banner

Ақтау автопаркі Атыраудан 30 автобусты жалға алды

8687

Оларды әу баста әкімдікке "Теңізшевройл" сыйлаған болып шықты. 

Ақтау автопаркі Атыраудан 30 автобусты жалға алды

Жақында Ақтау қаласындағы автопарк "Ankai" маркалы отыз бірдей автобуспен толыққан еді. Оны "Каспий" ӘКК "Қазақстанның даму банкі" АҚ лизингтік бағдарламасы бойынша сатып алғаны айтылды. Кейін бұл автобустардың Атыраудан сатып алынғаны белгілі болды. 

Әрі қарай қазбаласақ, әуел баста қоғамдық көліктерді "Теңізшевройл" ЖШС сатып алып, Атырау облысының әкімдігіне берген. Әкімшілік өз кезегінде оны "Атырау" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тапсырады. Ол жерден автобустарды 2019 жылдың шілдесінде "Akzhayik Avtopark" автопаркіне 4 жылға 1 426 532 800 теңгеге лизингке береді де, аталған мекеме 30 автобус үшін ай сайын 27 625 000 теңге төлеп отырады. Бұл жөнінде "Смарт Атырау" КМК хабарлайды. 

Алайда 2020 жылы "Akzhayik Avtopark" ЖШС экологиялық жағынан таза саналатын, метанмен жүретін 170 жайлы автобусты "БРК-Лизинг" АҚ-дан ай сайын 139 626 895 теңгеден төлеп отыратын болып, 7 569 200 000 теңгеге сатып алады. Бұл автобустардың 160-ы қалалық, 10-ы қалааралық бағытқа арналған. Ал қала бойынша қоғамдық маршрутқа қажеттілік 250 дана құрайды екен. Оның үстіне, ай сайынғы соманы төлеп отыру қиындық келтіргесін автопарк "ANKAI" маркалы 30 автобусты Ақтау қаласындағы "Каспий Авто Парк" ЖШС-ына жалға береді. Жалға беру ақысы ай сайынғы лизинг бойынша төленетін соманы толықтай жабады.  

Егер тиесілі мекемелер о бастан осындай ашық есеп бергенде көпшілік тарапынан ешқандай шу көтерілмеген болар еді. Бірақ Ақтау көшелерінде атыраулық нөмірмен жүрген автобустардың шығу төркінін анықтап, олардың компания сыйға тартқан көліктер екенін білген жұртшылық мән-жайды түсіндіруді талап еткенде барып осындай жауап жарияланып отыр. Бұдан бөлек, Атырау тұрғындары облыс қоғамдық көлікпен тегіс қамтылды дегенмен келіспейді. Әсіресе, қала шетіне қатынайтын кей маршруттар бойынша автобус сирек жүреді. 

"Смарт Атырау" КМК директоры Мирас Нысанбаевтың айтуынша, метанмен жүретін экологиялық 160 автобустың қазіргі күні 70-і ғана желіге қосылған. Қалғаны білікті жүргізушінің жоқтығынан тоқтап тұр.

"Бұл мәселе бір ай ішінде шешімін табады", - деп сендіреді автопарк басшысы. 

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу