XDS Astana Development Team командасының велошабандозы Лев Гонов "Түркия Президенттік туры" көпкүндік жарысының үшінші кезеңінде тамаша жеңіске жетті.
Николя Винокуровтың көмегімен жақсы позицияға шығып, Гонов бірнеше асудан кейін топтасқан көшбасшылар арасындағы спринтте жеңіске жетті.
"Шынымды айтсам, бүгін жеңіске жетемін деп ойламадым. Әлі де сене алар емеспін. Бастапқы жоспарымыз негізгі асуларда көшбасшыларымызды алға шығарып, соңғы тауды еңсеруім керек болды. Өзімді жақсы сезіндім. Сондықтан соңғы асуда шабуыл жасап көруге бел байладым. Топтың реакциясын байқап, алда келе жатқан көшбасшыларымызға көмектесу мақсатында шабуылдап көрдім. Мені қуып жеткен соң, пелотонмен бірге жүрдім. Кейін төмендеп келе жатқанда біраз тынығып алдым. Мәреге 1 шақырым қалғанда Николя Винокуровты көре сала "жүр" деп айқайладым. Ол мені бірден түсініп, спринтті бастап берді. Николя маған мінсіз мүмкіндік жасады. Топта барлық шабандоздар шаршаған еді. Анық фаворит та болмады. Сондықтан мен Николяны артқа тастап, бар күшімді салып спринт жасадым және бұл жеңіске жетуге жеткілікті болды. Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Командаға қолдау көрсеткені үшін үлкен алғыс айтамын. Бұл керемет болды", – деді Лев Гонов жарыстан кейін.
Жалпы есепте Гонов 2-орынға көтерілді. Дегенмен шешуші таулы кезеңдер әлі алда. Онда XDS Astana Team-нің өзге велошабандоздары Харольд Мартин Лопес пен Ваут Пулс басты фавориттер қатарында.