Алаяқтар енді қажылыққа да қол салды

2398

Мұсылмандық парызын өтегісі келетін қазақстандықтар алаяқтардан абай болғаны абзал.

Алаяқтар енді қажылыққа да қол салды

Қай жерде ірі ақша жүрсе, арамзалар да сол арадан табылатыны жасырын емес.

Ал Сауд Арабиясына қажылықпен бару қомақты шығынды талап етеді. Оның үстіне биыл қажылық сапардың құны қымбаттаған. Қажылық жасаудың орташа бағасы Қазақстанда – 6,5 мың долларды, Ресейде – шамамен 6 мың долларды, Өзбекстанда – 5 650 долларды құрады.

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми мәліметінше, биыл 3 000 отандасымыз қасиетті мекенге аттануға мүмкіндік алды.

"Ислам конференциясы ұйымының сыртқы істер министрлерінің қарарымен 1987 жылы белгіленген тәртіп бойынша әр мұсылман елінен бір миллион адамнан тек бір мың адам қажылық жасауға болады деп бекітілген. Пандемияға дейін Қазақстан үшін 10 000 мұсылманға дейін қажылық жасауға мүмкіндік берілетін. Алайда екі жыл әлемдік індет салдарынан елімізден ешкім қажылыққа бара алмады. 2022 жылы Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрлігі әлем елдерінен қажылыққа келетін мұсылмандар санын 45,2 пайызға дейін қысқартып, биыл 1 миллион адамды ғана қажылыққа шақырып отыр. Сол себепті биыл Қазақстанға 4 527 қажылық орнын алуға рұқсат берді. Әйтсе де бірнеше себепке байланысты 2022 жылы конкурстық негізде 14 туроператорға жалпы саны 3 000 қажылық орны бөлінді", – деп хабарлады ҚМДБ.

ҚМДБ квотаны ерікті түрде мың жарымнан астамға азайтып тастауға бірнеше себепті атады.

Біріншіден, Қазақстанда АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы күрт өсті. Екіншіден, 2019 жылдың қыркүйегінде Сауд Арабиясының билігі қосылған құн салығын 15%-ға өсірді. Бұл өз кезегінде қажыларға көрсетілетін қызметтің – көлік, тамақ, қонақ үй, басқасының бағасының өсуіне әсер етті.

Үшіншіден, пандемияға дейінгі жылдарда қажылық маусымында Қазақстан 3 мыңдық квотаның өзін қиындықпен игере алатын. Төртіншіден, Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрлігі қажылардың жасын 65-тен асырмау туралы бүкіл мемлекеттерге қатаң талап қойып отыр. Бұған жаһандағы демі таусылуға таяған көптеген мұсылман азаматтардың қасиетті жерге жетіп жығылуды армандайтыны, соған барын салатыны себеп болса керек.

ҚМДБ байламынша, мұның бәрі қазақстандық турфирмаларға клиенттердің, яғни болашақ қажылардың қатарын толтыра алуына кері әсерін тигізеді. Өйткені мысалы, Қазақстанда әдетте қажылардың 35%-ы 65 жастан асқан азаматтар. Қазақстанда қажылықты негізінен, "Хикмет Тревел", "Қызмет Саяхат", "Атлас Туризм", "Sanabl", "Ордабасы-НЖ" "Nurkhan travel", "Tawaf Travel", "Qazaq Travel", "Хидаят-Нур", "Нұр-Қазақстан", "Сембекова и К", "Mina travel", "Ал-Маруа", "Robinzonkz" сияқты жалпы 14 компания жүзеге асырады.

"Туристік фирмалардың басшылары мен өкілдерінің пікірлері дауысқа салынып, нәтижесінде Қазақстан азаматтары үшін Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрлігінен 2022 жылғы қажылық маусымына 3 000 қажылық орнын алатын болып шешім қабылданды. Себебі Қажылық және ұмра министрлігі Қазақстан азаматтары үшін берген қажылық орындары толмай қалса, туроператорлар қыруар шығынға ұшырап, Қазақстан қажылық миссиясына айыппұл салынатыны белгілі", – деп түсіндірді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.

Салыстыру үшін айтсақ, 1990 жылы Қазақстанға небары 50 квота бөлінген. Коронавирус індеті таралғанға дейін, 2019 жылы қажылар саны 3200-ге жетті.

Биыл қазақстандықтар 28 маусым мен 3 шілде аралығында 4 қаладан аттанып, шілде ортасында елге оралыпты.

Алайда кейбір адам осы топқа іліге алмай, сан соғып қалған. Себебі алаяқтарға жем болды. Асқар Құсайын да мұсылмандық парызын өтеуге бел буады.

"Мені Н.Әбдікерім алдап соқты. Ол менен 2022 жылғы мамырда 6300 доллар алған болатын. Өйткені биыл Меккеге сапарлап, қажылық жасауға ниет еттім. Туристік компанияларға хабарластым. 23 мамырда маған Әбдікерім деген адам шығып, осыған қатысты қызметін ұсынды. Оның өзі де, сөзі де ұнады. Жақсы адам көрінді. Содан оның қызметін пайдалануға ұйғардым. Ол сол күні WhatsApp арқылы шығып, қонақүйлер бойынша фото және бейне материалдарды жолдады. Біз бастапқы жарна туралы келістік. Содан 24 мамырда мен оған Каспи голд арқылы телефон нөмірі бойынша 1 миллион теңге аудардым. Кейін қалған соманы, 3 950 долларды мен оған қолма-қол ақша және шетелдік валюта түрінде бердім: 28 мамырда ол маған Алмас деген адамды жолдады, оны өзінің інісі деп таныстырды. Шынында, ол танысы болып шықты. Мен Алмастың көлігінің мемлекеттік нөмірін жазып алдым. 3 950 долларды соған ұстаттым", – дейді Асқар.

Қаржы қолына түсе салысымен, сергелдең басталған.

Оның айтуынша, Н.Әбдікерім құжаттарды бермей, түлкібұлаңға салған, ертең беремін деп уәдеге тойдырумен болған. Жәбірленуші бір айдай күтіпті. Бірақ ұшатын күн келіп жеткенде, не виза, не билет қолына тимегенде ғана ол алданғанын түсінеді.

Әрі қарай қулық схема жүзеге асырылыпты. 29 маусымда Н.Әбдікерім нотариус Бекбатыроваға барып, ақшаны қайтаратыны туралы қолхат рәсімдеп, оны құрбанына жолдаған. Онда оның Асқардан қарыз алғаны туралы жазылыпты. Яғни қажылықты ұйымдастыру қызметі туралы бір сөз айтылмады. Бұл қолхатқа тіпті жәбірленушінің келісімін де алмаған, нотариусқа оны шақыртпаған.

"Бұл қарыз туралы міндеттеме қолхатын да WhatsApp арқылы алдым. Шынында, мен оған ешқандай қарыз берген жоқпын! Бұл ретте осы қолхатты рәсімдемес бұрын оның мәтінін, мазмұнын алдын ала танысу және растау үшін маған жіберген де жоқ. Енді осы қолхатқа сүйеніп, Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданының полиция басқармасының тергеушісі аға лейтенант Сайфутдинова оның үстінен қылмыстық іс қозғау туралы менің өтінішімді қанағаттандырудан бас тартты. Өзіңіз қарыз берген екенсіз, бұл қылмыс емес қой, сот арқылы өзіңіз қайтарыңыз дегенге келтіріп отыр. Қарыз алып, оны бермей қойғандардың қарекеті алаяқтық бабына жатпайды екен. Маған бұл қолхаттан түк пайда жоқ, нотаруис оны рәсімдегенде мен болған да жоқпын. Сонда кім көрінген нотариусқа барып, қарсы тараптың қатысуынсыз және растауынсыз ойына келгенін бекітіп ала беретін болғаны ма?", – деп күйінеді Асқар.

Осылайша, оның пайымдауынша, алаяқ әкімшілік және қылмыстық қудалаудан құтылып кетіп отыр. Ақшаны да қайтармаған, қажылықты да ұйымдастырмаған. Ғажабы сол, Н.Әбдікерім телефон нөмірін ауыстырмады. Содан 1 шілдеде Асқар Алматыға арнайы ұшып барып, қоярда-қоймай жүріп, онымен кездескен. Бастапқыда жылпос қаржыны қайтаратынын уәде етіп, безектеген. Алайда ақыр соңында ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап жібергенін, қаржы аударғандардың ешқайсысына қажылықты ұйымдастырмағанын мойындапты.  

"Ол басқа адамдармен алмасқан хат-хабарларын көрсетті. Зардап шеккен жалғыз мен ғана емес екенмін. Ол тіпті өзінің үстінен басқа қылмыстық іс қозғалғанын, содан басы қатып жүргенін айтты. Қаражатымды 4 шілдеде қайтаратынын, үстіне 200 мың теңге қосып беретінін мәлімдеді. Ол үшін көлігін сатуы керек екен. Кепіл ретінде маған жеке куәлігін және үш банк картасын табыстады. Дегенмен содан бері ақшамды қайтармай, жалтарып, менен қашып жүр. Мен Нұр-Сұлтан қаласының полициясына өтініш жаздым. Ол 26 шілдеде тіркелді. Бірақ Алматы ауданының полициясы ізінше істі доғарып, архивке тапсыра салыпты. Бұл алаяқтық емес деп отыр. Егер Әбдікерім менің сеніміме кіріп, ақшамды алдап алса, қайтармай қойса, бұл алаяқтық емес пе? Полиция алаяқтың рәсімдеген қолхатына сүйенеді. Сонымен бірге өзге алданғандар бар. Мен деректері болмағандықтан оларды таба алмадым, басқа қалалардан болса керек", – дейді Асқар.   

Оның қолында Әбдікеріммен алмасқан хабарламалары, ол берген чектер, қолхаттар бар екен. Егер әлгі алаяқтың құрбаны болған басқа адамдар болса, полицияға хабарласқандары жөн.

Жәбірленушінің шағымы қазір қарастырып, жауап беруі үшін Нұр-Султан қаласының Полиция департаментіне жолданды.

Жанат Ардақ 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу