АҚШ-тың жаңа бейбіт жоспары Украинаға жақпай тұр

379

АҚШ-тың Украинадағы соғысты бейбіт жолмен реттеуге бағытталған дипломатиялық әрекеттері туралы тағы айтыла бастады. 

АҚШ-тың жаңа бейбіт жоспары Украинаға жақпай тұр Фото: Nathan Howard / Getty Images

CNN және Axios басылымдарының жазуынша, президент Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф қақтығысты тоқтатуға қатысты жаңа жоспарды әзірлеу жөніндегі жұмыстарды басқарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.

Бұған дейін анонимді дереккөздерге сүйенген Axios агенттігі жаңа бейбіт жоспар 28 тармақтан тұратынын, ол төрт негізгі санатқа бөлінетінін жазды. Атап айтқанда, Украинадағы бейбітшілік, қауіпсіздік кепілдіктері, Еуропадағы қауіпсіздік, АҚШ-тың Украина және Ресеймен арадағы болашақ қарым-қатынастары туралы бөлімдер бар. 

Сәрсенбі күні Axios Ресей басып алған украин аумақтары бойынша жаңа мәлімет жариялады. Ақпаратқа сәйкес, жоспар Ресейге Донецк облысының түгел берілуін, Қырым мен Донбассты АҚШ-тың ресми түрде Ресей аумағы деп тануын, Запорожье мен Херсон облыстарында майдан шебін тоқтатуды көздейді.

"Украина және оның одақтастары Ресейге өте үлкен жеңілдік жасалып жатыр деп қабылдауы мүмкін. АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғасының сөзінше, соғыс жалғаса беретін болса, Украина бұл жерлерден бәрібір айырылады, сол себепті келісімге қазір келуді ойлауы тиіс", – деп жазады Axios.

Сонымен қатар Axios жазуынша, жоспар бойынша Украина әскерінің санын екі есе қысқарту да көзделіп отыр. Өз кезегінде АҚШ Украинаға және Еуропаға қауіпсіздік кепілдіктерін беруге дайын, алайда олардың нақты қандай болатыны белгісіз.

Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, Украина президенті Владимир Зеленский Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Рустем Умеровқа Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоффпен бейбіт жоспарға қатысты келіссөздер жүргізу өкілеттігін берген. Украиналық дереккөздің сөзінше, Умеров Уиткоффтан жазбаша ұсыныстар алмаған. Рустем Умеров ауызша айтылған ұсыныстармен келіспеген әрі Украинаның көптеген тармақ бойынша қарсылығы бар екенін жеткізген.

Ал Ресей президенті Владимир Путиннің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев Axios-қа берген сұхбатында жоспарда Мәскеудің ұстанымы алғаш рет ескерілгенін айтты. 

Financial Times және Reuters агенттігінің шолушылары жаңа бейбіт жоспар Ресейдің мүддесіне негізделгенін жазады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу