Ақтоғай-Талдықорған-Алма электр тасымалдау желісінің құрылысы биыл аяқталады

3782

"Солтүстік-Шығыс-Оңтүс­тік" жоғары кернеулі желілер  жобасы электр энергиясын сырттан жеткізушілерге деген тәуелділікті төмендетті.

Ақтоғай-Талдықорған-Алма электр тасымалдау желісінің құрылысы биыл аяқталады

"Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында "KEGOС" АҚ жүзеге асырып жатқан "Солтүстік-Шығыс-Оңтүс­тік" жоғары кернеулі желілер жобасының екінші кезеңі, яғни 500 кВ Екібастұз МАЭС-Шүлбі ГЭС (Семей) - Өскемен желісінің жалғасы саналатын Ақтоғай-Талдықорған-Алма электр тасымалдау желісі жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі.

"KEGOС" АҚ қаржы және есеп жөніндегі басқарушы директоры Айбек Ботабековтың сөзінше, аталмыш жоба ұлттық электр торабының "Солтүстік-Оңтүстік" бағытындағы транзиттік әлеуетін арттырып, Шығыс Қазақстан өңірінің еліміздің біртұтас электр жүйесімен байланысын күшейтеді. Сонымен қатар теміржолдардың электр­лендірілетін учаскелерінің электр қуа­тына деген қажеттілігі мен тау-кен өнеркәсібі нысандарының энергиялық сыйым­дылығын қамтамасыз етіп, баламалы қуат көздерін  дамытады.

Белгілі болғандай, "KEGOС" компаниясы жобаның екінші кезеңіне 96,4 млрд теңге жұмсаған. Қазір аталмыш электр тасымалдау желісінде құрылыс-монтаждау жұмысы жүріп жатыр.

"Ұзындығы 883 шақырымды құрайтын жобаның 830 шақырымында жұмыс жоспарға сай атқарылды. Жоба биыл аяқталуға тиіс", – деді Айбек Ботабеков.

Оның сөзінше, электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге қатысты қиындық адамдардың барлығы бір уақытта жарық пайдаланған кезде туады. Себебі желінің өткізу мүмкіндігі әлсіз.

"Солтүстік-Оңтүстік бағытындағы транзиттік желі қолданысқа берілген кезде Алматы, Талдықорған облыстарындағы энергия тапшылығына қатысты мәселе шешіледі", – деді басқарушы директор.

Айбек Ботабековтың мәлімдеуінше, аймақтарды электр энергиясымен қамту жергілікті компаниялардың міндеті.

"Біз жыл соңына дейін энергия тапшылығын жоюды жоспарлап отырмыз. Аймақты электр энергиясымен қамту қаншалықты тұрақты болатынына Алматыда - "Алатау Жарық Компаниясы", ал Алматы облысында - "Талдықорған акционерлік көліктік электр желілік компаниясы" жауапты", – деді Айбек Ботабеков.

Естеріңізде болса, "KEGOC" АҚ "Солтүстік-Шығыс-Оңтүс­тік" жоғары кернеулі желілер транзиті жобасының бірінші кезеңі - 500 кВ Екібастұз МАЭС-Шүлбі ГЭС (Семей) - Өскемен желісін мерзімінен бұрын аяқтап, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту етті. Пайдалануға берілген жоғары кернеулі жаңа желі "Солтүстік-Шығыс" бағы­тындағы желілердің электр өткізу қабілетін күшейтіп, электр энергиясын сырттан жеткізушілерге деген тәуелділікті төмендетті. Бұған қоса энергия тапшылығы туындаған кезде оны тиімділікпен қайта бөлуге мүмкіндік берді. 

Айта кетейік, 500 кВ "Солтүстік-Шығыс-Оңтүс­тік" жоғары кернеулі желілер транзиті жобасы толық қуатымен жұмыс істеген кезде еліміздің солтүстігі мен оңтүстігінің арасындағы электр жеткізу желілерінің  рұқсат етілген ағым мөлшері жылына шамамен 14 млрд. кВт сағатты құрайды. Нәтижесінде ұлттық электр  торабының "Солтүстік-Оңтүстік" бағытындағы транзиттік әлеуеті 1350 МВт-тан 2100 МВт-қа дейін ұлғаяды.

Қанат Махамбет

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться