banner

Ақшаны депозитте теңгемен ұстау тиімді ме?

1199

Қаржыгер кеңестерімен бөлісті. 

Ақшаны депозитте теңгемен ұстау тиімді ме? Фото: google.com

 Жыл соңына дейін инфляция деңгейі 20 пайыздан асады. Ал, мұндай жағдайда қазақстандықтардың өз қаражатын қандай валютада сақтағаны тиімді? Бұл ретте ұлттық валюта құны қандай - inbusiness.kz тілшісі UIB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халықпен сұхбаттасты.

Маманның айтуынша, қазіргі уақытта теңгемен қаражат сақтауға арналған депозиттердің пайыздары өсіп жатыр.

"Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерді. Қазір оның деңгейі 16 %-ға өсті. Нәтижесінде депозиттердің пайыздары да өсіп жатыр. Қазір 17 пайыз, тіпті, одан да жоғары жағдайлары бар. Бұл белгілі дәрежеде теңгелік депозиттерге деген қызығушылықты арттырады, яғни, депозитке теңгемен ақша салсаңыз, табысы да әжептеуір болады деген сөз. Сондықтан да бұл теңгелік жинағы бар азаматтарға тиімді шешім деп айтуға негіз бар", - дейді экономист.

Алайда инфляция биыл қарқынды сипат алып отыр және де көптеген азаматтың жинақтары әлсіреп жатыр.

"Инфляция деңгейі қазіргі уақытта 18,8 %-ға жетті. Жыл соңына дейін 20 %-дан асатыны анық. Енді 17 %-ға сіздің ақшаңыз өскенімен, инфляция 20 % болып жатса, бәрібір сіздің кіріс деңгейіңіздің өспегені. Сонда сіздің жинағыңыз керемет табыс әкеліп жатыр деуге де болмайды. Бірақ ақшаны үйде сейфтің ішінде жинағаннан гөрі депозитке салсаңыз, аз да болсын инфляциядан қорғайсыз", - дейді маман.

Экономист доллар мен еуро валютасы жинақтарына да тоқталды.

"АҚШ-тың өзінде инфляция деңгейі 8 %-дан асып кеткен. Мысалы, осы жағдайды қарасаңыз, доллармен ұстаған қаражатыңыз да 8 %-ға құнсызданып жатыр. Ал оны сіз доллармен белгілі бір банкте ұстасаңыз, банктегі кірістілік 1-1,5 % болып тұр. Сонда доллармен ұстасаңыз, мүлдем ұтылып жатқаныңыз көрініп тұрады. Сондықтан да доллармен сақтау тиімсіз", - дейді Мақсат Халық.  

Елімізде депозиттер бойынша өсім мерзімсіз депозиттерге, сондай-ақ үш және алты айға ашық депозиттерге әсер етті. Шұғыл емес өсім бойынша 1,5 тармақты құрап, 15,5% - ға дейін өсті. Ал жинақ салымдары бойынша ставкалар 1,5% - ға өсті. Мерзімді депозиттер бойынша кірістілік толықтырумен 16% - ға және толтырусыз 16,5% - ға дейін өсті. Ал енді қаражатты қай валютамен жинақтау қажет деген сауалға маман былай жауап берді.

"Қаржыгердің заңы бар. Қашанда бір ұяшықта бүкіл қаражатыңызды сақтамаңыз. Бәрін теңгемен ұстасаңыз, ұтылып қаласыз. Бәрін доллармен ұстасаңыз, тағы ұтыласыз. Өйткені айырбас бағамында ол тез ауытқиды, әсер ететін әртүрлі фактілер бар. Сондықтан да кемі үш валютада ұстауға кеңес беремін. Сонда сіз өз жинақтарыңызды белгілі бір дәрежеде девальвациядан қорғайсыз. Содан кейін, әрине, жинақтарыңыз болса, оны инвестициялаған дұрыс. Құнды қағаздарға, акцияларға, облигацияларға салыңыз. Мәселен, "Қазмұнайгаздың" акциялары халықтық IPO-ға шығарылып сатыла бастады. Біраз қаражатты неге салып қоймасқа? Одан бөлек, алтын сатып алып қоюға болады. Өйткені қатты өзгерістер болып жатқан кезде алтын тұрақтылықты сақтайды. Ұлттық банктің жасап шығарған алтын құймалары бар. Егер ақшаңыз көп болып жатса, 13 келілік құйманы алып қоюға болады. Бірақ та, бүкіл қаражатыңызды бір инструментке салмау керек. Өйткені ертең сізге дереу қаражат керек болса, алтынның өтімділігіі қатты жоғары емес", - дейді маман. 

Сондай-ақ экономист алда келе жатқан жылға болжамымен бөлісті.

"Биылғы жыл негізі тұрақсыздыққа толы болды. Келер жылы да әлемде қаржылық дағдарыстар орын алуы мүмкін. Қазірдің өзінде әлемдік экономикада рецессия, кері сценарийлер орын алып жатыр. Ондай тұрақсыз жағдайда не істеу қажет? Қаржыгердің тағы бір заңы бар: бәрі нарықта сатып жатса, сіз өзіңіздің дүниеңізді сатпаңыз; бәрі нарықта бір дүниені сатып алып жатса, сіз оны алмаңыз. Екі жағдайда да сіз ұтылып қаласыз. Ажиотаждың ішінде міндетті түрде брокерлер, алыпсатарлар жүреді. Олар міндетті түрде бағаны өздерінің ыңғайына қарай құбылтады. Сондықтан, оқырмандарға қаржылық кеңес: егер бәрі барып сатып алып жатса, әліптің артын бағыңыз. Егер бәрі сатып жатса, "мен бұдан құтылайын, ертең бағасы түсіп кетеді" деп, сатып та жіберудің қажеті жоқ. Сол кезде ғана сіз қаржылық дұрыс шешім қабылдаған боласыз", - деп қорытындылады сөзін экономист.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу