"Ақшасын төлесе": Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің ұсынысына Еркебұлан Тоқтар жауап берді

468

Актер әрі ММА файтері жекпе-жекке шығуға қатысты өз шартын қойды.    

"Ақшасын төлесе": Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің ұсынысына Еркебұлан Тоқтар жауап берді Фото: adyrna.kz

Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов актер әрі файтер Еркебұлан Тоқтарға үн қатып, жекпе-жекке шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы Еркебұлан Тоқтар әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.

Актердің сөзінше, Данияр Елеусінов оның суретін жариялап, Олимпиада чемпиондарын төмен санайтын адам ретінде сипаттаған. Осыдан кейін Еркебұлан Тоқтар боксшының жазбасына таңғалғанын айтып, өзінің сұхбаттарында Олимпиада чемпиондарына қатысты теріс пікір білдірмегенін мәлімдеді.

"Мен бұл ағамызға не істеп қойғанымды білмеймін. Сұхбаттарымда Олимпиада чемпиондарына тіл тигізген емеспін. Мүмкін, мені мотиватормен шатастырып алған шығар. Ол кісі – Олимпиада чемпионы. Менің деңгейіме түсіп, менімен қолғап түйістіріп, өз деңгейін түсіретін адам емес еді", – деді актер.

Сонымен қатар Еркебұлан Тоқтар Данияр Елеусіновпен жекпе-жек өткізуге дайын екенін жеткізді. Алайда кездесудің ресми түрде ұйымдастырылғанын қалайтынын мәлімдеді.

"Егер мені ұрғысы келсе, "Рух Боксингке" келіп жұдырықтассақ болады. Олимпиада чемпионы, қазақ ағамнан ұтылу мен үшін ұят емес.

Ал егер халықтың алдында ұрғысы келсе, онда промоутерлерге гонорар, ақшасын төлетіп, ресми түрде жекпе-жек ұйымдастырсын. Ақшасын төлесе, мен шығып беремін. Ондай жағдайда шығуға дайынмын және барынша лайықты өнер көрсетуге тырысамын", – деді Еркебұлан Тоқтар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу