"Ақтөбе" "Шахтерды" жеңіп, көш бастады

2198

Карпович жаттықтыратын команда турнирлік кестеде бірінші орынға көтерілсе, ал Вахид Масудов дебюттік ойынында жеңіліп қалды.

"Ақтөбе" "Шахтерды" жеңіп, көш бастады

"Шахтер" Қазақстан Премьер-лигасының он алтыншы турында "Ақтөбені" қабылдады. Матч Қарағандыдағы "Шахтер" стадионында өтіп, 2:3 есебімен аяқталды. Кездесудің 12-минутында Тимур Досмағамбетов пенальтиді сәтті орындап, командасын алға шығарды. Бірінші тайм аяқталар тұста Роман Мұртазаев ойындағы екінші голды соқты. 54-минутында Әлібек Қасым да пенальти тебу құқығына ие болып, мүмкіндігін мүлт жібермеді. 75-минутта қосалқы құрамнан алаңға шыққан Жерар Гоу таразы басын теңестірді. Он минуттан кейін Уго Видемон жеңіс голын соқты. Осылайша, "Ақтөбе" 26 ұпай жинап, турнирлік кестеде көш бастады. "Шахтер" 17 ұпаймен тоғызыншы орында қалды. Кездесу аяқталған соң "Ақтөбе" қорғаушысы Әділхан Таңжарықов қарағандылық "Шахтёрға" қарсы өткен матч (3:2) біткен соң өз эмоцияларын жасырмады.

"Құттықтап жатқан жандардың бәріне көп рақмет! Мен де біздер үшін уайымдап, қолдауын аямаған жанкүйерлерімізді құттықтағым келеді. Өте ауыр және шиеленісті ойын болды. Екі голды да өз қателігіміздің салдарынан өткізіп алдық деп ойлаймын. Қарсылас негізі артық ешнәрсе жасай алмады. Өзімізге өзіміз қиындық тудырсақ та, қаһармандық танытып жеңісті жұлып әкеттік.

Иә, алғашқы таймда сәл бәсеңдеу ойнаған болармыз. Асып-саспай шабуылдауымыз керек болатын. Бірақ гол соғатын жақсы мүмкіндіктеріміз де бірінші кезеңде аз болмады. Тек жүзеге асыра алмадық. Бапкерлеріміз үзілісте дұрыс сенім ұялата білді деп санаймын. Тағы бір айтып өткім келгені, бүгін анамның туған күні еді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сүйікті анашымды туған күнімен құттықтасам деймін. Бүгін жеңіске жетсек екен деген едім. Құдайға шүкір, қолымыздан келді. Өте қуаныштымын. Бұл жеңісті анама арнасам деймін", – деді Әділхан Таңжарықов.

Сонымен қатар 16-тур аясында "Атырау" мен "Тараз" кездесті. Атырау қаласында өткен кездесу тең аяқталды. Бесінші орында тұрған Тараз Жеңіске жеткен жағдайда үздік үштік қатарына енуі мүмкін еді. Бұл матчтан кейін жамбылдықтардың еншісінде 23 ұпай бар. "Атырау" 21 ұпай жинап, жетінші орында қалды.

Айта кетейік, "Атырау" 7 мамыр күні оныншы турда Алматыда "Қайратты" жеңгеннен (3:0) бері, ал "Тараз" төрт матчтан бері (15 мамырдан кейін) жеңіске жете алмай келеді.

Ермұхамед Мәулен        

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу