АҚШ Украинаның тұсауын кесіп, бата бергендей болды

1440

Украинаның Харьков қаласының маңындағы сұрапыл соғыс екі жақтың әскерін де титықтатып жіберді.  

АҚШ Украинаның тұсауын кесіп, бата бергендей болды Фото: РЕН ТВ

Бұған қоса екі жағы ұзақтан соққы жасауды дәстүрге айналдырып алды. Ресей Украинаның қалаларын күн құрғатпай ракетамен атқылайды. Қаза болып жатқан және жараланған бейбіт тұрғындар бар. Жарық, жылу беретін энергетикалық нысандарды қиратып жатыр. Ал Украина Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына, әскери өнеркәсіп нысандарына, әуежайларына дронмен шабуылдайды. Украина өзі өндірген дрондармен ғана шабуылдайды. АҚШ пен Еуропа өздері берген ұзаққа атушы құралдардан Ресей жеріне ракета атуға рұқсат бермей келген. Украинаның дрондары осал емес. Мың шақырым ұзақтағы нысандарға жетіп шабуылдайды. Тіпті Мәскеудің үстіне жетіп шабуыл жасаған сәті де болды.

Осыдан бірер күн бұрын зымыран қаупі жайлы алдын-ала ескерту беретін ресейлік құрылғыға снаряд тиді. Бұл нысан Украинадан 1800 шақырымда.

Алайда Украина Батыс жіберген әскери көмекті Ресей аумағындағы әскер шоғырланған жерлерге, теміржолдар мен қару-жарақ қоймаларына шабуыл жасау үшін пайдалана алмайды. Бұған қару иелері рұқсат бермей келген.

Араға осыншама уақыт салып, АҚШ Украинаға енді ғана өз қаруынан Ресей территориясындағы нысандарды атқылауға рұқсат берді.  АҚШ НАТО-дағы он шақты одақтасына қосылып, Украинаға Ресей территориясындағы кей нысандарға соққы жасауға рұқсат берді. Бірақ өте ұзақтағы нысандарды дәлдеп ататын ATACMS зымырандарын қолдануға әлі де рұқсат жоқ. Тек HIMARS жүйесінің жақын қашықтағы зымырандарын немесе артиллериялық қаруды пайдалана алады. Онда да Харьковтегі соғыстың төңірегінде Ресейдің қару-жарақ қоймасы, басқару және бақылау пунктері мен басқа да әскери нысандарын атқылай алады. Осындай шектеулер бар. Бірақ сарапшылар мұны бастамасы немесе сеңнің қозғалғаны деп айтып жатыр. Келе-келе ATACMS зымырандарымен Ресейдің алыс түпкірдегі әскери өнеркәсіп кешендері мен әскери базаларын атуға рұқсат беруі мүмкін болса керек.

АҚШ президенті Джо Байден Украина Ресей әскеріне қарсы Вашингтон жіберген қару-жарақты пайдалансын деді. Бірақ Байден Ресей аумағындағы нысандарға ATACMS немесе басқа да алысқа жететін зымырандарды қолдануға тыйым әлі де өз күшінде екенін шегелеп айтты.

Украина өте алысқа ұшатын ATACMS кешенін пайдаланып келеді. Бірақ онымен Ресейдің тылындағы нысандарды атқылай алмаған. ATACMS-пен тек  Қырымдағы әскери әуежай мен Ресей басып алған жерлерге соққы жасады.

Ресей бұған дейін Вашингтон Киевке ұзақ қашықтыққа жететін қару-жарақ жіберсе, қызыл сызықтан өтіп кететінін ескерткен. Батыстың әскери көмегі артса да, Ресей қару-жарақ қоймаларына шабуыл жасаған жоқ. Украинаға АҚШ қаруының пайдасы көп тиіп келеді. Қарсы жақтың әскери-теңіз флотын күйретуге және әуежайларды зақымдауға жақсы пайдаланылды. Осыдан бір ай шамасы бұрын

Украина Қырымдағы Джанкой әуежайына соққы жасау үшін ATACMS қаруын қолданды. Киев ATACMS жүйесінің жақын қашықтыққа ұшатын нұсқасын пайдаланып келді. Бірақ Джанкой әуежайына шабуыл кезінде алысқа жететін нұсқасын бірінші рет қолданды.

Украина Қырымдағы ресейлік әскери теңіз нысандарына соққы жасау үшін британ-француз өндірісінен шыққан Storm Shadow зымырандарын іске қосқан еді.

Ал енді атышулы Харьков майданына келсек, мұнда Ресей әскері басым түсті. Мамыр ортасында Ресейдің ондаған мың жауынгері Харьков қаласының солтүстігіндегі шекарадан өтіп, жаңа шабуыл бастаған. Сол тұста соғыс өте сұрапыл болды. Украин командирлері соғыстың әр қиырында жүрген тәжірибелі әскери құрылымдарын жедел түрде Харьков маңына шоғырландырып жатты. Енді жағдай басқаша болады деп жатыр.

Ресей әскері әуе шабуылымен басым түсіп тұр. Украина қорғанғаны болмаса, қарсыласының әуе күштеріне соққы бере алмай келеді. Енді Украина  ATACMS қаруымен Ресейдің әуедегі басымдығын төмендетсе керек. Себебі алыстан әскери әуежайларды атқылайды.

Кім білсін, бұл соғыстың тоқтайтын түрі әзірге көрінбейді. Енді оншақты күннен кейін Швейцарияда Бейбітшілік саммиті өтеді. Саммит Украинадағы соғысты талқыға салады. Бейбітшілік саммиті деп аты айтып тұрғандай, мұнда соғысты тоқтатудың мүмкіндіктері қандай болуы мүмкін екені сөз болар. Бірақ саммит өтті екен деп соғыс тоқтап қалмасы тағы белгілі. Себебі саммитке Ресей билеушісі шақырылмаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу