Бірде кадр тапшылығы сөз болса, кейде мамандар керісінше жұмыс таба алмай жүргенін алға тартады. Енді бұл нарыққа тағы бір қыспақ түсуі мүмкін, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Таяуда Microsoft компаниясы еңбек нарығына болжам-зерттеу жасап, әлемде автоматтандыру қарқыны күрт өскенін, тұтас кәсіби бағыттардың жұмысын жасанды интеллект атқара алатын дәрежеге жеткенін анықтады. Мысалы, жойылып кетуі мүмкін сала ретінде сату және клиенттер жұмыс істеу ең алдыңғы қатарда тұр. Бизнес бұл бағытты түгелдей автоматтандырып, жұмысшыларға төлейтін артық шығыннан құтылғысы келетінін бұған дейін де көрсеткен.
Бір қызығы, қауіпті аймаққа ақпараттық технологиялар мен математика, кеңсе және әкімшілік жұмыстары, әлеуметтік қызмет пен қоғамдық сала, әрісі өнер, дизайн, медиа және ойын-сауық салалары да енген. Негізсіз емес, қазір бұл салалардағы жұмыс функцияларының жартысынан көбі жасанды интеллект технологияларымен байланысты.
Алайда жасанды интеллект қанша қарыштап дамыса да, орнын баса алмайтын мамандықтар бар. Оның алдыңғы қатарында денсаулық сақтау, агроөнеркәсіп, құрылыс, пайдалы қазбалар өндіру, тазалық пен техникалық қызмет көрсету тұр.
Бұған қарап гуманитарлық және сервистік салаларда жасанды интеллектіні қолдану деңгейі айрықша жоғары екенін байқаймыз. Қазірдің өзінде аудармашылар азайып жатыр. Нейрожелілер мәтінді қатесіз аударатын деңгейге жетіп қалды. Тарихшыларға да бұл үйіріле бастапты, себебі жасанды зерде архивтердегі деректерді жылдам талдап, қорытынды шығарып беруге қауқарлы.
Бортсеріктер мен жолсеріктердің жұмысында да жасанды интеллект коммуникациялық функциялардың бір бөлігін өз мойнына ала бастапты. Ал онлайн саудада чат-боттар тиімділігін көрсетіп үлгерді. Әдебиет те елеусіз қалған жоқ, жазушылар мен авторлар арасында генеративті модельдер мазмұн, сценарий және мақалалар жазу арқылы жылдамдық пен көлем тұрғысынан тікелей бәсекелеске айналды.
Осылайша бір ғана жасанды интеллект жер жүзіндегі еңбек нарығына дүмпу алып келді. Мәселен, әлемде көшбасшы саналатын ChatGPT нарықтың 81,12 пайызын жаулап алған. Биыл жаһандық трафигі 5,8 млрд долларға жетті.
Осыған дейін автоматтандыру тек механикалық жұмыстарға әсер еткенін айтатын едік, енді интеллекті еңбектің өзіне – талдау, аударма, мәтін жазу, оқыту процестеріне еніп отыр. Адаммен қатар жұмыс істейтін дәрежеге барды.
Әйтсе де Қазақстан бұл үдерістен біршама кешігіп келе жатыр. Сондықтан жақын арада салаларда өзгеріс болатынын болжау қиын. Кәсіпорындар шығынды азайту үшін нейрожелілерді пайдаланады, бірақ қызметкерлерді қайта оқыту мен бейімдеуге инвестиция салмай отыр. Басты мақсат – шығынды қысқарту, бірақ жұмыстың сапасына мән беріліп жатқан жоқ. Әйтсе де гуманитарлық және қызмет көрсету саласына жасанды зерденің енуі біршама оңай. Сондықтан технологиялық толқын бұл салаларды жұтып қоюы мүмкін.
Басқасын айтпағанда қазір жасанды интеллект жаһандық саясатқа да араласа бастады. Цифрландыру халықаралық қатынастарда жаңа құбылыс ретінде қарастырылып жатыр. Соның әсерінен әлемде "цифрлық дипломатия" деген термин пайда болды. Яғни, келешекте мемлекеттердің қарым-қатынасы да цифрлық әлем арқылы жүзеге асуы ықтимал.
Дегенмен Қазақстан жақын арада жасанды интеллектінің еңбек нарығына ықпалымен емес, кадр тапшылығымен күресе беретін секілді. 2024 жылғы есеп бойынша, елімізге 2817 мұғалім, 3,9 мың дәрігерге қажет болған. Оның үстіне техникалық мамандар мен жұмысшыларға қатысты қажеттілік те еселеп артуда.
Былтыр "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ сарапшылары 2024-2030 жылдарға арналған кадр тапшылығы жөніндегі мәселеге зерттеу жүргізді. Осы кезеңде Қазақстанға жалпы саны 1,8 млн кадр керек болады екен. Соның ішінде жоғары білімі бар қызметкерлер – 494 мың, техникалық және арнайы білімі бар қызметкерлер – 1 млн (400 мыңы жұмысшы). Ал басшылар және біліктілігі жоқ қызметкерлерге қажеттілік шамамен 300 мың адамды құрайды.
Егер салалар бойынша жіктеп қарасақ, білім беру (331 мың), сауда (228 мың), құрылыс (213 мың), денсаулық сақтау (128 мың), әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету (119 мың), көлік және қоймалау (116 мың) саласы алға шығады. Бұл қатарға ауыл шаруашылығы (114 мың), өңдеу өнеркәсібін (108 мың) қосыңыз. Жұмысшылардың жетіспеуі тіпті құрылыс саласында (111 мың) көрініс тапқан. Негізінен сылақшы, дәнекерлеуші, тас қалаушы, сырлаушы мен бетон құюшылар табылмайды. Тау-кен өндіру саласының өзіне 32 мың адам қажет.
Алайда адамзатта технофобия болып отырғанын жасырмау керек. Рас, әлемдегі алпауыт компаниялар өндіріске автоматицазияны енгізіп үлгерді. Егер осылай жалғаса берсе, "адамдар жұмыссыз қалуы мүмкін" деген ой айтылады. Қазақстанда да кейбір алпауыт кәсіпорындар бұрын бірнеше адам атқаратын жұмысты автоматтандыру арқылы оңай жүзеге асыра бастағанын естіп жатамыз. Бірақ бұған дейін робототехника маманы Ғизат Маханов бізге технофобия көбінде негізсіз үрей саналатынын жеткізген болатын.
– Жаңа технологиялар адамзатқа ылғи үрей тудырады. ХХ ғасырдың басында, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін осындай болды. Жасанды интеллект, роботизация басталғаннан кейін адамдар тағы да "жұмыссыздық болады" деп алаңдап жүр. Бірақ жұмыссыздық пен технологияға келгенде еш болжам дәл орындалмаған. Реалистік тұрғыда автоматтандыру, роботизация жұмыссыздық тудырмайды. Еңбек нарығы және экономика өте күрделі. Мысалы, 100 жұмыс орны бар, оның 50-ін робот алып қойса, қалған 50 адам жұмыссыз қалмайды. Керісінше, 50 немесе 100 жұмыс орны пайда болады. Неге? Бір зауыт роботты өндіріс процесіне енгізсе, сол зауыттан шыққан өнім нарықта арзан бағамен сатылады. Бұл қаржы жағынан халыққа тиімді. Артылған ақшасын ел басқа қызметке жұмсайды. Мәселен, біреудің қалтасында 15 мың теңге артылса, ол оны баласын оқытуға жұмсауы мүмкін. Демек, келесі жағынан педагогтерге сұраныс артады, – дейді маман.
Қазақстанда роботизация өте қымбат. Оны жасау, енгізу, күрделі бизнес процестерінде қолданудың шығыны мол. Ірі өнеркәсіптер болмаса, жаңа технологияға орта және кіші кәсіптің тісі батпайды. Сондықтан елімізде бүгін-ертең салалар мен мамандықтарға байланысты өзгерістер болатынына сенім аз.
Бұған мысал да жетерлік, Жапония мен Оңтүстік Кореяда роботизация керемет дамыды. Роботтар барлық саланы жайлаған. Дегенмен жұмыс орындары керісінше көбейіп, мамандарға сұраныс артқан. Мысал ретінде ондаған мың қазақстандықтың Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүргенін айтсақ болады. Алайда алдағы ширек ғасырда жұмыссыздыққа байланысты кей болжамдардың орындалуы мүмкін екенін тағы жоққа шығаруға болмайды.