banner

АҚШ-тағы сайлау – демократияға деген сынақ

2049

Әлемдегі басты алпауыт ел Парламент депутаттары мен губернаторлар сайлауының қорытындысын шығаруда. 

АҚШ-тағы сайлау – демократияға деген сынақ Фото: moscowtimes.eu

8 қарашада АҚШ-тың барлық штатында жаппай "аралық сайлаулар" өтті. Демократияның ұстыны саналатын бұл ел осы аламан доданы дәстүрлі түрде іс басындағы Президенттің өкілеттік мерзімі тең ортасына келгенде ұйымдастырады. Азаматтар Парламенттің төменгі, яғни Өкілдер палатасының 435 мүшесін, жоғарғы палата Сенаттың үштен бірін, сондай-ақ 36 штаттың "әкімін" таңдайды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Саясаттанушы, The Washington Post саяси шолушысы Аарон Блейк АҚШ-та қалыптасқан тағы бір саяси дәстүрге назар аудартты.

"Аралық сайлаулар өз өкілі арқылы Ақ үйді бақылауда ұстап отырған партия үшін әрдайым ыңғайсыз", – деп атап өтті. Соңғы жүзжылдықта өткен 25 аралық сайлаудың 19-ында оппозиция айқын жеңген.

Американың қазіргі Президенті демократ екенін ескерсек, бұл жолы Демократиялық партия ойсырай жеңіліп, Дональд Трамп пен Илон Маск сияқты беделді тұлғалар дәріптеген Республикалық партия айқын жеңісін тойлауға тиіс еді. Мұны іс басындағы лидер де түсінсе керек.

"Демократияға қатер төнді. Дауыс бергенде абай болайық. Әйтпесе, біз таңдау жасағанымызда әрбір дауыстың демократияны сақтап қалуға тікелей әсер ететінін ұғына бермейміз. Өйткені бұрын ондай қауіп-қатерге көп кезікпедік. Бірақ биылғы жылы осыған бетпе-бет келіп тұрмыз", – деп күрсінді сайлау алдында халыққа үндеу жасаған АҚШ Президенті Джо Байден.

Deutsche Welle Америкадағы сайлау қарсаңында Украинада соғыс жүргізіп жатқан Вагнер жеке әскери компаниясының негізін қалаушы, бизнесмен Евгений Пригожин Ресейдің АҚШ-тағы сайлауға араласып, қол сұғып келгенін және оны қазір де жалғастырып жатқанын растады деп жазды. Бұрын АҚШ Федералдың тергеу бюросы Дональд Трамп жеңіске жеткен 2016 жылғы сайлауға Кремль, ресейлік троллдер фабрикалары және хакерлері араласқанын әшкерелеген болатын. Бұған дейін Путиннің өзі мұны бірнеше рет жоққа шығарумен болды.

"Біз олардың сайлауына араластық, араласып жатырмыз және араласа беретін боламыз. Байыппен, ептілікпен, хирургиялық дәлдікпен араласамыз, өзіміз білгенімізді жасаймыз. Дәлдікті, нақтылы операциямыз барысында біз олардың қос бүйрегін және бауырын бірден кесіп алатын боламыз", – деп қорқытты Пригожин Russia News порталына түсініктемесінде.

Республикалық партия бұл жолы да Ресеймен ынтымақтастықты қолдап шықты. Оның біраз өкілі Украинаға қару бере бермей, Киевті келіссөз үстеліне отырғызуға мәжбүрлеу керек деген ұстанымда. Ал Мәскеу ол келіссөздерде Украинадан тартып алған төрт облысты өзінің иелігіне беруді талап етуге ниетті. Яғни, Қырым түбегіне Украина облыстары аумағымен құрлық арқылы жол салмақ. Соғысқа дейін Ресейді Қырыммен тек Керчь көпірі байланыстырды.

Америкалық саясаттанушы Аарон Блейк бұрыннан келе жатқан дәстүр бұл жолы орындалмай қалғалы тұрғанын айтады. Рекордтық қымбатшылықтан, экономикалық дағдарыстан шаршаған америкалықтар оған билік басындағы Демократиялық партияны айыптап, Республикалық партияға жаппай дауыс береді деп күтілген. Алайда алдын ала қорытындылар Демократиялық партияның ойсырай ұтылмағанын паш етті.

Әзірге Вашингтон пост мәліметінше, Сенаттағы ханталапайға тасталған мандаттардың 48-ін демократтар (+1), тағы 48-ін республикалықтар (-1) еншіледі. Ал CNN дерегінше, демократтар 48, республикалықтар 49 мандатқа ие болып үлгерді.

Сенатта басымдыққа ие болу үшін демократтарға 50 орынды алса, жеткілікті. Ал республикалықтарға 51 орын қажет. Өйткені заң жобаларына қатысты әлдебір дау туа қалса, заң бойынша соңғы шешуші дауыс іс басындағы вице-президент Камала Харриске берілген. Ал ол Демократиялық партияның өкілі. Әзірге қос партия да Сенатқа қатысты иық тіресіп, қатар келеді. Сенаттың тағдыры шешілген жоқ, Невада, Аризона сияқты бірнеше штат дауыс санау нәтижесін біраз кейін жариялайды. Түпкілікті қорытынды 6 желтоқсаннан соң белгілі болмақ: сонда Джорджия штатында сайлаудың екінші туры өтеді. Онда кандидаттардың ешқайсысы 50%-дан көп дауыс жинай алмады.

Өкілдер палатасында демократтарға 185 орын (-9), ал республикалықтарға 208 орын (+9) тиді. Төменгі палатада басымдық иелену үшін партиялардың бірі 218 орынды қанжығалауы керек.  

Сайлау қорытындысы әзірге толық шығарылмағанымен, сарапшылар Өкілдер палатасында Республикалық партия басымдыққа ие болады деп болжауда. Бірақ бұл демократтардың оңбай ұтылғанын білдірмейді. Басымдық болмашы ғана. Егер қандай бір мәселелерде демократтар республикалық конгрессмендерді өз жағына шығара алса, онда өз заңдарын еркін өткізе алады.

Республикалық партия АҚШ Сенатын бақылауға алғанымен, штаттардың заң шығарушы органдарында да, губернаторлар деңгейлерінде де демократтарға ұтылды. Оппозициялық партияның губернаторлық орындардың көбінен айырылып қалуы 1986 жылдан бері бірінші рет, ал 1934 жылдан бері екінші рет болып отыр екен. Сол себепті Вашингтон пост тарихи тұрғыдан алғанда, 2022 жылғы сайлау Республикалық партия үшін аса нашар болғаны туралы тоқтамға келді.

Өкілдер палатасына сайлау 2 жылда бір рет өтіп тұрады. Алдыңғысы Джо Байден жеңіске жеткен жылы өтіп, демократтар басымдыққа ие болған.

CNN түсіндіруінше, егер осы сайлау қорытындысында Демократиялық партия Конгрестің қос палатасының бірінде басымдықтан айырылса, онда Байден бұрынғыдай өзі қалаған заңды еркін қабылдата алмайды, процесс әлдеқайда күрделенеді. Демократияның артықшылығы да осы: лидер өзімбілемдікке салына алмайды, оппозициямен үнемі ақылдасып, келіссөз жүргізіп, ымыраласуына тура келеді.

"Дауыс беруде Калифорния, Пенсильвания және Огайоның қалалық елді мекендері шешуші рөл атқарды. 2018 жылы да дәл солар демократтарға Өкілдер палатасында көпшілік мандат алуына көмектескен еді. Бұл жолы мүлдем тізе бүкпеуіне түрткі болды. Ірі қалаларда демократтардың қарасы басым, ал ауылдық жерлерде республикалықтар үстем. Сондықтан басты шайқас қаламаңы аудандарында жүреді", –  деп хабарлады Би-Би-Си.

Республикалықтар додаға түскенде жоғары инфляциямен және белең алған қылмыспен аяусыз күресуге уәде беріп, осыны сайлауалды бағдарламасының басты нысанасына айналдырды. Ал демократтар әйелдердің қолдауын алуға ұмтылды, сондай-ақ азаматтардың түсік жасату құқығын қорғауға сөз берді. Әйтпесе, бүгінде АҚШ-тың көптеген штаты абортқа қатаң тыйым салатын заңдар қабылдап жатыр.

Мәселен, осы сайлауға келген тұрғындар біраз штатта өзге мәселелер бойынша да дауыс берді. Мичиган, Калифорния, Вермонтта азаматтар өз штатының конституциясында аборт жасау құқығын бекітуді жақтап дауыс берді. Ал Луизиана, Миссури, Оклахома, Оңтүстік Дакота сияқты бірқатар штаттар керісінше, түсік жасатуға тыйым салды. 

Сайлау жаңалықтары қатарында Пенсильвания штатынан осы елдің тарихында тұңғыш рет қара нәсілді адамның Өкілдер палатасына депутат болып сайлануын атап өтуге болады: бұл бақыт Демократиялық партияның мүшесі Саммер Лиге бұйырыпты. Ал ең жас конгрессмен Флориданың 25 жасар саясаткері, демократ Максвелл Фрост болмақ.

Мэриленд штатында губернаторлық кресло үшін таласта демократ Уэс Мур жеңіс тұғырына көтерілді. Ол осы штат тарихындағы тұңғыш афроамерикалық болады.

Нью-Йорк губернаторы орынтағы үшін күресте демократ әйел Кэти Хокул, ал Арканзас штатында Ақ үйдің бұрынғы баспасөз хатшысы, әйел республикалық Сара Хакаби Сандерс жеңді. Қос шенеунік те өз өңірлерінде сайланған алғашқы әйел губернаторлар болады.

Массачусетстің тізгінін демократ әйел, Бас прокурор Мойра Хили өз қолына ұстады. Ол да тұңғыш әйел губернатор және осындай биік лауазымға қол жеткізе алған бірінші қызтеке-лесби болмақ.

Висконсин штатында белсенді антиваксер, коронавирус туралы фейктердің авторы, республикалық Рон Джонсон жеңді. Оны қарсыластары расизмге айыптады: Рон ең үлкен қорқынышы ретінде "Капитолийді, яғни билікті қара нәсілділерді қорғайтын Black Lives Matter қозғалысының өкілдері немесе антифашистердің басып алуын" атады. 

Ал Аризона штатында губернатор орынтағына таласқан Республикалық партияның мүшесі, Трамптың қызу қолдаушысы Кэри Лейк 2020 жылғы Президент сайлауының нәтижелерін әлі күнге мойындамайтынын мәлімдеді. 76% дауыс саналғанда, оның қарсыласы демократ Кэтлин Хоббсқа жеңіліп қалғаны анықталды. Мұны естіген Лейк штаттағы сайлауды ұйымдастыруға жауапты тұлғаларды "алаяқтар мен ұрылар" деп күстәналады.

The Washington Post дерегінше, республикалықтар арасында 291 үміткер немесе осы партия сайлауға қосқандардың 51%-ы Байденді легитимді Президент деп танымайтынын ашық жариялаған.

Айтпақшы, АҚШ тізгінін алда Дональд Трамп ала алмауы мүмкін. Республикалық партияның жаңа фавориті пайда болды. Флориданың губернаторы Рон ДеСантис (Ron DeSantis) демократ бақталасы Чарли Кристті 59,4% дауыспен шаң қаптырып кетті. Сенімді жеңіске жеткенін білген соң ДеСантис бұл дода оған 2024 жылы Президент сайлауына республикалықтар атынан кандидатурасын ұсынуға салмақты мүмкіндік бергенін мәлім етті. 

Бұған Дональд Трамп доқ көрсетумен жауап берді: ол жаңа сайланған губернаторға қарсы мықты компроматы бар екенін және керек болса, оны жариялайтынын мәлім етті.

Тарихшы, беделді Иель университетінің түлегі Рон ДеСантис консервативтік көзқарасты ұстанады. Дәстүрлі отбасыны қолдайды, әйел мен еркектен басқа жыныстар бар дегенді мойындамайды. Түсік жасатуға үзілді-кесілді қарсы. Бірақ ол Флориданы гүлдентіп, экономикасын дамытуы арқасында тұрғындардың сүйіспеншілігіне бөленді. Ол пандемия арқасында да электорат арасында беделді болды: коронавирус тарап, өзге штаттар тиімді қорғану жолдарына қатысты айтысып жатқанда, ДеСантис бюджет қаржысына бірнеше миллион бетперде сатып алғызып, тегін таратты. Жүздеген тегін ПТР тестілеу орындарын ашты. Ал пандемия бәсеңдегенде, алғаш болып, мектептерді оффлайн оқуға оралтуға бұйрық берді.

New Yorker газеті "ДеСантистің отбасы сайлаудың жылтырақ үнпарағындағы сүйкімді көріністен жерге топ етіп түсе қалғандай" деп мақтады. Ол әйелімен бақытты екенін айтудан жалықпайды, яғни жиі ажырасатын өзге саясаткерлерден ерекшеленеді, оның отбасы тату-тәтті тұрады. Екі баланың әкесі. Нағыз америкалық арман.

Бұл сайлау АҚШ тұрғындарының екі лагерге жарылып тұрғанын, көптеген мәселеде бірауыздылықтың жоқтығын кезекті рет паш етті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу