Ақтауда ТЖМ қызметкерлеріне арналған алғашқы демалыс орталығы ашылды

205

112 Resort Aktau орталығында алғашқы жеті капсулалық үй пайдалануға берілді.  

Ақтауда ТЖМ қызметкерлеріне арналған алғашқы демалыс орталығы ашылды Фото: kaz.inform.kz

Ақтау қаласында Каспий теңізінің жағалауында Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне арналған 112 Resort Aktau демалыс орталығы ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Салтанатты шараға Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, ТЖМ департаменттерінің басшылығы мен ардагерлер қатысты.

Жоба Шыңғыс Әріновтің бастамасымен жүзеге асырылған. Бұл – азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне арнайы арналған еліміздегі алғашқы ведомстволық демалыс орталығы.

Жоба аясында барлығы 45 заманауи капсулалық үй орнату жоспарланған. Қазір олардың алғашқы жетеуі пайдалануға берілді. Әр үй бір отбасының демалуына арналған және тұрмыстық техника мен қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Демалыс орталығында қонақтарға қажетті жағдай жасалған. Аумақта бақылау-өткізу пункті, әкімшілік ғимарат, мейрамхана, кафе, балалар ойын алаңы, екі субұрқақ, пирс, теңіз суы үздіксіз айналып тұратын бассейн және балалар бассейні, ашық аспан астындағы душ, барбекю аймағы мен автотұрақ бар.

Орталық аумағы абаттандырылып, асфальтталған кіреберіс және жаяу жүргіншілер жолдары салынған. Сыртқы жарықтандыру орнатылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Нысан қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен де қамтылған.

Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Маңғыстау облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағы мен Апаттар медицинасы орталығы қызметкерлеріне арналған жеке үй салынған. Мұнда мамандар тәулік бойы кезекшілік атқарады.

Ашылу рәсімінде жобаны жүзеге асыруға белсенді атсалысқан құтқарушылар, азаматтар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен кәсіпкерлер ТЖМ ведомстволық наградаларымен марапатталды.

Министрлік мәліметінше, орталықтың алғашқы қонақтары оның құрылысы мен абаттандырылуына тікелей қатысқан құтқарушылар, өрт сөндірушілер және олардың отбасы мүшелері болады. Оларға демалыс сертификаттары табысталды.

Ведомствоның хабарлауынша, 112 Resort Aktau орталығы ТЖМ-нің әлеуметтік саясаты аясында қолға алынған. Жоба қызметкерлерді әлеуметтік қолдауды күшейтіп, олардың және отбасы мүшелерінің демалып, күш-қуатын қалпына келтіруіне жағдай жасауға бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу