Алаяқтардың жүйесі сыр бере бастады

6574

Қаскөйлер қарау тірліктері үшін қарапайым қазақстандықтардың нөмірін қолдануға көшті, деп жазады Inbusiness.kz.

Алаяқтардың жүйесі сыр бере бастады

Бұған дейін өзін "банк қызметкерімін" деп таныстыратын қылмыскерлер жетекші банктердің бірыңғай байланыс орталығы нөмірінен хабарласатын. Кейінгі кезде ол тактикасын өзгерткен көрінеді. Енді азаматтарға өзге адамның нөмірінен қоңырау шала бастады.

"Алаяқтар өз құрбандарына телефон соғу үшін қазақстандықтардың нақты нөмірлерін пайдалануда. Оның қиындығы жоқ көрінеді: интернетте ұялы телефон нөмірлерін дубляждауға арналған бағдарламалар жетерлік. Алаяқтар соны пайдаланады. Олар ресми тіркелген нөмірлерді кездейсоқ таңдай салуы мүмкін. Яғни, нөмір иесі алаяқтарға еш қатысы болмауы ықтимал. Алайда sim-картаңыздан жасалған қоңыраулардың детализациясын алғызсаңыз, алаяқтардың қоңырауларын одан таба алмайсыз. Неге олай? Өйткені қылмыскерлер сіздің телефоныңыздан емес, тек сіздің нөміріңізді пайдалана отырып, интернет сайттар арқылы қоңырау шалады", – дейді қоғам белсендісі Тамара Албагачиева.

"Күйсеуді тоқтат!"

Әлеуметтік желіде "Гульж Аст" бүркеншік есімімен белгілі елорда тұрғыны, ревизор-бухгалтер Гүлжан күлкілі оқиғаға кезіккенін айтады.

"Алаяқтардың жүйкесі сыр бере бастағанға ұқсайды. Банктің байланыс орталығынан емес, қарапайым Altel нөмірден қоңырау соғылды. Наушникпен отырғанмын, қоңырауды қабылдадым. Сонымен бірге жұмысымды, яғни, құжат беттерін парақтауды жалғастырдым. Ер адам "Каспи банктен" хабарласып тұрғанын мәлімдеді. Жұмыстарым осы банкке қатысты болғандықтан, еш құйтырқылық күтпедім, мұқият тыңдадым. Жұмысымды да доғарған жоқпын, қағаздарымды ары қарай сыбдырлатып, сусылдатып жатырмын. Қоңырау шалған еркек кенет шыдамай кетіп, маған ақырып, айғайлай жөнелді: "Хватит жрать! Совсем обалдела что ли? Жуешь, когда с тобой из банка разговаривают!" деді де, байланысты үзе салды", – дейді ол.

Айран-асыр болған есепші таңданған күйі әлгі нөмірге кері қоңырау шалады.

"Бір қыз жауап қатты, маған телефон соқпағанын айтады. Бірақ оған кері хабарласып тұрған жалғыз мен емес екенмін. Сондықтан оған нөмірін ауыстыруға кеңес бердім. Бұл жағдай қапаландырды. Себебі, алаяқтар кез келген адамның нөмірінен телефон шалып, өзгеге дөрекілік, доқ көрсетуі, қорқытуы мүмкін. Ал қызмет көрсеткені үшін сізден ақы алып отырған байланыс операторлары сізді қорғамайды", – дейді ол.

Операторлар тек тариф көтеруді ғана біледі.

Оның үстіне ар жақтағы адам ондай қоңырауды "Call recorder"-ге жазып алып, полицияға шағымданса, нөмір иесіне өзінің ондай заң бұзушылық жасамағанын дәлелдеп, сергелдеңге түсуіне тура келмек.   

Нұрсұлтандық Ләззат С. жақында өзіне алаяқтар ішкі істер департаменті атынан хабарласып, қоқан-лоққы жасап, ақша дәметкендерін жеткізді. "Ағаңыз бөтеннің машинасын бұзып тастады, қазір біз көрсеткен нөмірге ақша аударсаңыз, оны жазаламаймыз" деп алдаған. Бұл ретте олар Ләззаттың ағасы жоқтығын білмеген.

Динара Әбсалямова танысына өзінің нөмірінен қылмыскерлер хабарласып, үркіткенін еске түсірді.

"Экранда менің нөмірім шыққан. Ал менің телефонымда ол танысыма қоңырау шалмағаным көрініп тұр. Біле сала, Теле2-ге жүгіндім. Олар келесідей жауап жолдады: "Өкінішке қарай, сіздің абоненттік нөміріңіз алаяқтық сипаттағы қоңырауды бүркемелеу және алмастыру үшін пайдаланылған. Мұндай әрекеттер көбіне арнайы бағдарламалар мен құрылғылар көмегімен жүзеге асырылады. Сіздің өтінішіңізден кейін біз қоңырау түскен нөмірді тексеріп, қауіпсіздік мақсатында мұндай күдікті трафиктің өтуін бұғаттадық. Біз, оператор ретінде телефон алаяқтарымен күрес үшін барлық шараларды қабылдап жатырмыз. Біздің кінәмізден болмаған бұл жағдай үшін кешірім өтінеміз!". Бір түсініксізі сол, құзырлы органдар деректерімізді қорғай алмаса, телефондарымызды, онда нөмірлерімізді ресми дерекқорға тіркеуге неменеге міндеттеді?", – дейді ол.

Осылайша, азаматтар алаяқтарға жем болуда.

Алаяққа алданбау үшін не істеу керек?

Бұл алаяқтардың көбі Ресейден қоңыраулатады. Солтүстік көршінің сарапшылары түрмелерде тұтас "call-орталықтар" жұмыс істейтінін, адамдарды алдаумен айналысатынын әшкерелеген.

Белгілі компанияның киберқылмыстарды тергеу және қауіпсіздік инциденттеріне үн қату бөлімінің жетекшісі Ярослав Каргалев бейтаныс адамдар телефон шалып, доқ көрсетсе, ақша талап етсе, немесе банктегі несиеге қатысты "жаңалықты" жеткізсе, бірнеше қарапайым тәсілді есте сақтауды ұсынады.

Біріншіден, егер банктен хабарласса, тілдесуді үзіп, өз бетіңізбен банктің ресми байланыс орталығына кері хабарласып, мән-жайын анықтаңыз.

Екіншіден, ешқашан телефон арқылы ешкімге картаның реквизиттерін, жеке басыңыздың дербес деректерін бермеңіз.

Үшіншіден, қоңырау шалушыға қарсы сұрақтар қойып, оның аты-жөнін, лауазымын және басқа деректерін сұрап, жазып алыңыз. Бұл сұрақты бірнеше рет қоюға болады. Олар көбіне, жаңылысып, басқа ақпаратты айтып жатады. Мысалы, алаяқтардың бірі әңгімелесу барысында өзін біресе, Ерлан, біресе, Руслан деп атаған.

Төртіншіден, полицияға хабарласып, өтініш қалдырған жөн. Бұл әсіресе, адам атына кейін жалған онлайн кредит рәсімделсе, қажет болуы мүмкін.

Бесіншіден, полицейлер олармен қазақ тілінде сөйлесуге кеңес береді. Банктердің байланыс орталықтарында екі-үш тіл білетін мамандар отырады. Ал ресейлік, алыс шетелдік алаяқтар мемлекеттік тілімізден мақұрым. Қазақша естісе, уақыт жоғалтпау үшін әңгімені тоқтатады.

Алтыншыдан, банктердің байланыс орталықтарының мамандарына клиенттерге қоңырау соғып, дербес деректерін жинауға тыйым салынған. Олар тек банкпен арадағы келісімшартта көрсетілген құпия сөзді ғана сұрауы мүмкін. Басқа деректеріңіз олардың қолында онсыз да бар.

Жанат Ардақ


 Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу