АҚШ-тың Ауғанстанды өзгерту жоспары сәтсіздікке ұшырады

4206

Ал Ашраф Ғани "экс-президент" деген атауды арқалап, елден қашқан сан мың отандасы мен шетелдіктердің қатарына қосылды.

АҚШ-тың Ауғанстанды өзгерту жоспары сәтсіздікке ұшырады

АҚШ бастаған күштер кетіп, Батыс елдері өз азаматтарын дүйсенбіде жаппай  эвакуациялауға жанталасып жатқанда, тәліптер Кабулдағы президент сарайын бақылауға алып, Ауғанстандағы соғыстың аяқталғанын жариялады, деп жазады  inbusiness.kz тілшісі.

Отставкаға кеткен президент Ашраф Ғани жексенбіде исламшыл жасақтар қалаға кіргенде, қантөгіске жол бермеуді қалайтынын айтып, елден қашып Өзбекстанға жеткен. "Нью-Йорк Таймс" газетінің дерегінше, Ташкентке ол жұбайымен, екі кеңесшісімен барды. Ал, жүздеген ауғандық  шетелге кетуден үміттеніп, Кабул әуежайына ағылып жатыр.

"Бүгін ауған халқы мен моджахедтер үшін тамаша күн. Олар 20 жыл бойғы еңбектері мен құрбандықтарының жемісін көріп отыр. Құдайға шүкір, елде соғыс аяқталды",– деді "Талибан" саяси кеңсесінің өкілі Мохаммад Наим "әл –Жазира" телеарнасына берген сұхбатында.

Жылдар бойы АҚШ пен басқалар миллиардтаған доллар шығындап, жаттықтырған ауған күштері көзден ұшты-қилы жоқ болды. Ал, тәліптерге Кабул мен күллі елді бағындыруға бір аптадан астам уақыт қана қажет болды.

"әл –Жазира" ондаған қарулы жауынгермен бірге президенттік сарайда суретке түскен "Талибан" қолбасшылары жайлы кадрларды көрсетті.

Наим Ауғанстандағы жаңа режимнің формасы жақын арада белгілі болатынын және "Талибанның" оқшауланып өмір сүргісі келмейтінін айтып, әлемдік қауымдастықтықты бейбіт халықаралық қатынастарға шақырды.

"Біз діттеген мақсатымызға жеттік. Ол– еліміздің бостандығы мен халқымыздың тәуелсіздігі. Біз ешкімге өз жерімізде біреуді нысанаға алуға рұқсат етпейміз және басқаларға зиян келтіргіміз келмейді",– дейді Наим.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі дүйсенбі күні таңертең елшіліктің барлық қызметкерінің, соның ішінде елші Росс Уилсонның, эвакуацияны күту үшін Кабул әуежайына көшірілгенін және Америка туының төмен түсірілгенін мәлімдеді.

Эвакуация

Жүздеген ауғандық болса, қараңғыда әуежайдың ұшу-қону алаңына топырлап, соңғы коммерциялық рейстермен елден кетуге асық. Америкалық әскерилер болса, авиациялық терминалды бақылай тұруға ниетті. Өйткені сан мың адамды эвакуациялау қажет болып отыр.

"Олар қалай бұл әуежайды ұстап, ауғандықтарға өз шарттары мен ережелерін қоя алады? Бұл – біздің әуежай, бірақ не қыларымызды білмей тұрғанда, олар дипломаттарын жанталаса көшіріп жатқанын көріп отырмыз", – дейді Пәкістанға қашпақ болған құқық қорғаушы Рахшанда Джилали "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Жапония сияқты 60 -тан астам мемлекет бірлескен мәлімдеме жасап, Ауғанстаннан кеткісі келетін барлық ауғандық пен мен шетелдіктің елден шығуына рұқсат беруге үндеді.

"Ауған халқы қауіпсіздікте абыройлы өмір сүруге лайық. Ал, біз, халықаралық қауымдастық оларға көмектесуге дайынбыз",– деп жазылған ортақ хабарламада.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Ауғанстаннан Қазақстан азаматтары түгелдей кетіп, Кабулда тек елші мен аз ғана персонал елшіліктегі қызметтерін жалғастырып жатыр.

Ресей мен Түркия да дипломатиялық миссияларының жұмыстарын әрі қарай жалғастырып, азаматтарын әкетудің қажеті жоқ екенін жеткізді.

Шариғат

Көптеген ауғандық "Талибан" шариғат немесе исламдық діни заңдарды енгізіп, бұрынғы қатал тәжірибеге қайта оралады деп қауіптеніп отыр. Тәліптер 1996-2001 жылдары билік еткенде, Ауғанстанда әйелдер жұмыс істей алмады және таспен ұру, дүре соғу, дарға асу сияқты жазалар қолданылды.

Дегенмен, радикалдық ұйым бұл жолы әйелдердің құқықтарын құрметтеуге, шетелдіктерді де, ауғандықтарды да қорғауға уәде бере отырып, өздерін мейірімді жандар етіп көрсетуге тырысып отыр.

"Біз барлық ауғандық қайраткерлермен диалог жүргізуге дайынбыз және оларды қорғауға кепілдік береміз",– дейді Наим "әл-Жазираға" берген сұхбатында.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш "Талибанды" және барлық тарапты барынша сабырлық сақтауға шақыра отырып, Ауғанстандағы әйелдер мен қыз-келіншектердің болашағы үшін ерекше алаңдаушылық білдірді.

"Сәтсіз тәжірибе"

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен ABC News телеарнасы тілшісінің: "Персоналмен ұшатын тікұшақтардың суреттері Америка Құрама Штаттарының 1975 жылы Вьетнамнан кетуін еске салады ма" деген сауалына "Бұл Сайгон емес",– деп жауап берді.

Байден АҚШ -тың Ауғанстандағы әскери миссиясын тамыздың 31-іне дейін аяқтайтынын жариялай отырып, бұрынғы республикашыл президент Дональд Трамптың жоспарын жалғастырып, қазір үлкен сынға ұшырап отыр.

Сенаттағы республикалықтар жетекшісі Митч МакКоннелл жексенбіде жасаған мәлімдемесінде Байденді "Америка басшылығын ұятты сәтсіздікке ұшыратты" деп айыптады.

"Террористер мен Қытай сияқты ірі бәсекелестер бүгінде АҚШ тәрізді супер державаның ұятқа қалғанын бақылап отыр", – дейді МакКоннелл.

Наимға оралсақ, оның сөзінше,  "Талибан" Ауғанстаннның ішкі істеріне өзгені араластырмауды және Кабулды да басқалардың саясатына киліктірмеу саясатын ұстануды қалайды.

"Яғни, біз шетелдік күштер Ауғанстандағы сәтсіз тәжірибесін тағы да қайталауға ниетті деп ойламаймыз", – дейді тәліптердің өкілі.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу