Ала шапанды ағайын ақылға келді

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
10696

Президент Шавкат Мирзиёевтің жарлығымен Өзбекстан тарапынан Қазақстан автоөндірушілеріне қойылған қымбат кедендік тариф төмендетілді. 

Ала шапанды ағайын ақылға келді

Осыдан сегіз күн бұрын "Қазавтоөндіріс" Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке жолдаған ашық хаты Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің шұғыл әрі маңызды шешім қабылдауына түрткі болды.

Ашық хатта Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағы отандық автокөліктерді Өзбекстан нарығына шығаруға қауқарлы екені баяндалып, Өзбекстанның Қазақстанға қатаң кедендік тариф орнатып отырғаны тілге тиек етілді. Бұған қоса қажет болған жағдайда Қазақстан тарапынан Өзбекстанға  қатаң кедендік тариф енгізу ұсынылды.  

Хат иелері қыркүйек айының дәл ортасында Ташкентте өткен Өзбекстан-Қазақстан бизнес-форумында екі ел басшысы қазақ-өзбек арасындағы алыс-беріс пен барыс-келістің тамырын тереңдетуге уағдаласқанын жазды.

"Бүгінде отандық кәсіпорындарда автокөліктердің 60-қа жуық түрі шығарылады және олар Өзбекстан нарығына техниканың кең түрін жеткізуге дайын. Бұл идея форумға қатысқан екі ел президенттері тарапынан қолдау тапты. Өзіңіз білетіндей, Өзбекстан экономиканы ырықтандыру саясатына көшті. Бұл қазақстандық өндірушілерге мүмкіндік беріп отыр. Қыркүйек айында мемлекет басшылары импортталатын 15 тауар түріне акциздік салық мөлшерлемесін қысқартты", – делінді ашық хатта.

Бұдан ары қарай хат иелері Өзбекстанның Қазақстанға қатысты акциздік саясаты көңіл көншітпейтініне тоқталды.

"19 қыркүйекте жарияланған "Өзбекстан Республикасының алдағы уақыттағы сыртқы экономикалық қызметін реттеу шаралары туралы" Өзбекстан президентінің қаулы жобасы көрші елдің нарығындағы қазақстандық өндірушілердің қолжетімділігіне қауіп төндіріп тұр. Құжат мәтінінде қазақстандық техникаға акциздік мөлшерлеме 2,4 текше сантиметр/доллар көлемінде белгіленген. Ал Ресей мен Украина аумағынан импортталатын автокөліктерге кедендік құн 2% көлемінде қарастырылған. Бұл Өзбекстан нарығы қазақстандық автоөндірушілер үшін жабық деген сөз", – деп нақтыланды мәтінде.

Осы  арқылы отандық автоөндірушілер Өзбекстан Қазақстанды Ресей мен Украинадан алаламауы тиіс екенін ұқтырды.

Қазақстан автомобиль саласы кәсіпорындары одағының өкілдері министрден Өзбекстанның қазақстандық автоөндірушілерге қатысты кедендік-тарифті жұмсартуға ықпал етуін сұрады. Мәселе шешілмесе Өзбекстанның темір тұлпарлары мен оның бөлшектеріне қазіргіден бөлек акциз белгілеуді ұсынды.

Абырой болғанда іс насырға шапқан жоқ. Өзбекстан президенті ақылға салып, 29 қыркүйек күні "Өзбекстан Республикасының алдағы уақыттағы сыртқы экономикалық қызметін реттеу туралы" жарлыққа қол қойды.

Президенттің пәрмені бойынша, бірінші қазаннан бастап Қазақстанда жасалған және біздің елден енгізілетін жаңа көліктердің акциздік салығы 2%-ға төмендеді. Айта кетейік, Өзбек басшысының жарлығына медициналық мақсаттағы көліктер кірмейді.

Отандық автоөндірушілерге Өзбекстан нарығының есігі ашылды. Бұдан былай Қазақстанда құрастырылған автокөліктер өзбек нарығында Ресей мен Украинада өндірілген көліктермен бәсекенің бәсін қыздырады. Себебі кедендік тариф бір, ал біздің баға арзан.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться