3-5 қазан күндері Бейжің қаласында халықаралық China Youth Smash 2025 турнирі өтті. Жарыс әйгілі WTT Youth Grand Smash сериясының бір бөлігі және жас таланттар үшін ең беделді жарыстардың бірі болып саналады. Ол бейресми түрде "жастар арасындағы әлем чемпионаты" деп аталады. Себебі мұнда Азия, Еуропа, Америка құрлығының үздік ойыншылары жиналды.
Олардың қатарында Ким Гаон (Корея, жастар арасындағы халықаралық рейтингте №3), Ли Сынсу (Корея, №4), Рюсэй Каваки (Жапония, №5), Ли Хечен (Қытай, №7), Алан Құрманғалиев (Қазақстан, №9), Чан Ю-Ань (Қытай Тайбэй, №10), Вен Руибо (Қытай, №11), Шунто Иваида (Жапония, №15) және басқалары болды.
Алғашқы ойын күнінде Алан Құрманғалиев Сингапур спортшысы Тан Николасты 4:1 есебімен жеңді. Топтық кезең қорытындысы бойынша Құрманғалиев (Қазақстан) Ло Ка Кит (Гонконг) және Тан Николаспен (Сингапур) бірдей ұпай жинады. Алайда партиялар арақатынасына сәйкес 1/8 финалға қазақстандық спортшы жолдама алды.
1/8 финалда ол кореялық Ма Ёнминге 0:2 есебімен ұтылып жатқан еді, бірақ жігер танытып, ойынды өз пайдасына бұрып, 4:3 есебімен жеңіске жетті. Ширек финалда Құрманғалиев аса тартысты матч өткізіп, Қытайдың жастар арасында жекелей және жұптық сында әлем және Азия чемпионы атанған Ли Хеченді 4:3 есебімен тізе бүктірді. Осылайша қазақстандық спортшы қола жүлдеге қол жеткізді.