"Ақтөбе" күміс жүлдегер, "Қызылжар" орнын сақтап қалды

1187

​Бүгін Қазақстан чемпионаты аяқталды. Кім қай орында деп ойлайсыз?

"Ақтөбе" күміс жүлдегер, "Қызылжар" орнын сақтап қалды

"Астана" командасы сырт алаңда "Шахтерді" 3:2 есебімен жеңіп, Қазақстан чемпионы болды. Матч басында төреші пенальти белгіледі. Оны Марин Томасов голға айналдыра алмады. Кейіннен төреші тағы бір пеналтьи белгіледі. Оны Педро Эуженио теуіп, голға айналдырды. "Астана" Қазақстанның 7 дүркін чемпиьоны атанып, келесі жылы Чемпиондар лигасына қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Осы матчпен қатарлас өткен "Ақтөбе" - "Қайрат" ойыны тартысты өтті. Ойынның бастапқы бөлімінде Артур Шушеначев алыстан жойқын соққы бағыттады. Оны Стас Покатилов әдеттегідей қайтара алмады. Одан ұшқан допқа бірінші жеткен Жоао Пауло есеп ашты. Одан кейін жергілікті жанкүйердің қолдауынан күш алған ақтөбеліктер таразы басын теңестірді. Әлібек Қасым пенальтиден гол салды. Кейіннен бразилиялық легионер Шина арты-артынан 2 доп соғып, алаң иелеріне сенімділік әперді. Екінші таймда алаңға алмасып шыққан Арман Кеңесов есепті 4:1-ге жеткізді. Осы жеңістің арқасында "Ақтөбе" Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Қостанайдың "Тобылы" сырт алаңда "Ақжайықты" 3:1 есебімен жеңіп, қола жүлдегер атанды. Ал "Ақжайық" Қазақстан премьер-лигасынан шығып кетті. 14 команданың ішінде 14 орын алған оралдық клуб жанкүйерлер тарапынан қатты сынға ұшырайтыны анық. Алайда, бұл команда Қазақстан кубогының финалына жолдама алғанын да ұмытпайық. "Тараз" - "Тұран" ойыны 2:3 нәтижесімен аяқталды. Түркістандық клуб та Бірінші лигаға түсіп қалды. Енді келесі жылы олар төменгі дивизионда ойнайды. Ал "Тараз" бұл матчтағы негізгі мақсаты – 6 доп айырмасымен жеңілмеуді орындады. Сөйтіп, орнын сақтап қалды.

"Ордабасы" "Мақтааралмен" тең ойнап, 5 орынды қанағат тұтты. Ал өзінің жеке базасы жоқ, премьер-лигада ойнайтын стадионы жоқ "Мақтаарал" премьер-лигада қалып отыр. Жалпы, мұндай жағдаймен бұл команда түбі ұзаққа бармасы анық. "Атырауды" өз алаңында 2:1 жеңген "Ақсу" үздік алтылықты қорытындылады. Павлодардың командасы премьер-лигадан шығып қалатындардың қатарында жүрген жерінен көтеріліп алды. Бұл матчта голдарды жергілікті футбол мектебінің түлегі Мирас Тұрлыбек пен Арман Смайлов соқты. "Атырау" сапында Атырау футбол мектебінің өкілдері алаңға шыққан жоқ. Олардың орнына бапкерлер сапалы легионерлерді шығарғанды жөн санады.

Ермұхаимед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу