Ширек финалда қазақстандық теннисші Александр Бублик дүниежүзілік рейтингте 24-орында тұрған француз спортшысы Артур Риндеркнеш-пен кездесті.
Матч аса тартысты өтіп, 3 сетке созылды. Бірінші сетте Риндеркнеш басымдық танытып, 7:5 есебімен жеңіске жеткенімен, Бублик екінші сетте ойын тізгінін өз қолына алып, 6:4 есебімен таразы басын теңестірді.
Шешуші үшінші сетте қазақстандық теннисші сенімді ойнап, 6:2 есебімен қарсыласын тізе бүктірді. Осылайша, ол жалпы есепте жеңіске жетіп, екі спортшының өзара кездесулеріндегі нәтижені 2:2-ге теңестірді.
Корттағы кездесу 1 сағат 54 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Бублик 8 эйс жасап, 3 қос қателік жіберді және 6 брейк-пойнттың үшеуін тиімді пайдалана білді. Бұл оның шешуші сәттерде тұрақты ойнап, қысымға төтеп бергенін көрсетті.
Енді жартылай финалда Александр Бублик АҚШ теннисшісі Лёрнер Тьен-мен кездеседі. Ал екінші жартылай финалда норвегиялық Каспер Рууд аргентиналық Мариано Навоне-мен финал жолдамасын сарапқа салады.