Алексей Луценко: Бұл – менің соңғы Азиадам

225

Жарыстан кейін ол биылғы Азиаданың өзі үшін соңғысы екенін айтты.

Алексей Луценко: Бұл – менің соңғы Азиадам Фото: olympic.kz

Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Аичи мен Нагояда (Жапония) өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында жекелей уақытқа жарыста жеткен жеңісіне қатысты пікір білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Бұл алтын медаль Луценконың Азия ойындарында жеңіп алған мансабындағы бесінші алтыны болды. 

"Қазақстан атынан Азия ойындарында жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілу мен үшін әрдайым ерекше қуаныш. Оның үстіне бүгінгі күніміз жақсы жаңалықпен басталды: Рината Сұлтанова алтын медаль жеңіп алды. Бұл бізге жігер беріп, бүкіл құраманың рухын көтерді.

Өзім де жеңіске жеттім. Бұл – Азия ойындарындағы бесінші алтыным. Осы жарысқа арнайы дайындалып, жеңіске жетуді қатты қаладым. Мені қолдап, дайындығыма көмектескен барша жанға алғыс айтқым келеді. Әсіресе бас бапкер Дмитрий Муравьевке ерекше ризашылығымды білдіремін.

Жыл басы мен үшін сәтті бола қойған жоқ. Спортта жеңіс те, жеңіліс те қатар жүреді. Менің басымнан өткен жағдайдың қиындығы сонша, жаттығу кезінде тура мағынасында құлап қалдым. Дмитрий кәсіби спортшы болғандықтан, қандай кезеңнен өтіп жатқанымды жақсы түсінді. Ол мені үнемі қолдап, жігерлендіріп отырды. Соның арқасында Азия ойындарына тыңғылықты дайындалып, осындай нәтижеге қол жеткіздім. Дегенмен біздің жарысымыз әлі аяқталған жоқ. Үш күннен кейін топтық жарыс өтеді. Қазақстанның құрамы мықты, сондықтан жүлдеге таласып, барынша жоғары нәтиже көрсетуге тырысамыз. Оған қоса бұл - менің соңғы Азиадам. Себебі спорттық мансабымды аяқтаймын деп жоспарлап отырмын. Сондықтан мен үшін бұл жеңістің орны ерекше", – деді Алексей Луценко.

Айта кетейік, Луценко алғаш рет 2014 жылы Азия ойындарында чемпион атанды. Сондай-ақ ол 2018 және 2022 жылдары да алтын медаль иеленді. Осылайша, спортшының Азия ойындарындағы жүлде қоржынында қазір бес алтын және бір күміс медаль бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу