Әлем әбігерге түсті, Израиль тіпті абыржыған да жоқ

5501

АҚШ көшбасшысы демалысын күрт үзді, Израиль лидері қонақта жүр. 

Әлем әбігерге түсті, Израиль тіпті абыржыған да жоқ Фото: YouTube

"Таяу Шығыста соғыс басталды!", "Иран мен Израиль арасында соғыс басталды!", "Әскери дрондардың дүниежүзі тарихында болмаған көлемі шабуыл жасады!". Ақпарат айдынымен бірге жер-жаһан жұртшылығы дүрлігіп жатыр.

CNN және басқа да америкалық ақпарат құралдары Таяу Шығыстағы оқиғаларға байланысты Америка Құрама Штаттарының Президенті Джо Байден демалысын күрт үзуге мәжбүр болғанын хабарлады. Ол Вашингтонға дереу оралып, түні бойы ұлттық қауіпсіздік жөніндегі командасымен, күш құрылымдарымен, билік пен истеблишмент өкілдерімен келіссөз-консультациялар өткізіп, алқа құрып ақылдасқан. Ақ үйдің пресс-пулы оның есігінің алдын түні бойы күзетті.

Израиль көшбасшысы ше? Израильдік Walla жазуынша, Премьер-министр Биньямин Нетанияху мен оның зайыбы Сара бұл кезде досының отбасында қонақта болды. Олар демалыс күндерін миллиардер Саймон Фаликтің Тальпиот ауданындағы вилласында өткізген.

Премьерге Кесариядағы резиденциясында орналасқан бункерге қашып тығылудың қажеті болмапты: байдың үйінде зымыранға қарсы қорғанышы бар заманауи пана жасақталған. Басылым Нетанияхудың Фаликтің отбасына тиесілі сарайда жиі қонақтайтынына назар аудартты.

Халықаралық жүк тасымалындағы басты буынның бірі саналатын Таяу Шығыста оқиғаның шиеленісуіне байланысты әлемдік қор биржаларының котировкалары шайқала жөнелді.

Израильдің құнды қағаздар нарығы "әдеттегі режимде", бірқалыпты жұмыс істеп жатқаны хабарланды. Иранның зымырандық және дрондық шабуылына қарамастан, Таль-Авив қор биржасы уақытында ашылып, штаттық режимде жұмысын жалғастырды. Валюта нарығында да сауда-саттық қалыпты тәртіппен өтуде.

Елдің "алапат" шабуылға ұшырауына байланысты шекель күрт құнсызданған жоқ, долларға шаққанда ұлттық валюта бағамының құбылуы шамамен 0,3% шеңберінде ғана болды. Еуро керісінше, арзандап кетті: шекель жарты пайызға нығайған.

"Израиль Банкі" (бізше Ұлттық банк) жандәрмен жиын шақырып, монетарлық саясатты күшейтпеді: базалық пайыздық ставка бұрынғы 4,5% көлемінде қалды. Орталық банк базалық ставканы шұғыл өзгертпейтінін, оған қатысты келесі шешімі тек 27 мамырда болатынын мәлім етті. Шетелге капиталдың жаппай әкетілуі байқалмайды.

Би-Би-Си дүрбелеңге түскен бүкіл Таяу Шығыс елдері әуе кеңістіктерін жаппай жапқанын жариялады.

Израильдік The Marker жазуынша, Иранның шабуылы кезінде 7 сағатқа жабылған Израильдің басты әуежайы "Бен-Гурион" енді ашық, жұмыс істеп тұр. Алайда ұшулар кестесінде бас тартылған және кешіктіріліп жатқан рейстер көп. Өйткені үрейге берілген әуе тасымалдаушылары Израильге ұшуды жаппай доғарып жатыр. Сондықтан елдің әуежайлар басқармасы келіссөздер жүргізіп, "рейстер кестесін тұрақтандыруға тырысуда".

"Бүгін әуежай 380 халықаралық рейстермен келетін және солармен кететін шамамен 52 мыңдай адамға қызмет көрсетеді деп күтілген. Кейінге қалдыру және бас тартулар кесірінен, жолаушылар саны күрт азайып, бағалаулар бойынша шамамен 30 мың жолаушыны ғана құрамақ. "Эль Аль", Arkia, Israir сияқты израильдік авиакомпаниялар ұшуларын жалғастырды. Көптеген басқа шетелдік әуе компаниялары Израильге ұшуын жалғастыруға ұйғарды. Бірақ Air France-KLM, Swiss International Air Lines, United Airlines, Wizz Air, Fly Dubai, EasyJet Израильге рейстерін бірнеше күнге кейінге көшірді", – деп хабарлады The Marker.

Өз мемлекетінің өзін қорғауға қауқарлы екеніне бек сенетін Израиль халқы дүрбелеңге бой алдырмады. Оның үстіне Армия қолбасшылығы өткен сенбіде Иран тарапынан шабуыл күтіліп отырғанын күні бұрын хабарлаған.

Жергілікті басылымдардың мәліметінше, осыдан кейін тұрғындар бөтелкеленген су, генератор сатып алып, бірінші қажеттіліктегі тауарлардан қор жасауға кірісті. Стационарлы, сымды телефонға сұраныс өскен. Тиыннан табыс құрауды білетін еврей кәсіпкерлері, сауда желілері мүмкіндікті қалт жібермей, клиенттердің үлкен легін игеріп қалу үшін тіпті дрондар мен зымырандар шабуылы кезінде де саудасын тоқтатпаған.

Нәтижесінде, Carrefour филиалдарында сенбіден бері сауда 150% өсті. Халықаралық сауда желісі минералды суға сұраныс – 1 000%, жұмыртқаға — 450%, балалар тамағына — 380%, жөргектерге — 380%, консервілерге — 350% және дәретхана қағазына – 340% артқанын мәлім етті. Посткеңестік кеңістіктегі елдер сияқты сөредегінің бәрін сыпырып әкететін, халықтың бірін-бірі тапап тастайтын сорақылық көріністері байқалмады.

Еврейлер шабуыл кезінде керек болуы мүмкін заттар ретінде су сыртында, генераторлардан, батарейкалардан, транзисторлардан, авариялық жарықтандыру шамдарынан, жабық паналарда қосуға болатын шағын теледидарлардан, ноутбук пен планшеттерден қор жасақтапты.

Бірақ былтырғы шабуылда аузы күйген Израиль мемлекеті бұл жолы әрбір азаматын жалғызындай қорғай алатынын паш етті.

14 сәуір, жексенбінің түнінде Иран, Йемен және Ирак территорияларынан Израильге қарай бірден 185 бомбалаушы дрон, 36 қанатты зымыран және "жер – жер" үлгісіндегі 110 баллистикалық зымыран ұшырылды.

Бірде бір беспилотник, бірде бір қанатты зымыран Израиль аумағына жетпеді, негізінен, көрші елдердің аспанында жойылды.

Тек бірнеше баллистикалық зымыран Израильге еніп, сонда тұтылды. Салдарынан түнде Арад қаласы ауданында 7 жасар бәдауи қызы жараланған. Оған "Сорока" ауруханасында операция жасалды, қыз баланың жағдайы ауыр және тұрақсыз деп хабарланды.

Израильде бір әскери нысанға азғантай шығын келген.

Израильдің армия қолбасшылығы Ираннан және іргелес басқа елдерден ұшырылған зымырандар мен дрондардың 99%-ы көбіне шекарадан алыста, ел сыртында, немесе Израильдің әуе кеңістігінде тұтылып, жойылғанын мақтана жариялады. Израиль мен Иран – территориялары түйіспейтін, шектеспейтін елдер. Сондықтан Иран мысалы, зымырандарды Ирак аспаны арқылы ұшырған.

Оларды тегіс дерлік қиратуға АҚШ пен Ұлыбританияның әскери әуе күштері көмектесті: олардың эсминецтері мен әскери жойғыш ұшақтары ирандық зымырандар мен беспилотниктердің нысаналы жеріне дөп тиюіне еш мүмкіндік қалдырмады.

Таңғаларлығы сол, Reuters хабарлауынша, Иранның "кек қайтару" шабуылын тойтаруда мұсылман елі – Иордания маңызды рөл атқарған: оның әскери  әуе күштері ирандық ондаған дрондарды атып түсірді.

Бұған жауап ретінде Иранның үкіметтік Fars News агенттігі: "Иордания біздің келесі нысанамызға айналуы мүмкін" деген ирандық биік лауазымды шенеуніктің ескертуін жеткізді. Осы хабардан кейін бір сағат өтпей жатып, бір ирандық зымыран ел астанасы Амманға жетіп құлады. Бірақ мұның – Иранның Хашимит патшалығына шабуылы екенін, әлде Иордания қаңғыған зымыранды атып түсіргені белгісіз.

Қалай болғанда, "әлем тарихындағы ең алапат дрондар шабуылынан" Израильге айтарлықтай шығын келмеді.

Соған қарамастан, Иран өз шабуылына қанағаттанғанын және операциясы осымен аяқталғанын жария етті.

14 сәуірде, түске қарай Иран Президенті Ибрахим Раиси мәлімдеме жасады.

"Иранның операциясы аяқталды. Бұл Израильге маңызды сабақ болуға тиіс. Егер бұл оның санасына жетпесе және біздің шабуылымызға үн қатуға ұйғарса, келесі шабуыл бұдан да қуатты болады", – деді Иран Ислам республикасының Президенті.

Иран армиясының бас штабының бастығы Мохаммад Багери Иранның Израильге қарсы операциясы тәмамдалғанын растады. Бірақ оның сендіруінше, ары қарай жағдай ушықса, Теһран қайта қимылдауға дайын көрінеді. Ол бұл шабуылдың "кек қайтару" екенін меңзеді.

"Израиль Сириядағы ирандық консулдыққа әуеден соққы беру арқылы "қызыл шектен" шығып кетті. Біз бұған үн қатуға мәжбүр болдық. Біздің операциямыз осымен аяқталды. Оны ары қарай жалғастыруға ниетіміз жоқ. Алайда егер Израиль объектілерімізге соққы жасаса, батыл түрде жауап береміз", – деді Мохаммад Багери.

Оның түсіндіруінше, операцияның басты мақсаты – израильдік ақпараттық орталыққа, сондай-ақ Израильдің әскери әуе күштерінің "Неватим" базасына соққы беру болыпты: орталық 1 сәуірде Иранның Дамаскідегі консулдығына шабуыл кезінде израильдік күштерге қажетті деректер ұсынған.

Базада болса, F-35 жойғыш ұшақтарының эскадрильясы орналасқан. Иран жағы "Неватим" базасы салмақты күйрегенін жария етті. Бұған жауап ретінде Израиль армиясының баспасөз қызметі әскери ұшақтардың аталған базаға еш кедергісіз ұшып келіп, ұшып кетіп жатқаны бейнеленген роликті жариялады. Армиялық баспасөз хатшысы Даниэль Хагари шабуыл кезінде базаға келген шығынның шамалы екенін мәлімдеді және "Неватимнің" өз міндеттерін атқаруын жалғастырғанын атап өтті.

Иранның сыртқы істер министрі Хосейн Әмір-Абдоллахиянның айтуынша, Теһран 48 сағат бұрын бейтарап Швейцария арқылы АҚШ-ты ескертті: "егер америкалықтар Иранға әуеден соққы берсе, оның Таяу Шығыстағы әскери базалары әскери нысанаға айналады" деген. Құрама Штаттар Израильді қолдамайтынына сендірген.

Президент Джо Байден Б.Нетанияхумен телефон арқылы сөйлесіп, Иранға қарсы "жауап шабуылға" Американың үзілді-кесілді қарсы екенін және оған қатыспайтынын мәлімдеді. Батыстың басқа да елдері, Түркия, араб әлемі Израильді Иранға шабуылдамауға шақыруда. БҰҰ Бас хатшысы да Израильді "шыдамдылық, ұстамдылық танытуға" үндеді.  

"Осылайша, АҚШ, Ұлыбританияның және Иорданияның әуе шабуылын тойтарудағы көмегі "зілбатпан, өте үлкен пайызбен берілген қарыз" болып шықты. Иранға жауап бермеу – Израиль үшін кезекті стратегиялық жеңіліс болады. Жауап беру – одақтастарға қарсы шығу деген сөз. Олардың көмегінсіз, Иранның келесі жолғы кең ауқымды шабуылынан Израильдің жалғыз қорғана алуы неғайбыл. Сонда бұл соғыс тарихқа "бір күндік соғыс" ретінде кіре ме?", – деп маңызды сұрақ қойды израильдік "Detaly" басылымы.

Израильдің жауап шабуылын күткен Иран Мехрабад және басқа да әуежайларын уақытша жапты. Елдегі супермаркеттер мен жанар-жағармай құю станцияларында үлкен кезектер пайда болды: ирандықтар азық-түліктен, бензиннен қор жасауда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу