Ақтауға қатынайтын "Ұлы Петр" круиз лайнері биыл Каспий айдынына шықпақ

4020

Қазақстанда жаңа порт – Атырау теңіз порты пайда болады.

Ақтауға қатынайтын "Ұлы Петр" круиз лайнері биыл Каспий айдынына шықпақ Фото: canva.com

Еліміздің Көлік министрлігінің мәліметінше, Каспийде туристік кластерді дамыту мақсатында осы теңізге "Петр Великий" атты круиз лайнері жіберілетін болады.

Ол негізінен Каспий жағалауындағы елдер арасында, соның ішінде Ресейдің Астраханы (Аштархан) мен Қазақстанның Ақтау қаласы арасында қатынайды.

Астрахань қаласындағы кеме құрастыру зауытында тұрғызылған төрт палубалы лайнерге РФ иелік етеді. Солтүстік көрші бұл лайнерінің мәртебесі мен деңгейі бес жұлдызды қонақүйге сәйкес келетінін мәлімдеді. Оның ішінде бассейн, театр, СПА-салон, мейрамхана-гриль, көптеген балкондар болады.

"Каспийде теңіз круизін іске қосу Маңғыстау облысындағы порттық және сервистік инфрақұрылымның соған дайын болуын талап етеді. Атап айтқанда, қазақстандық тарап ірі круиз кемелерін қабылдауға, оларды азық-түлікпен, керек-жарақпен тез арада қамтамасыз етуге және басқасына қабілетті болуға тиіс. Осы мақсатта Ақтауда Теңіз вокзалы салынуы керек", – деп түсіндірді Көлік министрлігі.

Ведомствоның дерегінше, сондай-ақ Маңғыстау өңірінде жолаушылар кемелері тұрақтайтын ауқымды айлақ жасақталуы шарт.

Бұдан бөлек, теңіз өткізу пункті салынып, сол арқылы шетелдік қонақтарды визалық қолдау, көші-қон, кеден және басқа да бақылау түрлерін жүзеге асыру қажет етіледі.

Бұл іс-шаралар ведомство әзірлеген "Құрық портын логистикалық кластер ретінде қалыптастыруды да қамтитын теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарына" енгізілді.

Мысалы, онда 2026 жылға дейін Теңіз вокзалының және оның барлық инфрақұрылымының құрылысын аяқтап, түпкілікті қолданысқа бері жоспарланған. Елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа сипаттағы вокзалдың ел бюджетіне қаншаға түсетіні әзірге белгісіз: сомасы "жобалау құжаттамасы әзірленген соң" нақтыланады. Қаржыландыру көзі ретінде жергілікті және республикалық бюджет көрсетілген.

Жауапты органдар ретінде Маңғыстау облысының әкімдігі, Өнеркәсіп және құрылыс, Туризм және спорт министрліктері белгіленді.

Әзербайжанның Azertag (Азертадж) агенттігінің хабарлауынша, Мәскеу тарапы "Петр Великий" круиз лайнері Баку портына биылғы 2024 жылы кіретіні туралы құлағдар етіпті. Бірақ нақты датасы бекітілмеген.

"Ресейдің өзінде тұрғызылған тұңғыш "Ұлы Петр" круиз лайнері Каспий мен Қара теңізде жүзуді 2024 жылы бастайды. Теңіз сапары аясында кеме Әзербайжанның Баку, Қазақстанның Ақтау, Түрікменстанның Түркменбашы және ресейлік Махачкала порттарына соғады. Бұл лайнердің құрылысы өңірдегі туризм үшін маңызды оқиғаға айналады және Каспий жағалауы елдері арасындағы барыс-келісті және туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қызмет етеді", – деп жазады "Азертадж".

Дегенмен, Ресей туроператорларының қауымдастығы (АТОР) ресейлік турфирмаларға бұл мерзімнің тағы жылжытылуы мүмкін екенін ескертті. Өйткені РФ дәріптеген жолаушылардың еңселі кемесі о баста 2023 жылы жолаушылар тасымалына кірісуге тиіс болыпты. Бірақ құрылысы тым ұзап кетіп, оны тұрғызу бақандай 7 жылға созылды.

"Ұлы Петр" аталған, PV300VD жобасындағы круиздік кемені құрастыру астрахандық "Лотос" кеме жасау зауытында 2016 жылғы тамызда басталды. Оған Мостурфлот операторына қарасты "Мәскеу өзен пароходтығы" (Московское речное пароходство) тапсырыс берген.

Лайнердің құрылысы 2023 жылдың екінші жартысында ғана тәмамдалуға таяды. Содан былтырғы 22 тамызда "Ұлы Петрді" Астрахань облысындағы Нариманов қаласында орналасқан "Лотос" зауытының акваториясынан шығарып, Еділ өзенінің бойымен 29 тамызда Астрахань қаласындағы АСПО (Астрахань кеме жасау өндірістік бірлестігінің) өндірістік дивизионының аумағына жеткізу бойынша технологиялық операция жүргізілді. Сол жерде құрылысын аяқтау және сынау жүзеге асырылды.

РФ ақпарат құралдарының мәліметінше, "Ұлы Петр" бастапқыда Еділ (Волга) бойымен жүзеді деп қарастырылған. Бұл жағдайда жоба өзін-өзі ақтамайтын болғандықтан, оны халықаралық маршрутке – үш теңізге шығару бойынша өршіл жоспар белгіленіпті. Алайда олардың ішінде жалғыз Каспийдің айдыны ғана тыныш. Қара теңіздің және Азовтың ресейлік бөлігі Украина арасындағы соғысқа тартылған.

АСПО аумағында круиздік лайнердің борты барлық қажетті жабдықтармен, интерьермен, жиһазбен жасақталды және ақырғы жүзу сынақтарынан өтеді. Бұл сынақтар бірнеше кезеңнен тұрады және теңізде де, өзенде де өткізіледі. Ресейлік сарапшылардың сендіруінше, оны жасаудың негізгі жұмысы аяқталды.

РФ туроператорлары қауымдастығының хабарлауынша, "Ұлы Петр" алғашқы круизіне 2024 жылғы туристік маусымда аттанады деп жоспарлануда. Бірақ "гәптері" бар: үлкен кеменің жүйелері барлық тексерулерден табысты өтіп, қауіпсіздігін дәлелдеуі керек.

Дегенмен, оның құрылысы Мәскеудің кең ауқымды соғысына дейінгі кезеңде басталғандықтан, жүйелері де импорттық, батыстық болып келеді. Бұзылса, жабдығын табу күрделі болуы мүмкін.

"Алдын ала кесте бойынша оның маршруті 4 теңіз бен 6 елге дейін қамтиды. Бұған Ресей, Иран, Әзербайжан, Түрікменстан, Қазақстан, тіпті Түркия кіруі ықтимал. Круиздік нарық үшін бұл көптен күтілген оқиға. Еске сала кетсек, бұл лайнердің құрылысы сонау 2016 жылы басталды. Алайда жұмыстарының аяқталуы техникалық себептерге байланысты бірнеше рет кейінге шегерілді. Айтпақшы, оның "өзендік" нұсқасының – "Мустай Карим" теплоходының іргесі 2017 жылы қаланған еді. Ол 2020 жылы круиз сапарларына кірісіп те кетті", – деп түсіндірді АТОР мамандары.

Каспий круизінің бағасын Ресей белгілейді.

"Круиздік лайнердің жолдамасының бағасы әлі күнге белгісіз. Мысалға алсақ, "Мустай Каримде" жүзу 2024 жылы – бір адамға 13 мың рубльден басталады. Бұл – Ресейдің ішіндегі сапар ғана екенін ескертеміз. Яғни, оған өзге елдердің аумағындағы порттық және басқа алымдар кірмейді. Сонымен қатар, Сочиден Түркия, Мысыр, Израильге туристерді таситын "Астория Гранде" лайнеріне бір адамға билет құны тәулігіне 17 мың рубльден (шамамен 85 мың теңгеден) жоғары. "Ұлы Петрде" баға осы цифрларға жуықтайтын шығар. Бұл жерде ақырғы баға Каспий жағалауындағы мемлекеттердің Ресеймен туризм саласында қаншалықты жақын байланысқысы келетініне тәуелді болмақ", – деді қауымдастық мамандары.

Ресейлік сарапшылар "Ұлы Петрдің" жолы болғыш еместігіне назар аудартады. Бірінен соң бірі бой көрсеткен ақаулардан, техникалық іркілістерден соң 2021 жылы "Петр Великийдің" суға технологиялық шығуы жүзеге асырылған. Содан кері қайтаруға тура келіпті. Артынша алғашқы іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілді және винттік-рөлдік кешені сынақтан өткізілді.

Бәрібір 2022 жылдың наурызында кеме тек 90% дайын болды. Ресейлік ірі круиздік лайнер 2023 жылдың тамызында сапарлауын бастайды деп жоспарланып еді. Содан амалсыз, лайнерді пайдалану мерзімі 2024 жылға қалдырылды.

"Ұлы Петр" құрылысы жүрген жеті жылда оның салқыны кәсіпорындарға да тигенге ұқсайды: оны құрастырған "Лотос" зауыты және АСПО кіретін "Объединенная судостроительная компания" (ОСК) борышқа белшесінен батып, дәрменсіз жағдайға жетті. 2023 жылы ОСК "ВТБ банкінің" сенімді басқаруына берілді. Банк оның басшылығын тегіс өзгертіп шықты.

"Мерзімдердің созбалаңға салынып, жылжуына жеткізушілердің ауысуы да ішінара түрткі болды. Бастапқыда лайнердің барлық дерлік жабдықтары импорттық болды. Тіпті қымбат жиһаздары мен интерьерлік заттарына дейін шетелде тапсырыс берілген. 2022 жылдан кейін оларға балама іздеуге тура келді. Бірақ сапасы жөнінен батыстық биік деңгейге толық сәйкес келетін баламаны табу оңай болмай шықты. Әйтсе де, қорытындысында лайнер өте әдемі болып шықты. Ол болашақ жолаушыларды түңілтпейді деген үміттеміз", – деді "Мостурфлот" компаниясының даму жөніндегі директоры Светлана Гончарова.

Оның айтуынша, круиздік лайнер үш-төрт теңізге бағдарланғанымен, негізгісі – Каспий болады. Сондай-ақ ол қажет болса, Ресейдің ішкі өзендерімен де жүзе алады.

"Каспий теңізінде қазіргі кезде халықаралық рейстерді орындайтын туристік флот жоқ. Ендеше бұл барлық елдер үшін бірегей ұсыныс болады", – деді Гончарова.

Әрине, егер сынып, бұзылып тұрып қалмаса. Ресейлік сарапшылар жаһандық империя саналған Кеңес одағының өзі жолаушылардың алып лайнерлерін шетелдік кеме тұрғызушы зауыттарда, негізінен, социалистік лагерь елдерінде жасағанын еске салады. "Ұлы Петр" бұл тұрғыда, Ресейдің тұңғышы. Әлеуметтік желіні пайдаланушылар орыс мәтелі бойынша "тұңғыш құймақ – шикі қамыр" болып шығатынын әзілдей еске салды.

Қалай болғанда, Астрахань облысының губернаторы Игорь Бабушкиннің айтуынша, Қазақстан, Иран және Түрікменстан елдеріндегі серіктестер баламалы, жаңа круиздік маршруттерді қарастыруға дайын.

Мысалы, Қазақстан Атырау портын қайта жандандыру ісін қолға алуда. Әзірге ол мұнай тасымалы үшін қолданылмақ.

"Атырау өзен портын модернизациялау жұмыстары жүргізіліп, бұл маршрут Транскаспий халықаралық көлік бағытына қосылатын болады. Осы мақсатта келешекте кеме жүру параметрлерін тиісті деңгейде ұстау үшін тереңдеткіш техника сатып алу жоспарлануда. Аталған жобаны іске асыру KPI және ТШО сияқты компаниялардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасайды. Тасымалдың болжамды көлемі – шамамен 1 миллион тонна", – деп хабарлады Көлік министрлігі.

Бұдан бөлек, өзендегі кеме қатынасының одан әрі дамуына септігін тигізетін негізгі бағыттың бірі – "Жайық–Каспий" каналы арқылы экспорт тасымалын қайта қалпына келтіру болмақ. Биыл бұл каналда тереңдету жұмыстары басталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу