Алакөлдің 60 гектар аумағына кімнің көзі түсіп отыр?

11290

Заңға қайшы жобаға Су ресурстары комитеті шаң жуытпай отыр.

Алакөлдің 60 гектар аумағына кімнің көзі түсіп отыр?

Алакөлдің жағасындағы 60 гектар батпақты сорғытып, орнына туристік нысан салмақшы екен деген әңгіме экологтарды елең еткізді. Мамандардың алаңдайтын жөні бар. Батпақ кез келген көлдің резервуары іспеттес. Суын тұнытып, зиянды заттарды сүзіп тұрады. Маңайындағы батпақ сорғыса, көлдің өзі де экологиялық апатқа ұшырауы мүмкін.

Комитетке сенеміз бе, әкімдікке сенеміз бе?

Жергілікті эколог Дәулет Асанов Алакөлдің Үржар ауданы жағында осындай жоба қолға алынғанын естіп, нақтылау үшін Су ресурстары комитетіне сауал жолдапты. Ондағылар көл жағасындағы 60 гектар аумақты сорғыту үшін оған құйып жатқан бұлақтардың арнасын бұратын арық қазылатынын растаған.

"Алакөлдің Үржар ауданындағы жағасынан су бұру каналын салу жобасы Су кодексіне қайшы емес, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы мақұлдаған", - деп жазылған комитеттің ресми жауабында.

Кейін осы мәселені Facebook арқылы жұртқа жайған Дәулетті облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметов кездесуге шақырып, әлгі жобаның барлық сызбаларын көрсеткен екен. Осы кездесуден кейін эколог жоба туралы пікірін өзгертіп, алаңдауға негіз жоқ дегендей пост жариялады. Ал облыс әкімдігінің баспасөз қызметі республикалық интернет ресурстарға "Алакөлдің 60 гектар аумағы құрғатылады деген ақпарат шындыққа жанаспайды" деп хабар таратты. Тоқетері мынандай: "Туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында Алакөл жағалауын дамыту жоспары бекітілген. Жоспар бойынша құрылыстың жаңа аймағын қалыптастыру үшін 60 га жер учаскесін игеру жоспарланып отыр. Оның 23,7 гектары сазды, батпақты болғандықтан құрғату жұмыстары жүргізіледі. Ерекше айтатын бір жайт, жобадағы құрғатуға жататын жер телімі мен көлдің арасы 200 метрден асады. Яғни, көлдің 60 гектары құрғатылады деген ақпарат шындыққа жанаспайды".

Дәулет Асановқа хабарласып, жобаның ендігі тағдыры не болатынын сұраған едік. Оның да білетіні шамалы болып шықты.

"Жобаның сызбасын көрсеткенімен, көшірмесін немесе суретке түсірілген нұсқасын әлі алған жоқпын. 19 наурызда Үржар ауданының құрылыс бөліміне арнайы сұраныс жібергенмін. Егер бәрі маған кездесу кезінде көрсеткендей етіп жасалса, онда Алакөлдің айдынына төнер қауіп жоқ. Бірақ мені жоба сызбасын ашық дерек көздеріне жария етпей отырғаны алаңдатады. Сонда қоғамдық тыңдаулар қалай өткізілген? Оның үстіне Алакөлдің жағасындағы батпақты телім жерасты суынан қорек алып жатуы мүмкін. Ертең бұл жерді құрғатқанымен, жерасты суы басқа жерден тесіп шығады. Осының бәрін зерделеу керек. Мен болашақта мұндай түсініксіз даулар қайталанбас үшін облыс әкімінің жанынан экология мәселелерін талқылап, осындай жобалардың пайда-зиянын бағамдайтын тұрақты кеңес құру керек деген ұсыныс айттым. Бастысы мұндай жобаларды құзырлы органдардың қорытындыларынан кейін емес, жоспар кезінде талқылап үйренуіміз керек", - дейді эколог.

Әкімдік таратқан ақпаратқа сенсек, Су ресурстары комитеті Дәулет Асановқа қате мәлімет берген. Содан осындай шу шыққан.

Су кодексі көлге қорған бола алмай тұр

Бірақ бізге басқа жайт қызық болып көрінді. Еліміздің экологиялық ахуалына жауапты министрліктің бағынышты ұйымдары ШҚО әкімдігі ұсынған жобаны бас шұлғып мақұлдаған. Ал заманында Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясын басқарған зейнеттегі ғалым Анар Тілеулесова жоба Су кодексіне кереғар деген баға беріп отыр.

Нақты айтсақ, 116-бапқа қайшы екен. Осы баптың 5-тармағында "Су қорғау аймақтары мен белдеулерінің шекараларын белгілеу қағидаларын уәкілетті орган бекітеді", - деп жазылған.

Анар Тілеулесова өзі қызметте жүрген кезде Үржар ауданының әкіміне кіріп, су нысандарының су қорғау аймақтары мен белдеулерінің жобасын жасатуға көндіргенін айтады. Ол жоба бойынша аудандағы барлық су көздерінің жағалауынан қанша метр жерге құрылыс салып, шаруашылық жүргізуге болмайтыны анық жазылған. Алакөл жағасынан заңсыз беріліп, сатылып кеткен жер телімдері су қорғау аймағына қайтарылып, заңсыз салынған туристік нысандар сүрілуі керек болған. Ғалым жергілікті әкімдік Алакөлдің батпағын құрғату туралы шешім қабылдамай тұрып, сол құжатқа бір рет көз салмағандарына таңғалып отыр.

Оның айтуынша, көл маңындағы батпақты сорғыту жобасы Премьер-Министрдің 2004 жылғы №42 Қаулысына да қайшы көрінеді.

"Алакөлдің су қорғау аймағы 1000 метр деп белгіленген. 200 метр дегенді бұлар қайдан алып жүр? №42 қаулыда анық жазылған. Көл жағасынан 1000 метр қашықтықтағы аумақтың бәрі су қорғау аймағына жатады. Ол жерге ешқандай күрделі құрылыс салуға болмайды. Ал көл маңында батпақ болса, сол батпақтан тағы 500 метр аумаққа ештеңе салуға болмайды. Бұл батпақтың өзінің су қорғау аймағы деген сөз. Қазір ол талап сақталып жатқан жоқ. Жағаға тиіп тұрған демалыс базалары мен үйлер бар. Түбін қопарсаңыз, әкімдердің, спортшылардың, аға-көкелердің меншігі болып шығады. Бақылаудың жоқтығынан жер телімдері Су кодексінде бекітілген заңдарға көз жұма отырып сатылып, беріліп кеткен. Әйтпесе заң талабы 1993 жылдан бері күшін жойған жоқ. Ал Алакөлдің бойындағы заңсыз құрылыстардың бәрі 2000 жылдардың ортасынан бастап бой көтерген. Сол кезде аудан әкіміне осы мәселені айтып барғанбыз. Ақыры біздің айтып жүргеніміз дұрыс екенін түсініп, 2009 жылы ғой деймін, Үржар ауданының су қорғау аймағы мен белдеулерін нақты белгілеген жоба жасады. Соны талап етіп көріңіздер", - дейді сарапшы.

Жоғарыдан түскен тапсырма

Ғалымның жөн сілтеуімен Үржар ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне хабарласып көрдік. Болат Торсықбаев аталмыш жобаны қағазға түсіріп, тиісті мақұлдаудан өткеннен кейін Шығыс Қазақстан облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына тапсырғандарын айтады. Оның сөзінен ұққанымыз, Анар Тілеулесова айтып отырған құжатқа облыстағылар кейін өзгерту енгізген. Яғни, қазіргі нұсқасы Алакөлдің маңындағы батпақты сорғытуға кедергі емес.

"Алакөлдің жағалауын дамыту жоспары бойынша облыстан осындай жобаны дайындау туралы тапсырма келді. Біз соны орындадық. Қазір оның тағдырын облыстық басқарма шешеді. Қаңтар айында барлық құжаттарды сол жаққа өткізіп тастағанбыз. Жоба су қорғау аймағына зиянды болса, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы біздің жобамызды мақұлдамауы керек еді ғой. Ол жақтан қарсылық болған жоқ", - деп отыр әкімдік өкілі.

Анар Тілеулесова Су ресурстары комитетінің Дәулет Асановқа жолдаған жауабын оқып жағасын ұстағанын айтады.

"Енді Алакөлді құртуымыз қалып еді... Аяшевтің аты жазылған ресми жауапты оқып жүйкем жұқарды. Кез келген су айдынының маңындағы батпақты құрғатуға болмайды. Өйткені ол су қорғау аймағына кіреді. Көл мен батпақ біртұтас организм. Бұлар тұтас организмді бөлшектеу арқылы Алакөлдің табиғи су режимін бұзбақшы. Жұрт неге Алакөлге барғыш? Өйткені көлдің суы түрлі ауруларға шипа. Ал сол қасиетті Алакөл маңайындағы батпақтан алады. Көлдің батпағын сорғытса, судың емдік қасиеті жоғалады. Тым болмағанда осыны ойлау керек қой. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жобаны мақұлдамай тұрып, Алакөлдің батпағын суландырып жатқан бұлақтардың арнасын бұру жергілікті экожүйеге қандай әсер тигізетінін зерттеу керек болған. Ондай ғылыми негіздемесіз қалай жобаны мақұлдағандары түсініксіз. Су кодексінің талаптарына қайшы емес деп отыр.  Мұндай тұжырымды қандай құқықтық сараптамаға сүйеніп шығарған? Оған қандай мамандар қатысқанын және сараптама қорытындысын жарияласын онда. Кез келген судың табиғи арнасын, экожүйесін бұзуға болмайды. Қазір жер-жерде тасқын болып, өзен-сулардың тартылып жатқаны осындай салғырт жасалған жобалардың кесірінен орын алып жатыр", - дейді ғалым.

Оның айтуынша, көлдің айналасындағы бұлақтың арнасын бұру жерасты суын құрту деген сөз.

"Қазір су ресурстары, орман шаруашылығы, жануарлар әлемі, геология сияқты маңызды салаларды түгел Экология министрлігіне қаратып қойды. Бір жағынан бұл дұрыс емес. Осындай даулы жобалар кезінде мамандар министрліктің бұйрығын орындауға мәжбүр. Олардың пікірін ескеріп жатқан басшылар жоқ. Табиғат заңына қайшы жобалардың мақұлданып кетуіне осының да әсері бар. Кезінде Су шаруашылығы министрлігі деген болды. Мен сонда инспектор болып жұмыс істедім. Мына сияқты ақылға қонбайтын жобаны ұсынушылардың азуын ашқызбайтынбыз. Өйткені дербестігіміз болды. Қазір олай емес", - дейді Анар Тілеулесова.

Сарапшы әңгіменің соңында су қорғау аймағына кіретін жердің мемлекеттің меншігі екенін де еске салды. Сол мемлекет меншігіндегі батпақты алқапқа кімнің көзі түсіп отырғанын Үржардағы Болат Торсықбаев та білмейтін болып шықты.

"Ол жерге кімнің құрылыс салатыны әлі белгісіз. Жоба барлық сараптамадан өтті деп отырмын ғой. Енді сол жер телімін құрылысқа пайдалану үшін конкурс жарияланады. Телімді пайдаланушы сол конкурстың қорытындысы бойынша белгілі болады", - дейді шенеунік.

Қазақстанда Президенттер деңгейінде ратификацияланған халықаралық келісімдер мен шарттардың, меморандумдар мен тұжырымдамалардың барлығында дерлік су көздерін күтіп ұстау, оны зиянды өзгерістерден сақтау, тиімді пайдалану туралы шарттар бар. Яғни, Қазақстан әлем қауымдастығы алдында су көздерін түрлі мүдделердің зиянды әрекетінен қорғауға міндет алған. Сонда Алакөлдегі жоба халықаралық құжаттарға да қайшы деген сөз.

Кезінде совет ғарышкерлері алты қат аспанға сапарлап қайтқаннан кейін бойына жиналған радиациядан арылу үшін осы Алакөлдің батпағымен емделгенін бәрі біледі. Анар Тілеулесова ондай шипалы батпақ көлдің тек Үржар ауданы жағында ғана бар екенін айтады. Алайда жергілікті басшыларға шипалы батпақты турист тартуға пайдаланғаннан гөрі сорғытып, орнына құрылыс салу әлдеқайда тиімді болып тұрған сияқты.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу