Алатаяқты ақ қолғап алмастырды

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
9534

Жол-патруль полициясының қызметкерлері алатаяқ орнына қолдарына ақ түсті биялай мен жарыққа шағылысатын жеңқап киетін болды.

Алатаяқты ақ қолғап алмастырды Фото: m-astana.kz

2017 жылдан бастап ішкі істер министрлігі жол-патруль қызметкерлері алатаяқ қолданбайтын болды. Енді олар қолдарына ақ түсті биялай мен жарыққа шағылысатын жеңқап киеді деп мәлімдеді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

"Жол-патруль қызметкерлері жұмыста алатаяқты қолданбайтындықтан өңір әкімдерінің қолдауымен жол-патруль полициясы қызметкерлерін жарыққа шағылысатын жеңқап, ақ түсті биялай және басқа да қосымша киім-кешекпен қамтамасыз ету мәселесін шешуді жопарлап отырмыз. Осыған байланысты әкімдіктердің қолдауымен ауылдағы учаскелік инспекторлардың көлігін арнайы дауыс зорайтқыш құрылғымен және жарық сигналымен жабдықтау жоспарланып отыр", – дейді министр үкімет отырысында.

Сонымен бірге ІІМ ақпан айынан бастап өз қызметкерлеріне бейнетіркеуіш сатып ала бастайды.

"Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты кешенді шаралар жоспарланып отыр. "100 нақты қадам" ұлт жоспарына сәйкес жол полициясы қызметкерлерін бейнетіркеуішпен қамтамасыз ету қарастырылып отыр. Сіздің тапсырмаңызбен бейнереттеуіш сатып алуды осы жылдың ақпанында бастаймыз", – дейді министр.

Сонымен қатар осы жылдың басынан жол қозғалысын бақылау, көбінесе, көлікпен торуылдау әдісімен іске асатынын ескере отырып, өңір әкімдерінің қолдауымен полиция автопатрулінің санын тиісті нормаға дейін жеткізу міндеті кезең-кезеңімен шешіледі.

"Жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай өңірлерде жол қозғалысы ережесін бұзудың фото, бейнетіркеу және техникалық бақылау құралын арттыру мәселесін кезең-кезеңімен шешу жоспарланып отыр. Оның тиімді екені белгілі. Өткен жылдың өзінде құрал қолданудың арқасында 900 мыңнан астам жол жүру ережесін бұзу оқиғасы тіркелген", – дейді Қалмұханбет Қасымов.

Қоғамдық тәртіпті сақтаудың тиімділігін арттыру мақсатында әкімдіктермен бірлесіп, бейнебақылау жүйесін, ең бірінші, қозғалысы басым көшелерде, азаматтар көп жүретін жерде, базарда, сауда орталығында және басқа да нысандарда кезең-кезеңімен арттыру шаралары қарастырылып отыр.

"Сонымен бірге жергілікті полиция қызметінің жұмысын жандандыру мен дамытуға, учаскелік инспекторлар жұмысына жағдай жасауға, сондай-ақ азаматтарға қызмет көрсетуге бағытталған тағы бірқатар шара ойда бар. Түзеу колонияларында сотталғандарға жұмыс орнын ашып отырған кәсіпкерлік субъектілерін ынталандыру шаралары жоспарланып отыр. Сонымен бірге жол-патруль полициясы қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын нығайту шаралары жоспарланып отыр", – деп қорытындылады министр.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу