналатын сауда-саттық пен саудагерлер "Ұлы жасақ" заңы бойынша үкімет орындарының қатаң бақылауы мен қамқорлығында болды. "Ұлы жасақ" заңында: "Саудагерлерді жан-жақты қорғау керек. Олар алғаш рет ұтылса көмектесу, екінші рет ұтылса ұтылғанын төлету, үшінші рет ұтылса басы алынсын" деп көрсеткен дейді. Өйткені Шыңғыс ханның айналасындағылар үкіметтің қазынасы транзиттік тасымал табысынан құралатынын сол кезде жақсы түсінген. Осылайша, шетелдік көпестердің орасан зор территорияға созылған транзиттік аймақтан емін-еркін өтуі мен олардың қауіпсіздігі мемлекеттік деңгейде қамтамасыз етілді.

Ал енді ХХ ғасырда Ресейдің Украинаға кең ауқымды шапқыншылығы Еуразия даласындағы, тіпті жаһандық нарықтағы еркін сауда-саттық пен керуен жолдарын, қазіргі тілде тасымал тізбектерін бұзып отыр. Осы жағдайда моңғол империясы атқарған ұлы тарихи миссия кімге жүктеледі? Сарапшылардың байламынша, әлемде бірде бір қарулы қақтығысты толық тоқтата алмаған, "терең алаңдаушылық" білдірумен шектелетін, әрі агрессорға төрін ұсынып, оны Қауіпсіздік кеңесінен қуа алмаған БҰҰ бірден қалыс қалады. Одан басқа кім бар?

Бұл сұраққа америкалық беделді басылым Financial Times жауап іздеді. Ол жаһандық сауда қазіргі кезде еуропалық құндылықтарға қарағанда, америкалық қаруға көбірек мұқтаж деген байламға келді. Өйткені егер АҚШ Мәскеуге қарсы ұлт азаттық соғысында Украинаға көмектеспесе, ал Қытайдың басқыншылығынан қорғануында Тайваньға қолұшын созбаса, онда Еуразия континентінде өркениетті сауданың да, бейбіт өмірдің де сау-тамтығы қалмауы мүмкін.

"Құрама Штаттардың әлемдік саудаға ықпалы туралы сөз бола қалса, Еуропадағы одақтастарымыз бен Жапонияның көңілі толмай, күңкілдеген дауысын естуге болады. Бұл наразылықты Қытай сияқты қарсыластарымыз күшейте түсуге барын салады. Содан мынадай байбалам шығады: АҚШ – жаһандық экономикаға кесірін келтіруден тайынбайтын, Дүниежүзілік сауда ұйымын әлсіретуге ұмтылатын, ал экспорттық-импорттық бақылау тетіктерін өз компанияларына ғана тиімділік әкелетін агрессивті сыртқы саясатын ілгерілетудің құралы ретінде пайдаланатын халықаралық қанаушы. Бұл сында шындық та бар. Сонымен бірге қарсы дәйектеме де іргелі. Бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін дүркін-дүркін әскери қуатты пайдалануға тура келеді. Ал бейбітшілік сауданың дамуы үшін қажет. Ендеше АҚШ жүргізіп отырған жаһандану әлемдік сауда үшін ұстын. Сауда сияқты жұмсақ күш өрістеуі үшін әскери қуат сияқты қатаң күш қажет. Мұны Путиннің Украинаға баса-көктей кіруі паш етті", – деді америкалық саясаттанушы, сарапшы Алан Битти (Alan Beattie).

Еуропаның бір лидері Германияны 15 жылдай басқарған Ангела Меркель және осы уақыт ішінде Франция тізгінін ұстаған президенттер еркін алыс-беріс, барыс-келіс арқылы Ресейді өркениетті әлем қатарына тартпақ болды. Ал Мәскеу болса, мұны ұжымдық Еуропаның әлсіздігі деп ұқты, бұрынғы Кеңес одағының бақылауында болған аумақтарды өз ықпалына күштеп қайтаруға әзірлене бастады.

"Мәскеудегі диктатордың соғысқұмар саясатынан қайтпайтынын түсінген Еуроодақ одан зардап шеккелі тұрған Украинаны өзі жақтайтын жалғыз ғана жолмен – экономикалық интеграциямен өз қатарына тартуға талаптанды. Нәтижесінде, ЕО Украинамен арада еркін сауда туралы тереңдетілген және жан-жақты қамтитын келісімге отырды. Оған Брюссель мен Киев 2014 жылы қол қойды. Содан соң Ресей Қырымды тартып алып, аннексияласа да, Еуроодақтың ары қарайғы "стратегиялық автономия" саясаты негізінен сауда-саттық, реттеу және еуропалық құндылықтардан танбады. Бұл ретте орталық және шығыс еуропалық мемлекеттердің Ресей тарапынан қауіп-қатердің артқаны туралы дабылдары елеусіз қалдырылды", – деп назар аудартты америкалық сарапшы.

Сонымен бірге, 2014 жылдан бастап, НАТО елдері Украина қарулы күштерін (ЗСУ) заманауи қарумен және жаңаша ұрыс жүргізуге үйрете бастады. Бұл жерде АҚШ жетекші рөл ойнады.

Алан Биттидің пайымдауынша, егер Америка әскери қолдау білдіруге көшпегенде, Киев бірден құлап, орнына "Путинград" (Putingrad) пайда болар ма еді? Ал бейбіт Еуропа өзге түгіл, өзін қорғай алмайтынын сезініп, Мәскеумен кезекті бітім келісімін бекітуге келіссөз алаңын ұсынуға ғана тырысатын еді.

Financial Times болжамынша, Украина жауға толық тізе бүккенде, бүгінде бүкіл Еуропа терең дағдарысқа килігетін еді. Себебі, Ресейдің ары қарай Шығыс, Орталық Еуропаға қарай кеңею қаупі туындап, Еуропа мен Азия арасында бірыңғай нарық құру бастамалары бұғатталып қалатын еді.

"Мәскеудің тез табысқа жеткенін көргенде, Қытай да батылданып, Тайваньды жаулап, өзіне түпкілікті қосып алуға құштарланатын еді. Мұның барлығының салдары Еуразиядағы сауданы апатқа соқтыратыны сөзсіз. Өйткені бүкіл дүниежүзілік нарық жартылай өткізгіштер, микрочиптер бойынша Тайваньға тәуелді. Ал соғыс оның экономикасын жермен-жексен етіп күйретеді. Сол себепті өткен аптада Еуроодақ НАТО-да Американы ешкім алмастыра алмайтынын ақыры мойындап, ортақ мәлімдеме жариялады. Әрине, Украина Ресейдің ықпалынан толық кетуі, азаттық алуы үшін Еуропаның экономикалық, саяси және мәдени қолдауына, іштартуына зәру. Бірақ Украинаның болашақтағы қауіпсіздігі тікелей АҚШ пен НАТО-ға байланысты болады", – деп жазады америкалық беделді басылым.

Жалпы, 1990-шы жылдары Югославиядағы қанды қырғынды тоқтатуға бағытталған соғыс барысында: "америкалықтар аң аулап, ас әзірлейді, ал еуропалықтар ыдыс жуады" деген мәтел айтылған екен. 2023 жылдың 9 қаңтарында Киевте болып қайтқан Еурокомиссия басшысының орынбасары Франс Тиммерманс соғыстан кейін Украинаны жасыл экономикаға көшіру керектігі туралы байламын Твиттерде жазды. Мұны естіген саяси шолушылар әлгі әзіл мәтелді еске түсірді. Өйткені асүйді тазалап, ретке келтірген, жасыл етіп, жайнатқан дұрыс. Бірақ ең маңыздысы, сол асүйге қайтадан бомба түспеуін қамтамасыз ету болса керек.

"Олай болса, АҚШ бейбіт азаматтық сауданы ілгерілетуге әскери үлесін қоса береді. Бұған көп жылдан бері АҚШ әскери теңіз флотының коммерциялық кемелер пайдаланатын теңіз жолдарын патрулдеуі, теңіз қарақшыларымен күресуі жатады. АҚШ Жаһандық даму орталығының (Center for Global Development) бағалауынша, Америка теңіз жолдарының ең ірі қорғаушысы болып табылады. Ол ЖІӨ-сінің 0,2% осы мақсатқа шығындайды. Салыстырсақ, әлемдегі 40 ең ірі елдің ұқсас шығыны 0,015% ғана. Ірі әскери державаның Еуропадағы сауданы қамтамасыз ету үшін әскери қуатын қолдануының тарихи үлгісі жетерлік. Мысалы, моңғолдар Еуропа мен Шығыс Азия арасын жалғаған құрлықтағы Жібек жолын қорғады", – деп түйді Financial Times.

Қанша дәуір ауысса да, әлемдік сауданың қауіпсіздігіне төнген қатерлер толық сейілетін емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу