Әлем: 2021 жылдың елеулі оқиғалары

2930

2020 жылғы пандемиядан әбден мезі болған әлем жұрты биыл экономикалық тұрақтылық орнап, саяси жағдай реттелетінін күткен еді. Алайда олардың үміті ақталмады. 2021 жыл әлем халқы үшін несімен есте қалды? Толығырақ Inbusiness.kz тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Әлем: 2021 жылдың елеулі оқиғалары

Байденнің билікке келуі. Ереуілшілердің Капитолийге баса-көктеп кіруі

АҚШ-тың саяси сахнасындағы өзгерістерді күллі әлем талқылады. Жыл басында Джо Байден президенттік қызметіне кірісті.

Дональд Трамп сайлауда жеңіліс тапқанын мойындайматынын осы күнге дейін айтып жүр. 2020 жылдың 3 қарашасында өткен сайлау нәтижелеріне наразы топ, яғни Трамптың жақтастары 6 қаңтарда Капитолий ғимаратына баса-көктеп кіріп, Сенат залын қоршап алған болатын.

Тәртіпсіздік кезінде ондаған адам қамауға алынып, бірнеше адам көз жұмған. Осы оқиғадан кейін жүзден астам қылмыстық іс қозғалды.

Суэц каналындағы жайт

23 наурызда болған төтенше жағдай шикізат нарығын шатқаяқтатып жіберді. Ол кезде Ever Given кемесі Суэц каналының оңтүстік бөлігіндегі қайраңға килігіп, қозғалыс тоқтап қалған еді. Осы оқиғадан кейін шикізат құны 5%-ға көтерілді. Құтқару топтары кемені 29 наурызда шығарды. Бұл жайт нарыққа айтарлықтай әсер етті. 

Навальный

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың улануы, кейін оның бас бостандығынан айырылуы Ресей мен Батыс елдері арасындағы қарым-қатынасты шиеленістіріп жіберді. Осы жағдайға байланысты санкциялар салынып, Халықаралық ұйымдар ресми Мәскеудің әрекетін сынға алып, Навальныйды босатуды талап етті. 21 сәуірде ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың жақтастары бүкіл ел бойынша наразылық акцияларын өткізді. Саясаткерді қамау туралы шешім ақпан айында жарияланды.

Навальный шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарттарын бұзды деген айыппен 2,5 жылға түрмеге бас бостандығынан айырылды.  

Ауғанстан. Тәліптер

"Талибан" қозғалысының билікке келуін саясаттан хабары жоқ, болса да, тым салғырт адамдар да талқылады. Оларды сынады, әйелдерге қатысты саясатын айыптады. Ондағы қарапайым халықтың жайына мүсіркеп қарағандар көп болды. Осы күнге дейін террористік деп танылған ұйымның билігін ешбір ел мойындамады. Тәліптер инклюзивті үкімет құрып, адам құқығын сақтаған жағдайда ғана басқа елдер онымен тең дәрежеде санасатынын мәлімдеді.

Қазақстан – Ауғанстанға ұн мен бидай жеткізетін негізгі ел. Осы орайда еліміздің Ауғанстанмен тауар айналымын ұлғайтуға мүдделі екенін Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты. Осы елге ұн өнімдері мен өзге де азық-түлік жеткізу жөнінде меморандумға қол қойды. 9 қыркүйекте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстанның Ауғанстанмен іскерлік қатынастарға дайын" екенін мәлімдеді. Ал 17 қыркүйекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының Душанбеде өткен саммитінде ол "Ауғанстанның жаңа билігімен бейформалды диалогты" қолдайтынын білдірген болатын.

Газа секторы

Сәуір және маусым айлары Израиль әскерінің Газа секторына жасаған шабуылдарымен есте қалды.

Израиль әскері 10 мамырда әскери әрекеттерін бастады. 21 мамырда Израиль мен Палестинаның ХАМАС қозғалысы атысты тоқтату туралы келісімге келгеннен кейін ғана шабуыл тоқтатылды. Израильдің 11 күнге созылған шабуылдарынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 248-ге жетті. Олардың 66-ы – кәмелеттік жасқа толмағандар, 39-ы – әйелдер. 

Гаити президентіне жасалған қастандық

Гаити президенті Жовенель Моизге 7 шілдеге қараған түні шабуыл жасалып, алған жарақаттан ол сол бойда жан тапсырған еді. Осы жайттан кейін Гаитиде 15 күн соғыс жағдайы енгізілді. АҚШ-тың Әділет министрлігі Гаити Президенті Жовенель Моиздің өліміне қатысты тергеуді жүргізді. Өлтірер алдында оның азапталғаны белгілі болды. 

Меркель канцлер емес

Ангела Меркель Германия канцлері қызметінен кетті. Бұл – тарихи жағдай.

16 жыл билік басында болған саясаткердің орнына Германияның Социал-демократиялық партиясының жетекшісі Олаф Шольц келді. Негізі, Меркель бірнеше жыл бұрын үкімет басшысы ретіндегі өкілеттіктері аяқталғаннан кейін ешқандай саяси қызметпен айналыспайтынын мәлімдеген еді. Ол сонымен қатар өзінің мұрагерін таңдауға араласпайтынын айтқан болатын. 

Қытайға қарсы блок құрылды

АҚШ, Ұлыбритания және Аустралия стратегиялық маңызды Үнді-Тынық мұхиты аймағында Қытай ықпалының артуы аясында AUKUS деп аталатын одақ құрды. Байден жаңа одақ құрудың мақсаты Үнді-Тынық мұхиты аймағында бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету екенін айтты. Әрине, Қытай билігі олардың бұл қадамын жақтырмады. Бір қызығы, баспасөз мәслихаты барысында AUKUS мүшелерінің ешқайсысы "Қытай"деген сөзді айтпаған еді.Тағы бір жайт, жақында ғана АҚШ билігі Қытайдың дамуын тежеу үшін 7 млрд доллардай қаражат бөлетінін айтты. Қос держава арасындағы жағдай ушығуда деуге толықтай негіз бар. 

Ресей мен Украина

Көршілес елдеріміздің қарым-қатынасы жақын арада оңала қояды деу қиын. Өйткені америкалық New York Times басылымы Ресей Федерациясының 4 мыңға жуық әскериі Украинамен арадағы шекараға жиналғаны хабарлаған болатын. Бұл дегеніңіз ресми Мәскеу Украинаға есе көрсетіп жатқанын, тіпті оған шабуылдауға дайын екенін білдіреді.

Бірақ "Ресей Украинамен арадағы шекарада әскерилер саны көбейтіліп жатырған жоқ, Ресей ешкімге ешқандай шабуыл жасамады, мұндай әрекетке дайындалып жатырған жоқ және дайындалмайды" деп бірнеше мәрте мәлімдеме жасады. ЕО мен АҚШ бұл мәлімдемелерге сеніп отырған жоқ...

Беларусь пен Польша шекарасындағы дағдарыс...

Беларусь Президенті Александр Лукашенко ЕО елдеріне ағылған заңсыз босқындардың легін тоқтатудан бас тартқаннан кейін екі ел шекарасында көші-қон дағдарысы басталды. Қараша айының басынан бері Ирак, Сирия және Таяу Шығыстың басқа елдерінен мыңдаған босқындар жиналды.

Олар Польша аумағына заңсыз кіруге тырысуда, оның үстіне шекарашылармен арадағы қақтығыс жиілей түсті.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу