Ақылбек Күрішбаев: Елімізде гептилдің зияны әлі толық зерттелмей жатыр

3412

Сенатордың айтуынша зымыран-тасығыштардың бөлшектері құлаған аудандарда ғалымдар жіті зерттеу жүргізу керек.

Ақылбек Күрішбаев: Елімізде гептилдің зияны әлі толық зерттелмей жатыр

Айта кетсек, Парламент Сенатында Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы "Байқоңыр" кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялауға арналған заң жобасы қаралған. Сенатор Ақылбек Күрішбаев жалпы бұл заң жобасын қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, экономикалық тұрғыдан бұл келісімшарт Қазақстан үшін тиімді. Әйтсе де сенатор көптеген ғылыми зерттеудің нәтижелері апатты жағдайлар болғанда қоршаған ортаға, яғни топыраққа, суға, атмосфералық ауаға, өсімдіктер мен жануарлар әлеміне теріс әсер тигізетінін айқын растайтынын жеткізді.

"Бұрын зымыран отыны ретінде кеңінен пайдаланылған гептил, қауіптіліктің бірінші класына, яғни заттардың ең қауіпті тобына жатады. Бұл өте улы зат әрі ағзаға канцерогенді, яғни қатерлі ісік тудыру сипатына ие. Мамандардың пікірінше, гептил қоршаған ортада ұзақ сақталмайды. Бірақ оның қалдығы топырақта, ондаған жылдар бойы, кейбір мәліметтер бойынша 30-40 жылға дейін сақталуы мүмкін", - деп ескертеді сенатор.

Жалпы еліміздің ғалымдары зымыран-тасығыштардың бөлшектері құлаған аудандардағы халықтың денсаулығын бағалайтын әдістемелік ұсынымдар әзірлеген. Модельдік тәжірибелерде гептил қалдықтарының әсері, сондай-ақ мутагендік өзгерістерді зерттелген.

"Зымырандар құлаған аймақтарда тұратын халықтың денсаулығына гептил мен оның ыдырау өнімдерінің организмге тиетін әсері бойынша ғылыми зерттеулер және олардың аурушаңдық құрылымын анықтау бойынша медициналық-биологиялық бақылаулар жүргізілді. Протон-М тасымалдағыш зымырандарының қоршаған ортаға және ауылшаруашылық жануарларына тиетін әсері туралы жекелеген зерттеулер де бар. Алайда бүгінгі күнге дейін аталған өңірлердің қоршаған ортасына, жануарлар дүниесіне, ең бастысы, біздің азаматтарымыздың денсаулығына, зымыран техникасын пайдалануынан тиетін зардаптары туралы толыққанды ақпарат жоқ. Осыған қол жеткізу үшін ең алдымен, біз қоршаған ортадағы гептил метаболиттеріне зымыранның бүкіл ұшу траекториясы бойынша және тасығыштардың бөліктері құлаған аудандарда түгендеу, яғни инвентаризация жүргізуіміз керек", - дейді ол.

Сенатор сондай-ақ гептилдің туындыларын топырақтан өсімдіктерге ауысу механизмдерін, яғни олардың тағамға ену жолдарын зерттеу қажеттігін атап өтті. Одан бөлек Қазақстан жағдайында гептилдің өнімдеріне гигиеналық нормативтерді анықтау өте маңызды екенін айтады.

"Ең бастысы, ұшқан зымыран тасығыштардың бөлінетін бөліктері құлайтын аудандардың аумағында және апат болған жерлерде, әсіресе зымыран отыны төгілген аудандарда тұратын халықтың сырқаттану құрылымын егжей-тегжейлі зерттеу өте маңызды. Өңделмеген зымыран отынымен ластанған аумақтарының экологиялық жүйесі күрделі болуы мүмкін. Сондықтан бұл процестерді зерттеу айтарлықтай уақыт пен ресурстарды талап етеді. Сондықтан екі ел арасындағы жекелеген келісімдер аясында осы саладағы ғалымдар мен экологтардың зерттеулерін қаржыландыру арқылы кешенді жұмыстар жүргізу керек деп санаймыз", - деп түйді Ақылбек Күрішбаев.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу