Ақтөбе қуат тапшылығынан қашан құтылады?

4959

Будандастырылған батарея жүйесі күн мен желден бірдей қуат алады. 

Ақтөбе қуат тапшылығынан қашан құтылады?

Өндірістік аймақ саналатын Ақтөбе облысында энергияның бір бөлігі әлі күнге дейін  сырттан тасымалданады екен. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы энергетика бөлімінің басшысы Ербол Нұрқасымұлының айтуынша, өңірдің электр станциясы сұраныстың 67%-ын ғана қанағаттандырады екен. Қалған қуат көзінің бір бөлігі Қостанай облысының "Жетіқара-Өлке" электр станциясы мен Ресейдің Новотройцк, Орск қаласының электр станциясынан жеткізіледі. "Өткен жылы  жергілікті желіден өндірілген энергияның жалпы жиынтығы 3 146,2 млн кВт/сағ құрады. Ал энергия тапшылығы 245 МВт-қа пара-пар болды. Бұл көрсеткіш аймақта баламалы қуат көзін дамытудың маңызды мәселе екенін көрсетіп отыр", – деді энергетика бөлімінің басшысы.

Азиядағы ең ірі жел электр станциясы салынады

Халықаралық энергетика агенттігінің дерегіне сүйенсек, әлемде жыл сайын электр қуатына деген сұраныс өсіп келеді. Мәселен 1990-2008 жыл аралығында энергия пайдалану деңгейі жан басына шаққанда 10%-дан асса, соңғы уақытта тағы бірнеше есеге көбейіпті.

Энергияға деген сұраныстың артуы оның тапшылығын тудыруы мүмкін. Бұдан баламалы энергетиканы дамыту арқылы ғана шығуға болады. Қазіргі таңда әлем осы мәселеге ерекше назар аударып жатыр. Бұл cұрақ біздің елдің де назарында тұрған көрінеді.

Ақтөбе облыстық  өнеркәсіптік-инновациялық даму басқармасы инвестиция бөлімінің жетекшісі Алмас Мұңлықовтың мәліметінше, өңірде баламалы энергетиканы дамыту бойынша бірқатар ірі жоба іске асырылады. "Үкіметтің "2020 жылға арналған Қазақстанның баламалы энергетиканы дамыту" бағдарламасына 2 жоба енді. Оның бірі – Қарғалы ауданының Кемпірсай ауылы маңынан салынатын 300 МВт-тық жел электр станциясы. Құны 600 млн долларды  құрайтын жобаны "KimpersayEnergy" ЖШС  жүзеге асырады.

Жобаның бірінші кезеңі биыл жүзеге асуға тиіс болатын. Алайда қаржы нарығындағы бағаның тұрақсыздығы мен теңгенің құнсыздануы сынды сыртқы құбылыстар жобаның мерзімінен кеш басталуына себеп болыпты. Баламалы энергетика бойынша алғашқы жобаны осы жылдың бірінші жартыжылдығында бастау жоспарланып отыр. Серіктестіктің 300 МВт-қа қосылуы бойынша "KEGOK" АҚ сонымен қатар Инвестиция және даму министрлігімен келісілген зерттеу және техникалық экономикалық негіздемесі бар, – деді Алмас Мұңлықов

Жобаның бірінші кезеңінде, яғни 2017-2018 жылы электр станциясы 100 МВт-тық қуат өндіреді. 2020 жылға дейін бұл көрсеткішті сатылап өсіріп, 300 МВт-қа дейін жеткізу жоспарланған. Бұл – жобаның екінші кезеңі жүзеге асқанда қаламызда Азиядағы ең ірі электр станциясы пайда болады деген сөз", – дейді Алмас Мұңлықов.

Ақтөбеде баламалы қуат көзін дамыту бағдарламасына енген екінші жоба – Бадамша жел электр станциясы. Қуаттылығы 96 МВт-тық электр станциясы  Қарғалы мен Хромтау ауданының қиылысына салынады. Жобаның құны – 125 млн доллар.

"Қарғалы мен Хромтау ауданының маңы жел электр энергиясы қондырғыларын орнатуға өте қолайлы. Себебі бұл аймақта тұрақты жел ағымы бар, – дейді  инвестиция бөлімінің жетекшісі Алмас Мұңлықов.   

Будандастырылған жүйе несімен ерекшеленеді?

Ақтөбеде баламалы қуат көзін өндірумен айналысатын тағы бір серіктестік бар. Ол – "Basis Group KZ" ЖШС. Бұл серіктестік жел мен күннен қуат алатын фотоэлектрлік модуль, яғни қуат батареясын орнатумен айналысады.  Мұндай батарея электр жарығы жоқ аймақ үшін өте пайдалы. Үйдің немесе қораның төбесіне орнатылатын батарея күн мен желден қуат алып жұмыс істейді. 2010 жылдан бері батыс өңірінде осындай 150 жоба жүзеге асырылыпты. Серіктестік директоры Естай Сейсенбаевтың айтуынша, Ақтөбе өңірі жел, күн электр станциясын орнатуға аса қолайлы аймақ емес.

"Ақтөбенің Хромтау ауданында ғана жел электр станциясын орнатуға болады. Қалған өңірлерде желдің ағымы нашар. Ал күн батареясының  жұмыс істеу қарқыны жаз айында ғана жоғары. Себебі қыста күннің шығуы сирек. Сондықтан біз батареяның барлығын будандастырылған жүйе бойынша орнатамыз. Яғни ол күннен де, желден де қуат алады. Көбінесе малшылардың үйі мен қорасына немесе вагондарына осындай  энергия үнемдегіш батарея қондырып береміз", – дейді Естай Сейсенбаев.

Серіктестік қондырғының негізгі бөлшегін Германия, Ресей және Қытайдан алады. Нарықтағы бағаның тұрақсыздығына байланысты қазір күн батареясының құны қымбаттаған көрінеді. Осыдан 2 жыл бұрын 1 КВт-тың құны 800 мың теңге болса, қазір 1 млн 800 мың теңге тұрады екен. Егер тапсырыс берушінің вагонын өздері құрастырып, жабдықтайтын болса, онда қызмет көрсету құны  2-3 млн-ға  жетеді.  

"Қазір сатып алушыларға күн батареясының бағасын айтуға ұяламыз. Себебі нарықтағы бағаның шарықтап кетуіне байланысты күн батареясының бағасы күрт қымбаттады. Қомақты қаржыға кез келген шаруа қожалығы күн батареясын сатып ала алмайды", – дейді Естай Сейсенбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу