"Алаяқ махаббат" жалғыз үйі мен көлігінен айырды

3920

Пробациялық бақылаудағы қылмыскер елді алдап жүр. 

"Алаяқ махаббат" жалғыз үйі мен көлігінен айырды

Пандемия жағдайында қазақстандықтар көптеген қиындыққа кезікті. Әр оқиғаның артында қилы-қилы тағдыр, сан түрлі өмір соқпақтары жатыр. Бұл әркімнің жеке ісі болғанымен, өзгелердің оны білуі сондай қателерді қайталаудан сақтандыруы мүмкін.

Коронавирус кесірінен оқшаулануға мәжбүр болған адамдардың көбі жалғыздықтың құрсауында қалды. Бұл оларды тосын қадамдарға итермелейді. Солардың бірі Татьяна К. интернет арқылы 27 жасар Леонид Яговцевпен танысады. Қазіргі кезде оның үстінен Қылмыстық кодекстің 190-бабының "бірнеше рет жасалған алаяқтық" деп аталатын 4-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл бап 7 жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Бірақ ол жайында әрине, ғашықтық ләззатына бөленген бойжеткен басында ештеңе білмеді. Нақсүйері де тіс жармаған. Сүйкімді бейненің ар жағында сұрқай жан жасырынғанын сұлу сезбейді.

"Ол менің пәтерімді сатып жатқанымды білген соң алдап-арбап, басымды айналдырып, ақыры өзінен "Toyota Camry 70" автокөлігін сатып алуға көндірді. Автомобильді ол Ресейден айдап әкелетінін айтты. Кедендік алымдарды төлеуі үшін де менен ақша алды. Кейіннен тағы көлік әкелетін болып, менің қолданыстағы көлігімді сатқызып, оның қаражатын да қалтасына басты. Уәделескендей, Toyota Camry маркалы бірнеше автокөлік алып келді.  Мен бір ай бойы алдымен оның бірін, кейін екіншісін жүргіздім. Алайда ешқайсысын менің иелігіме рәсімдемеді. Мен оған қалтқысыз, құлай сендім. Оның айтуынша, рәсімі солай екен: "растаможкадан" өтіп, тазалану барысында әкелушілерге тіркеледі. Содан кейін оның қалағанын өз атыма көшірте алатынымды айтты", – дейді Татьяна.

Шынында, көліктер бөгде адамдардың атына уақытша тіркелген. Жәбірленушінің айтуынша, олар көшедегі үйсіз "бомждар" болып шықты. Леонид уақыт созу үшін біресе сүйіктісіне әдемі мемлекеттік нөмірлік белгіні сатып алып жатқанын айтып қуантқан, енді бірде Қазақстанда ресейлік көліктерге қатысты заңнама өзгергелі жатқанын, сол жеңілдіктердің күшіне енуін күтіп жүргенін жеткізіп, жақауратқан.

Ақыры бір ай күтіп, төзімі таусылған Татьяна полицияға жүгінетінін мәлімдеп, талап қойғанда Леонид көзбояушылық жасап, "ұрлықшы-бандиттердің көліктерді айдап әкеткенін" хабарлаған. Бірақ өзі машиналарды Шымкентке апарып тастайды. Бұған сенбеген бойжеткен полицияға шағым жазбақшы болады. Сонда жігіт қызын гаражға шақырып, сол жерде нотариуспен жүздестіреді. Үшеуі отырып, қарыз алу туралы келісім бекітеді, екі айдан кейін қайтаруға уәде етеді.   

Сөйтсе, мұнысы да алаяқтық екен: әлгі нотариус нотариалдық іс-әрекеттер жасау құқығынан айырылыпты.

Бұл шытырман оқиға немен аяқталды?

"2020 жылғы 20 қазанда мен Яговцевтің өтелмеген соттылығы барын, пробациялық бақылауда тұрғанын біліп, елорданың Есіл аудандық ішкі істер бөліміне өтініш жаздым. Тек 27 қазанда ғана қылмыстық іс қозғады. Содан бері 5 апта өтсе де, тергеушілер Яговцевті тергемеді. Мен Тұран даңғылындағы полиция бөліміне күн сайын барып, сотқа дейінгі тергеуді бастауды талап еттім. Олар күдіктінің жасырынуға тырыспағанын алға тартып, істі созбалаңға салды. Сөйтіп, оған қашып кетуге мүмкіндік берді. Енді күдіктіні таба алмай жатқанын сылтауратады. Ол болса, үнемі байланысқа шығады, маған WhatsApp-қа жазады. Пробацияда тұрған, әрбір 2 апта сайын полицияда тіркеліп кетуге тиіс адамды қалай таба алмайтыны белгісіз", – дейді Татьяна.

Оның айтуынша, тергеушілер тіпті көліктің бірі өз атына жазылған Шамоновтан да жауап алмапты. Автотұрақтағы бақылау камераларының бейнежазбасын талап етпепті: оның бірінде ғашығы көлікті мініп кетпеуі және кілтін қайтаруы үшін Яговцевтің оның багынан жанармайын ағызып тастап жатқаны бейнеленген.

"Полицейлер шағымды сақтау мерзімі өтіп кетуін күтіп жүрген сияқты деген күдік пайда болды. Сонда олар оны архивке өткізе салады. Телефонмен тілдесулердің бірінде Яговцев "3 миллион теңгені алып, шағымыңды кері қайтарып ал!" деп ұсынды. Одан бас тарттым. Себебі, ол маған және 70 жасар анама тиесілі болған пәтердің де, көлігімнің де ақшасын, барлығы 18 миллион теңгемді алып қойды. Мұны естіген ол 3 миллионды полицейге беретінін, сонда ешқандай сот болмайтынын, маған да көк тиын тимейтінін мәлімдеді. Ол осы ниетін жүзеге асырды ма деп қорқамын. Өйткені тергеуші сөзбұйдаға салып әрекетсіз жүр. Полиция бөлімінің басшысына кірдім, ол "Яговцев ешқайда құтылмайды" деп алаңдамауға шақырып, шығарып салды. Қазір бәрі жабылып, оны таба алмауда", – дейді Татьяна К.

Ол Нұр-Сұлтан әкіміне, билік өкілдеріне хат жазып, тергеушілердің өзін тексеруді, ал алаяқты жазалауды сұрап жүр. Онысынан не шығатыны беймәлім. Жәбірленуші өмірінде алғаш рет құқық қорғау органдарына жүгініп отырғанын айтады. Яғни, бюрократия жайлаған бұл жүйеге алғаш рет маңдай соғып отыр. Белгілі даналыққа салсақ, алданып әділет іздегенше, алданбаудың жолын іздеген ләзім.

Нұр-Сұлтан қаласының Алматы аудандық соты 2019 жылғы 7 қарашада Л.Яговцевтің басқа бір қылмысына қатысты үкім шығарғаны анықталды. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы болып табылатын айыптының кәмелетке толмаған баласы барлығы белгілі болды. Бірақ ол ешқашан және ешкіммен ресми некеге тұрмаған.

2019 жылғы 10 қыркүйекте қамауға алынды. Үкімде көрсетілгендей, Леонид Яговцев былтырғы 23 мамыр түнінде Коваленкомен бірге Нұр-Сұлтандағы танысының жол талғамайтын көлігін қуып әкетпек болады.

"Топ құрып, алдын ала мәмілелесіп, олар өз қолдарындағы кілтпен есігін ашып, Қосыбаевқа тиесілі, құны 10,8 миллион тұратын "Toyota Land Cruiser 200" маркалы автомобилін ұрлап әкеткен. Тиісінше, қылмыс аса ірі мөлшерде жасалған. Алайда олар ойлағандарын аяғына дейін жеткізе алмады, себебі қашып жасырыну талабы кезінде полиция қызметкерлері ұстап алды", – делінген құжатта.

Төрағалық етуші судья Н.Мелдебаева Леонид Яговцевті айыпты деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды. Әйткенмен, тағайындалған жазаны "шартты" деп санау керектігін қосып, оның үстінен пробациялық бақылау орнатқан. Сот Яговцевке тұрақты орнын өзгертуіне, яғни Петропавл қаласы аумағынан кетуіне, дәмхана, мейрамхана, бар, түнгі клуб секілді арақ-шарап сатылатын көңіл көтеру мекемелеріне баруына, пробациялық қызметтің рұқсатынсыз басқа елді мекендерге жол жүруіне тыйым салды.

Пробация қылмыскердің қайтара қылмыс жасауына кедергі бола алмағанға ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу