әл-Бағдади: "ДАИШ-тың" шарықтауы мен күйреуінің куәсі

5029

АҚШ президенті Дональд Трамп әл-Бағдадидің мерт болғанын жариялады. 

әл-Бағдади: "ДАИШ-тың" шарықтауы мен күйреуінің куәсі

"Ислам мемлекеті" тобының (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) лидері Әбу Бәкір әл-Бағдади Сирияның солтүстік-батысында АҚШ-тың арнайы қызметі жүргізген рейд нәтижесінде "қыңқылдап, жылап" барып жан тәсілім етті. Мұны жексенбі күні президент Дональд Трамп Ақ үйден жасаған телевизиялық үндеуінде хабарлады.

Трамптың сөзінше, Бағдади тұйық туннельге қашып барып, беліндегі бомбаны жарып жіберіп, "көп" адамымен бірге қаза тапқан. Құрбандардың ішінде оның үш баласы да бар. Америка президентінің өзге бір мәлімдемесіне қарағанда, жиһадшылар көсемінің мерт болғанын 15 минуттан кейін жүргізілген ДНК сынағы да растап берді.  

Бағдади "Даиш" құрған "халифаттың" қанды жолмен шарықтаған шағы мен біржола күйреуінің куәсі. 2014 жылы ол өзін халиф деп жариялап, Сирия мен Ирактың төрттен бір бөлігінде жеті миллиондай адамға шариғат заңдарының өзі ойлап тапқан қатыгез нұсқасымен билік етті.

Бағдади Мосулдың "әл-Нури" мешітінде жасаған әйгілі мәлімдемесінен кейін мыңдаған бейбіт тұрғын опат болып, миллиондаған адам босқындық кебін киіп, Таяу Шығыста "Даиш" салған ойранды тоқтатуға әлем державаларының килігуіне тура келді.

Террористік ұйымның айбыны асып, күші тасыған тұста да көзге түспеген Бағдади 48 жасында жер жастанса керек. Ал, "Даиш" жаулаған аумақ тарылып, оның мүшелері жасырын ұйымдарға тарап кеткенде, Бағдади тіпті ғайып болды.  

27 қазанда Трамп оның қазасын "ит өлім" деп атағанға дейін "Ислам мемлекетінің" жетекшісі жараланды немесе өлтірілді деген қауесеттер талай рет тарады.

"Сұңғыла стратег"

Бағдади Сирияның солтүстік-батысындағы шағын қалашық маңында немесе өзінің туған жері Самаррадан (Батыс Ирак) 1000 шақырымнан астам жерде мерт болды.

1971 жылы дүниеге келгенде оның есімі Ибрахим Авад әс-Самаррай болған. Бала күнінен футболға ынтық Бағдади үлгерімі төмен болғандықтан, заң мектебіне, көзі нашар көргендіктен, әскери қызметке қабылданбай, исламды оқу үшін Бағдадқа аттанған.

2003 жылы АҚШ бастаған күштер Иракқа басып кіргенде, Бағдади жеке көтерілісшілер тобын құрды. Бірақ бұл ұйым ірі шабуылдарымен ерекшеленген жоқ. Ал, 2004 жылы тұтқындалып, Ирактың оңтүстігіндегі америкалық түрмеде отырғанда, ол екінші немесе үшінші эшалондағы жиһадшылар санатына ғана кірді.

"Ондағы адамдар осынау елеусіз әрі ұялшақ жанның сұңғыла стратег екенін түсінген еді",– дейді Бағдади туралы тың құжаттар ұсынған деректі фильмнің авторы София Амара "Франс пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Қылмысына дәлел табылмағандықтан, Бағдади 2004 жылы абақтыдан босатылып, кейін қайтадан ұсталып  жіберілді. Себебі қауіпсіздік күштері оның кім екенін білмеген.

2005 жылы бес баланың әкесі "әл-Каиданың" Ирактағы бөлімшесінің қатыгез лидері Әбу Мұсад әз-Заркауиге адал болуға ант берді.  Алайда Заркауи 2006 жылы америкалық дронның соққысынан жан тәсілім етті. Көп кешікпей оның ізбасары да жойылды. Сондықтант топтағы билік тізгіні 2010 жылы дәл осы Бағдадидің қолына өтті.

Ол "Даишты" жандандырып, 2013 жылы Сирияны жаулауға кірісіп, қарамағындағы қарулы топты "әл-Каидадан" тәуелсіз деп жариялады.

2014 жылы құрылған "Ислам мемлекеті" немесе халифат діни азшылықтарға жасаған айуандығымен ерекшеленіп, әлемнің бес континентінде шабуылдар ұйымдастырып, жер шары мұсылмандарының жанын түршіктірді және бұл топ Таяу Шығыстағы ең көне дін өкілдері – езидтерді геноцидке ұшыратып, ондаған мың адамның қанын төгіп, әйелдерді сексуалдық құлдыққа әкетіп, шетелдіктердің басын кесіп, төрткүл дүниенің наразылығын тудырды.

Халықаралық іздеу

Қолға түспес Бағдадиге халықаралық іздеу салынып, АҚШ тіпті оның басына 25 млн доллар тіккені белгілі. Дегенмен ерекше ұстамдылығының арқасында ол бірнеше жыл бойы жасырынып, осы уақытқа дейін аман келді.

Халифат жариялағаннан кейін, әл-Бағдади өз тобының қуатты насихат желісімен ғана аудиожазбаларын таратты. Алайда "Даиш" Сирияның шығысындағы соңғы аумағы - Бағуздан айрылғаннан кейін, сәуірде тараған сирек бейнероликте бір адам ерекше көзге түсті. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ол – Бағдадидің өзі. 

Онда ақ-қызыл сақалды адам жанына винтовка қойып, "Даиштың" жоғалтқаны үшін жақтастарын кек алуға шақырды. "Алла бізге жиһад жасауды бұйырды, жеңуді бұйырған жоқ", – деген еді сол кадрда  әсіре діншіл топ басшысы.

Бірақ  видеоның нақты қай жерде түсірілгені белгісіз. "Даиш" лидері бұл үндеуді Сирияның Бадиа шөлінде жасады деген болжам бар. Бадиа Ирактың шығыс шекарасынан Сирияның Хомс провинциясына дейін созылып жатыр. Ал, Хомс Бағдади өлтірілген Идлиб провинциясымен шектеседі.

Бағдади бірі діни қауымды, бірі Ирактың соңғы диктаторы Саддам Хусейннің зайырлы "Баас" партиясына жақтас офицерлерді қолдап, ауызбірлігінен айрылған отбасында есейген. Арада жылдар өткенде оның жиһадшыл тобына 2003 жылы америкалықтар таратпақ болған Ирак армиясының офицерлері мен жауынгерлері қосылды.

Бұл жағдай Бағдади мен оның тобына әскери қуат беріп, "Даиш" діни насихат пен партизандық соғысты тиімді жүргізетін үлкен күшке айналды.

Қазір Ливанда тұратын бұрынғы әйелі Саджа әд-Дүлаймидің сипаттауынша, харизмасы шамалы, шешендігі орташа әл-Бағдади "дұрыс отағасы" болып, бала-шағасына жақсы қараған.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, Бағдадидің үш әйелі болды: ирактық Асма әл-Кубаиси, сириялық Исра әл-Қауси және Парсы шығанағы елдерінің бірінен жақында тапқан жұбайы.

Бағдадидің өлімі абдырап қалған және жаңа көсемін әлі таппаған "Даиш" үшін жойқын соққы. Бірақ басып алған жерлерінің көбінен айрылса да, бұл топ бұрын Таяу Шығыс пен әлемнің өзге аймақтарында шабуылдарды жалғастырмаса, тоқтатқан жоқ.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу