Ақтөбедегі газ тапшылығын ұлттық бюро тексереді

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
5744

Мекеменің екі қызметкері тексеру өткізу үшін Ақтөбе облысына жіберілді.

Ақтөбедегі газ тапшылығын ұлттық бюро тексереді

ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев мекеменің екі қызметкері соңғы уақытта газды сатуда іркіліс байқалған Ақтөбе облысына жіберілгенін хабарлады. 

"Облыста тіркелген 4 газбен жабдықтау компаниясы бар.  Ай сайын министрлік облысқа 5200 тонна сұйық газ бөледі, CNPC мен "АқтөбеМұнайГаз" 100%-ға газ берді. Облыстың компаниялары газды сатып алып, бөлшектеп сату орындарына сатады. Наурыз айында олар 5 мың тоннадан астам газ сатып алды, бірақ олар оны қайда жібергенін тексеру керек. Сондықтан мен бүгін екі лауазымды тұлғаны Ақтөбе облысына жібердім. Келесі отырыста есеп береміз", – деп мәлімдеді ол сейсенбі күні өткен үкімет отырысында.

Бұл мәселені жоспарланған күн тәртібіне дейін талқылауды ұсынған ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, өз кезегінде, өңірде газдың жетіспеушілігі тұрақты түрде байқалатынын атап өтті.

"Аталған мәселе биылғы жылы пайда болған жоқ, ол жыл сайын шығады. Әлде бізде газ не бензин жетіспей ме? Барлығын жоспарлау керек. Алдын-алу жұмыстарын әкімдікпен бірлесіп жүргізу керек. Егер, әкім айтқандай, газдың қоры облыс ішінде сатылмай, басқа жаққа сатылса, онда тиісті шара қабылдау керек, бұл істі аяқсыз қалдыруға болмайды", –деді ол.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бұл мәселені бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро қолға алатынын атап өтті.

"Кеше "АқтөбеМұнайГаздан" 800 тонна газ алдық. Газ сататын мекемелер өзінде бар газды сатпай отыр. Бас прокуратураға, ұлттық бюроға тапсырма бердік, қазіргі кезде шара қолданылуда. Бүгінгі күннен бастап біздің облыс бойынша ешқандай қиындық туындамайды деп ойлаймын", – деп сендірді ол.

Еске сала кетейік, Наурыз мерекесі кезінде көптеген автогаз құю бекеттерінде газ жоқ болып шықты. Қолма-қол ақшаға газ алуға болатын жерлерде Ақтөбенің жүргізушілері бірнеше сағат бойы ұзын сонар кезек күтіп тұрды. Бірақ негізінен автогаз құю бекеттерінде көгілдір отын талондар бойынша сатылды. Мұндай жағдай Ақтөбеде осы жылдың маусым айында, кейін шілдеде орын алған болатын, осыдан соң газдың бағасы бірте-бірте қымбаттай бастады.

Өңірде квота, яғни энергетика министрлігінің бұйрығымен бөлінетін ай сайын Ақтөбе облысына сатуға берілетін газ мөлшері таусылғаны белгілі болды. Облыстың энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының есебі бойынша қажетті 5486 тонна газдың орнына министрлік маусым айында Ақтөбенің автогаз құю бекеттеріне 4 мың тонна сұйытылған мұнай газын бөлген.

Маусым айында орын алған дүрлікпе оқиғадан кейін энергетика министрлігі Ақтөбе облысына жіберілетін газдың шекті мөлшерін 4 мың тоннадан  4,8 мың тоннаға дейін арттырды. Алайда бұл мәселені шешкен жоқ. Егер маусым айында сұйытылған газдың бір литрі 24-28 теңге тұрса, өткен жылдың күзінде газ үшін кезек болмаса да, бағасы қаланың барлық бекеттерінде литріне 45 теңгеге дейін өсті.

Жаңа жылдық мерекелерден кейін бекеттердегі газдың орташа бағасы бір литрге 49-50 теңгеге дейін қымбаттады, бірақ қайтадан қобалжу басталды. Энергетика министрлігінің бұйрығы бойынша бекеттер өз бетімен зауыттан тікелей газ, жалпы кез келген отынды ала алмайды. Тек тіркеген жеткізушілерден ғана алады.

Газ бекеттерге салалық министрлікте тіркелген 4 компания: "Ас Газ Логистик" ЖШС, "Центргаз" ЖШС, "КС-А" ЖШС, "Gold Steps" ЖШС арқылы жеткізіледі.

Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы литрмен есептегенде зауыттан жіберілетін бір шаршы метр отын шамамен 19 теңге тұратынын есептеді. Ал компаниялар оны сатушыларға литрін 29 теңгеден сатады.

"Сұйытылған газ бағасынының өсуі бірінші кезекте Қазақстан Республикасы энергетика министрінің 2016 жылдың 12 желтоқсанындағы № 527 сұйытылған мұнай газын ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағасын бекіту туралы бұйрығына байланысты болды, онда  баға 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚҚС-пен  қоса есептегенде тоннасына  31 360 теңге мөлшерінде бекітілсін делінген. Бұған дейін 2016 жылы баға ҚҚС-пен  қоса есептегенде тоннасына 25939,2 теңгені құраған болатын, яғни, баға тоннасына 5 421 теңгеге, немесе 20,9%-ға көтерілді. Оның үстіне Ақтөбе облысында сұйытылған газды, оның ішінде автокөлік үшін тұтыну көлемі жыл санап артып келеді. Ақтөбе облысының ішкі істер департаментінің мәліметіне сәйкес, қазіргі кезде газ қондырғылары бар автокөлік құралдарының саны 31 111 бірлікке жетті, бұл былтырғы көрсеткіштен 930 көлікке артық. Айта кетсек, жол полициясы басқармасында тіркелмеген газбен жүретін автокөліктер саны әлдеқайда көп", – деді Ақтөбе облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының м.а. Ренат Құмаров.

Ренат Құмаровтың айтуынша, газдың қымбаттауы мен орын алған оқиға облысқа ай сайынғы бөлінетін газ мөлшерінің аздығына да байланысты. 2015-2016 жылдары Ақтөбе облысында жаңадан салынған автогаз құю бекеттерінің саны күрт өсіп кетті, ал өңірге бөлінетін газ мөлшері өзгеріссіз қалды. Облыс бойынша 91бекет жұмыс істесе, оның 53 Ақтөбе қаласында орналасқан.

Дәлірек айтсақ, энергетика және ТКШ басқармасының ақпараты бойынша, наурыз айында облыстың қажеттілігі 7 100 тонна газды құраса да, министрлік  бар болғаны 5 200 тоннаға квота бөлді. 4 230 тонна "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ Жаңажол газөңдеу зауытынан жеткізіледі. Тағы 970 тоннаны облыс үшін "Қазақойл-Ақтөбе" ЖШС өндіреді. Энергетика және ТКШ басқармасы газ алдағы уақытта тағы қымбаттауы мүмкін екенін жоққа шығармады. Бұл шілде айына қарай орын алуы мүмкін. Алайда жақын арада зауыттарда көгілдір отын бағасы көтерілуі мүмкін болғандықтан газдың жетіспеушілігі қолдан жасалып отыған әрекет те болуы мүмкін.  Оған дәлел ретінде Ренат Құмаров зауыттардың өзінде наурыз айының квотасы Ақтөбе облысы үшін әзірге таңдалмағанын айтты.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу