Ақша десе кей әкім жолдан таяр

2593

Құлқынның құлы болғандардың заңсыз әрекеттері әшкереленді. 

Ақша десе кей әкім жолдан таяр

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова ел аумағында парақорлықпен айналысқан лауазымды тұлғаларға қатысты мәлімдеме жасады.

Ақмола облысы Зеренді ауданының әкімі М.Мұстафин мен оның орынбасары Ы.Мұқашевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын баяндаған ресми өкіл лауазымды тұлғалар 300 гектар жер телімін жалдау мерзімін ұзарту үшін 3 млн теңге пара алды деп күдіктеліп отырғанын еске салды.

"Оқиға орнын тексеру нәтижесінде әкімнен 2 млн теңге тәркіленді, сондай-ақ сериялары бұрын алынған 1 млн теңгемен сәйкес келетін қаражаттың бір бөлігі анықталды", – деді Жанна Бастарова.

Бұдан кейін ресми өкіл Жамбыл облысы Шу ауданының Конаев ауылы мен Павлодар қаласы Ленин кентінің әкімдері пара алды деп күдіктеліп отырғанын жариялады.

"Жамбыл облысы Шу ауданы Қонаев ауылының әкіміне және Шу ауданы әкімдігі қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қонаев ауылының әкімі Шу ауданы әкімдігінің қызметкері арқылы сот шешімі бойынша қызметін тоқтатқан тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын пайдаланған кезде шара қабылдамау үшін жеке кәсіпкерден 200 мың теңге сомасында пара алды деп күдіктелуде. Күдіктілер өз кінәсін толық мойындады және қылмыстық іс жеделдетілген сотқа дейінгі өндірісті жүргізу тәртібімен прокуратураға сотқа беру үшін жолданды. Ал Павлодар қаласы Ленин кентінің әкіміне "Аймақтарды дамыту" мемлекеттік бағдарламасы бойынша жол жөндеуге бөлінген 6,6 млн  теңге сомасындағы бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды. Тергеу жалғасып жатыр", – деді агенттік қызметкері.

Жанна Бастарова Павлодар облысы бойынша төтенше жағдайлар департаменті басқарма басшысының құқыққа қайшы әрекеттерінің жолы кесілгенін жариялады.

"Ол өрт қауіпсіздігі бойынша бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымды мәжбүрлі орындау туралы материалды сотқа жолдамағаны үшін ЖШС өкілінен 500 мың теңге сомасында пара алмақшы болған. Кінәсін толық мойындауына байланысты күдіктіге қатысты процессуалдық ұстау қолданылған жоқ", – деді ресми өкіл.

ҚР ІІМ ҚАЖК "Еңбек-Өскемен" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басқарушы директоры да ақша үшін жолынан тайған екен. Бұл туралы Жанна Бастарова: "ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің "Еңбек-Өскемен" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басқарушы директорына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ол Өскемен қаласындағы "Дружба" саябағын қалпына келтіру бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқаны және аталған шарт бойынша ақша қаражатының қалдығын аудару туралы оң шешім қабылдағаны үшін сенім білдірген тұлғалар арқылы ЖШС директорынан 3,5 млн теңге пара сұрағаны үшін күдікті деп танылуда. Бұған қоса ол іс жүзінде республикалық мемлекеттік кәсіпорында жұмыс істемейтін азаматтарға еңбекақы деп бюджет қаражатын 15 млн теңгеден астам ақша аударғаны үшін айыпты саналып отыр. Күдіктіні қамау шарасы сот арқылы санкцияланды",– деді.

Сөз арасында ресми өкіл Алматы облысы әділет департаментінің атқару өндірісін қамтамасыз ету басқармасының басшысы сот орындаушысының лицензиясын алуға қажетті тағлымдамадан өту туралы құжаттарын ресімдеу үшін жеке тұлғадан 150 мың теңге алғаны және "Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысы жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңімпаз деп тану үшін оның өкілін басқарманың лауазымды тұлғаларына 7 млн теңге пара беруге үгіттегені үшін күдікті деп танылып отырғанын тілге тиек етті.

"Ақтөбе облысының "Облыс бойынша соттар әкімшісі" республикалық мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысына (қазір Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары) қатысты қылмыстық іс тергелуде. Ол Қобда сотының ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша жалған жұмыс актілеріне қол қою арқылы лауазымдық өкiлеттiлігін теріс пайдаланып, мемлекетке 12,6 млн  теңге залал келтірілген. Ал Ақтау қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мемлекеттік мекемесінің басшысы санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды беруге көмектесу үшін жеке кәсіпкерден 150 мың теңге сомасы пара сұрағаны үшін күдікті болып отыр", – деді Жанна Бастарова.

Оның сөзінше, Батыс Қазақстан облысы дезинфекция орталығының басшысы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның шаруашылық бойынша меңгерушісімен сөз байласып, тауарлық-материалдық құндылықтарды заңсыз есептен шығару арқылы 2,1 млн  теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырған деп күдіктелуде. Бұған қоса күдікті республикалық мемлекеттік кәсіпорынның бухгалтері арқылы бағынышты қызметкерлерден бұрын есептелген сыйақы мен іссапар шығындарынан 1,1 млн  теңге ақша алған.

"Алматы қалалық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қоғамға бейімдеу орталығы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директорының да парақорлыққа қатысы бар болуы мүмкін екен. Осы турасында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі былай деді: "Ол 2018 жылғы ақпан, желтоқсан аралығында жалпы қамқорлығы үшін бағынышты қызметкерлерден 1,6 млн теңге сомасында пара алды деп күдіктелуде. Тергеу амалдары барысында аталған лауазымды тұлға кінәсін мойындады".

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу