Бүгін, 24 шілде "Ақтөбе" футбол командасы Қобыланды батыр атындағы стадионда Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчта чехиялық "Спарта" клубын қабылдайды.
"Ақтөбе" биылғы еурокубоктық маусымын Еуропа лигасында бастаған болатын. Алайда бірінші іріктеу кезеңінде польшалық "Легияға" екі матчтың қорытындысы бойынша (0:2) жол беріп, жарысты Конференциялар лигасының екінші кезеңінде жалғастырып отыр.
Ал, "Спарта" үшін бұл ойын 2025/26 маусымындағы еурокубоктардағы алғашқы матч болмақ.
Бүгінгі матчтың жеңімпазы Конференциялар лигасының үшінші кезеңінде "Арарат-Армения" – "Университятя Клуж" (Румыния) арасындағы ойынның жеңімпазымен сынға түседі.
Жалпы, биыл еурокубок турнирлерінде Қазақстан намысын төрт клуб қорғаған болатын. Алайда олардың бірі – шымкенттік "Ордабасы" жарыс жолын ерте аяқтады. Команда Конференциялар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде грузиялық "Торпедоға" есе жіберіп, турнирден шығып қалды.
"Ақтөбе" – "Спарта" кездесуінің тікелей трансляциясы Қазақстан уақыты бойынша сағат 21:00-де басталады. Ойынды "Qazsport" телеарнасынан тамашалауға болады.