Ақтөбедегі кәсіпорын шетелге руда шығара алмай отыр

3091

Кәсіпорын басшылығы кәсіпкерлер палатасына "ҚТЖ" шектеуіне байланысты шағымданған.  

Ақтөбедегі кәсіпорын шетелге руда шығара алмай отыр

"ҚТЖ-Жүк тасымалдары" серіктестігінің 2020 жылдың 15 желтоқсанынан бастап өзінің желілері арқылы басқа елдерден келетін жартылай ашық бос вагондарды өткізуге тыйым салуы бірқатар кәсіпорынның жұмысына кедергі келтіре бастапты.

Олардың бірі, Ақтөбедегі "Восход Трейдинг" ЖШС "Қазақстан теміржолы ұлттық компаниясы шектеуді алып тастау жөніндегі өтінішке ешқандай жауап бермегеннен кейін, жергілікті кәсіпкерлікті қолдау палатасына шағымданған",  деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

"Восход Трейдинг" ЖШС хром рудасын экспорттаумен айналысады. Былтыр мекеме әлемдік экономикадағы жағдайдың нашарлауына және өнімінің негізгі тұтынушысы болып есептелетін Ресей Федерациясындағы Тихвин құрыш қорыту зауытының тұрып қалуына байланысты толық қуатында жұмыс істей алмаған. Дегенмен, биыл аталған зауыттың хром рудасына деген сұранысы 80 пайызға дейін артқан. Ал "Восход Трейдингке" Ресейге өнімін жеткізу теміржолдағы тыйым салдарынан тиімсіз болып тұр. Сол себепті, оның басшылығы "ҚТЖ-Жүк тасымалдары" АҚ-на және "ҚТЖ-Жүк тасымалдары" Ақтөбе жүк тасымалдау бөлімшесіне логистиканы қайта қарау жөнінде жазбаша хатпен шыққан, алайда олар мәселеге көңіл аудармақ түгіл, жауап та бермепті. 

"Восход Трейдингтің" сұрап отырғаны шетелден өнім тиеп кетуге келетін бос вагондарды өткізу немесе "өзіміздің" жүк вагондарына қойылған тарифті төмендету.

Қазіргі күні оның қоймалары толық, терминалы толтырылған, бірақ жұмыс тоқтап тұр. Компания өкілі Әлішер Нұрғалиевтің айтуынша, бұл жағдай жұмысшылардың жалақысынан бастап төлейтін салыққа дейін түгелдей кері әсерін тигізіп отыр екен.

"Зерделей келгенде, "ҚТЖ" жеке операторының еншілес ұйымдарының жартылай ашық бос вагондарды жалға беру үшін ұсынған бағасының "Восход Трейдинг" ЖШС үшін тиімсіз екені көрінді. Ол бойынша жөнелту стансасынан белгіленген стансаға жеткенше бір вагонға 582 820 теңге сомасында төлеу қажет, ал РФ Тихвин зауыты бұдан 2,5 есе арзан баға ұсынып отыр",  дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім сарапшысы Рахат Тәжібаев.

Мәселені қараған палата бірқатар жайдың бетін ашты, атап айтқанда, "ҚТЖ-Жүк тасымалдары" ЖШС-ның нақты жауабы жоқ, тіпті, мұндай шектеулерге негіз болатын нормативтік-құқықтық құжаттар да жоқ, осындай кедергілер бюджеттік салықтардың уақытылы түспеуіне ғана емес, өңір экономикасының жалпы дамуына да кері салдарын тигізуде. Осылайша, туындаған проблеманы бірлесе қарастырып, шешуді көздеген хат палата тарапынан Ақтөбе бөлімшесінің мұндай мәселені шешуге құзыреті мен өкілеттілігі болмағандықтан, "ҚТЖ-Жүк тасымалдары" ЖШС бас кеңсесіне жіберілді. Қазіргі күні тараптар арасында келіссөздер жүргізіліп жатыр.  

Құралай Қуатова
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу