"Ақтөбе" чемпион бола ала ма? 25-тур бәріне нүкте қояды

1652

Қазақстан біріншілігінің 24-тур ойындары аяқталды. Енді кім чемпион болуы мүмкін?

"Ақтөбе" чемпион бола ала ма? 25-тур бәріне нүкте қояды

Бүгін Қазақстан чемпионатының 24-тур ойындары түгелімен аяқталды. "Тараз" командасы өз алаңында "Каспийді" қабылдап, тең түсті. Соңғы ойындарын жеңіліп қалған қос ұжымға осы матчта ұпай ауадай қажет еді. Алайда, екі ұжым деңгейлес екені анық байқалды. Алдымен, алаң қонақтары "Каспий" командасы гол салды. Жылдам шабуылдың барысында қақпашыдан қайтқан допты Әлішер Сүлей голға айналдырды. Жамбылдық футболшы қазір Ақтау қаласының командасында тер төгіп жүр. Соққан голы үшін жанкүйерлерден кешірім сұраған Әлішер шапшаң футболшы екенін байқатты. "Тараз" футболшылары мінез көрсетіп, кейіннен таразы басын теңестірді. Гол авторы өткенде ғана Қазақстан ұлттық құрамасында дебют жасаған – Абылайхан Жұмабек.

Одан кейін басталған "Ақсу" - "Ордабасы" ойыны да тең аяқталды. Бұл матчтың бірінші таймы өте қызықты болды. Павлодарлық клубтың шабуылшысы Тони Сильва шеберлігімен көзге түсіп, есеп ашты. Бірақ, "Ордабасы" бірден есепті теңеп тастады. Дмитрий Бородин ұрымтал сәттен мүлт кетпеді. Үш минуттан кейін Ғафұржан Сүйімбаев алаң иелері үшін тағы бір гол салды. Қорғаушы "Ордабасы" футбол мектебінің түлегі екенін де айта кетейік.

Тайм аяқталар тұста белоруссиялық шабуылшы Александр Батищев қақпадан саңлау тапты. Есеп 2:2. Бұл тек қана бірінші таймның көрсеткіші еді. Екінші таймда жанкүйерлер одан әрі әдемі голдар тамашалаймыз деп ойлаған болуы да мүмкін. Алайда, олай болмай шықты. Матч осы күйі тең болып аяқталды.

Жарыс күнінің соңғы матчы Ақтөбе қаласында өтті. Жергілікті команда түркістанның "Тұран" командасын қабылдады. Алғашқы 15 минутта алаң иелері жанкүйер қолдауымен екі гол салды. Алғашқысын Жерар Гоу, екіншісін Әлібек Қасым пенальтиден соқты. Алайда, ойын тәртібін бұзған Бауыржан Байтана қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Одан кейін "Тұран" қатарынан 2 рет Покатилов қақпасын дәл көздеді. Екінші таймда төреші Георгий Московченко тағы бір пенальти белгіледі. Оны әдеттегідей Әлібек Қасым орындады. Нәтижесінде 3:2 есебімен "Ақтөбе" жеңіске жетті.

Енді "Ақтөбе" мен "Астананың" арасын қайтадан бір ұпай бөліп тұр. Чемпионат аяқталуға 2 тур ғана қалды. "Ақтөбе" 29 қазан күні сырт алаңда "Ордабасымен" кездессе, "Астана" Петропавл қаласында "Қызылжарға" қонаққа барады. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу