Әлем Алешкиге көз тікті: блокададағы қалада не болып жатыр?

1060

Украинаның және Ресейдің Алешкидегі бітім режимі 2026 жылғы 1 қарашаға дейін жалғасады.

Әлем Алешкиге көз тікті: блокададағы қалада не болып жатыр? Фото: reuters

Украинаның Херсон облысының Ресей бақылауындағы Олешки (РФ-та оны Алешки деп атайды) қаласында гуманитарлық операцияға дайындық жалғасып жатыр. Оның мақсаты – тұрғындарға қажетті көмекті жеткізу және бейбіт халықты жаппай әрі ерікті түрде эвакуациялауды қамтамасыз ету, деп жазды inbusiness.kz.

27 қазанда күшіне енген жергілікті атысты тоқтату режимі келісімге сәйкес 1 қараша күнгі сағат 22:59-ға дейін жалғасады.

Украинаның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Дмитрий Лубинец кеше кешке тараптардың келісілген шарттарды сақтап отырғанын, яғни, атыс болмағанын мәлімдеді. Оның мәліметінше, тыныштық режимі енгізілгеннен кейін ешқандай заң бұзушылық тіркелмеген, Ресей тарапы шабуылын жалғастырып, алға жылжуға әрекет жасамаған. Келісімнің орындалып жатқаны туралы ақпаратты Украина әскері де растады.

"Украинаға көшкісі келетіндердің барлығы елге орала алады. Біздің көмегімізге мұқтаж әрбір адам оған қол жеткізеді", – деді Лубинец.

Financial Times жазуынша, қаладан кетуге келіскен тұрғындар алдымен Ресей оккупациясындағы Қырымға немесе Ресей аумағына жеткізіледі. Сол жерден олар тергеуден өткен соң Украинаның бақылауындағы аумаққа орала алады.

Алайда Жоғарғы Раданың адам құқықтары жөніндегі уәкілі эвакуацияның нақты қай күні басталатынын айта алмады. Жоспар бойынша автобустар тұрғындарды қаладан шығаруды ертең, 29 қазанда бастауға тиіс. Дегенмен операцияның нақты қашан жүзеге асатыны эвакуация бағыттарын дайындауға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты.

Бірақ бұл – майдан шебінің бүкіл бойында атысты тоқтату туралы келісім емес. Тек ауқымы шектеулі гуманитарлық уағдаластық. Оның негізгі мақсаты – қоршаудағы қалаға жол ашу, тұрғындарға қажетті заттарды жеткізу және бейбіт халықтың қауіпсіз жерге көшуіне жағдай жасау.

Алешки неліктен гуманитарлық апатқа тап болды?

Ресейдің ауқымды басқыншылығы басталғанға дейін Олешкиде шамамен 24 мың адам тұрған. 2026 жылдың күзіне қарай әртүрлі бағалаулар бойынша қалада небәрі 1 700–2 000 тұрғын қалыпты. Басым бөлігі – қарт адамдар. Қалада шамамен 50 бала да бар.

Елді мекен 2022 жылдан бері Ресей бақылауында. Ол Днепрдің сол жағалауында, Украинаның бақылауындағы Херсон қаласының қарсы бетінде орналасқан. Облыс орталығына дейінгі арақашықтық – шамамен 9 шақырым. Бірақ географиялық тұрғыдан жақын орналасқанымен тұрғындары Херсонға қауіпсіз жете алмайды: жау дрондары жолда қозғалған кез келген көлікті жарып, жойып жібереді.

РФ тарапы 2023 жылғы 6 маусымда Каховка су электр станциясын жарып, қиратқаннан кейін Олешкидің едәуір бөлігі және оған іргелес аумақтар су астында қалды. Тасқын инфрақұрылымға үлкен залал келтіріп, жабдықтау жүйесін бұзды. Ауыз су беру тоқтатылды. Әскери қимылдар жағдайды тіпті қиындата түсті.

2026 жылдың күзіне қарай қала сыртқы әлемнен іс жүзінде оқшауланып қалды. Гуманитарлық ұйымдардың жарияланымдарына қарағанда, тұрғындар азық-түлікке, дәрі-дәрмекке және таза суға қатты зәру.

Электр жарығы, газ және орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Көптеген үй күйреген, дүкендер жабылған. Халық аштықтың азабын тартуда.

Құрлықтағы жолдармен қозғалу миналарға, артиллериялық соққыларға және ұшқышсыз аппараттарға байланысты аса қауіпті. Днепр арқылы өтетін көпірлердің қирауы да қозғалысты қиындатқан.

Бұған дейін Украина ауыр жүк көтеретін дрондары арқылы азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізгенін хабарлады. Алайда мұндай арагідік жеткізілімдер халықты толыққанды қамтамасыз ете алмады.

"Мелания Трамптың атындағы" гуманитарлық дәліз

Қоршаудағы қаладан жұртшылықты көшіруге кедергі келтірмеу туралы келісімге қол жеткізілгені алғаш рет 23 қазанда, Америкада жарияланды. Артынша Мәскеу мен Киев уақытша атысты тоқтату жөнінде уағдаласқанын мәлімдеді. Гуманитарлық жоспар бойынша тікелей консультацияларды Украинаның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Дмитрий Лубинец пен Ресейдің адам құқықтары жөніндегі уәкілі Яна Лантратова жүргізді.

Келіссөздерге АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп бастамашы әрі делдал болды. Америка тарапының хабарлауынша, көмек көрсету жұмысын жеделдетіп, бейбіт тұрғындарға төнетін қатерді азайту үшін операцияның басталу мерзімі 29 қазаннан 27 қазанға ауыстырылған.

"Бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өмірлік маңызы бар гумкөмекті жеткізуді жеңілдету үшін мерзім екі күнге шегерілді. Гуманитарлық керуендердің қауіпсіз өтуіне жағдай жасау мақсатында атысты тоқтату аймағы кеңейтілді және ол Херсон облысындағы Олешкиден тыс аумақтарды да қамтиды", – деді Мелания Трамп.

Атысты тоқтату аймағына нақты қай қосымша учаскелердің енгізілгені көпшілікке жарияланған жоқ. Дегенмен дәліздің кеңейтілуі гумколонналардың өтуін жеңілдетіп, жүк жеткізу бағыттарының қауіпсіздігін арттыруға тиіс.

Ресей Қорғаныс министрлігі Херсон бағытында 27 қазан күнгі сағат 04:00-ден бастап атысты тоқтатқанын мәлім етті. Украина Қарулы күштерінің Бас штабы да келісілген аумақта гуманитарлық көмекке қол жеткізуге жағдай жасауға дайын екенін растады.

Минасыздандыру және эвакуация: операцияның негізгі кезеңдері

Гуманитарлық миссия бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен негізгі трассалар техникалық тексеруден өткізіліп, миналардан тазартылуы керек. Одан кейін азық-түлік, дәрі-дәрмек және гигиеналық құралдар жеткізіледі. Келесі кезеңде қаладан көшіп кетуге шешім қабылдаған бейбіт тұрғындарды қауіпсіз жерге әкету көзделген.

24 қазанда жарияланған америкалық жоспарға сәйкес, гуманитарлық көмек 2 000 адамға арналған. Ал, 28 қазан таңындағы мәлімет бойынша, шамамен 500 тұрғын эвакуациялануға ниет білдірген.

Балаларды көшіру мәселесі де бөлек талқылауды қажет етеді. Украиналық омбудсмен Лубинец балаларды Украина аумағына әкету мүмкіндігі болуы керектігіне табандауда. Ресейлік омбудсмен Лантратова балалар Украина бақылауындағы аумаққа эвакуацияланбайтынын мәлімдеді. Бұл қайшылық қарсыластардың барлық рәсім мен шарттар бойынша ортақ шешімге қол жеткізбегенін байқатады.

АҚШ және Еуропа операцияның барысын бақылап отыр. Мелания Трамптың бас кеңесшісі Марк Бекменнің хабарлауынша, Newsmax телеарнасы оқиғаның өрбуін қадағалау үшін қалаға америкалық журналистер тобын жіберуді жоспарлады.

"Ресей украиналықтарға да, америкалықтарға да Олешки тұрғындарының таңдауын құрметтейтініне сендірді. Тұрғындар қайда кететінін немесе үйлерінде қалатынын өздері шеше алады. Тараптар олардың таңдауын ескеріп, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс тетіктерді әзірледі", – деді Бекмен.

Батыс журналистерінің оқиға орнында болуы халықаралық қауымдастықтың назарын аударады. Алайда бұл бәрібір қауіпсіздікке кепілдік бермейді. Операцияның нәтижесі атысты тоқтату режимінің сақталуына, жолдардың жай-күйіне және көмекті кедергісіз жеткізу мүмкіндігіне байланысты болады.

Алешкидегі бітімнің әскери маңызы неде?

Би-би-сидің әскери шолушысы Илья Абишев қаладағы жағдайдың аса қауіпті болуын оның майдан шебіне жақын орналасуымен түсіндіреді.

2022 жылы Ресей әскері Днепрдің оң жағалауынан шегінгеннен кейін өзен екі тараптың позициялары арасындағы табиғи шепке айналды. Өткелдердің, көпірлердің жаппай қиратылуы қозғалысты шектеді. Өзен маңындағы жолдар артиллерия мен ұшқышсыз аппараттардың соққысына ұшырайды.

2023 жылдың күзі мен 2024 жылдың жазы аралығында Днепрдің сол жағалауындағы шайқастар Олешкиден шығысқа қарай, шамамен 25 шақырым жерде орналасқан Крынки елді мекені маңында өрбіді. Украина теңіз жаяу әскерлері онда плацдармды ұстап тұруға тырысса, Ресей әскері артиллерия мен авиацияны қолданып, үстемелете соққы жасады. 2024 жылдың жазына қарай ондағы Украинаның негізгі позициялары жойылды.

2025-2026 жылдары Олешкиде дрондардың кеңінен қолданылуы даламен жүруді бұрынғыдан да қауіпті етті. Әскери мамандар мұндай аумақтарды "өлтіру аймақтары" (килл-зон) деп атайды. Бұл – адамдар мен әскери техниканың екі тараптың да соққысына ұшырау ықтималдығы жоғары учаскелер. Сондықтан қысқа мерзімге жарияланған гуманитарлық үзілістің өзі тараптардың үйлесімді әрекетін, миналарды залалсыздандыруды және қозғалыс бағыттарын қатаң бақылауды талап етеді. Әйтпесе, қарсыластардың бірі атысты қайта бастаса, қарсы жақ та гумколонна арасында жау бар деп санап, төпелей жөнелуі мүмкін.

Гуманитарлық операция бейбітшілікке бастайтын қадам ба?

Сарапшылар бұл келісім аясында ең алдымен Украинаның және Ресейдің ең құрығанда, шектеулі уағдаластықтарды орындай алу қабілеті сыналатынын ескертті.

"Операция қауіпті аймақта қалған тұрғындарды эвакуациялауға мүмкіндік береді және кейінгі келіссөздерге бастау болуы да мүмкін. Теориялық тұрғыдан мұндай мүмкіндік бар", – деген әскери сарапшы Александр Мусиенко осындай келісімдерді майданның басқа учаскелеріне де тарату перспективасын жоққа шығармады.

Оккупацияны зерттеу орталығының жетекшісі Петр Андрющенко Ресей Дональд және Мелания Трамппен қарым-қатынасты сақтап қалу үшін тыныштық режимін орындауға мүдделі болады деп есептейді. Ол оқиға орнында америкалық журналистердің жүретініне да назар аудартты.

Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига "сәтті жүзеге асқан гуммиссия сенім шарасына айналуы мүмкін бастама болар еді" деп бағалады. Оның пікірінше, бұл бейбітшілікке бастар келіссөздердің келесі кезеңдеріне жол ашуы ықтимал.

Алайда Киев пен Мәскеу арасындағы келіссөздер қауіпсіздік, соққыларды тоқтату, Украинаның НАТО-ға мүшелігі жөніндегі келіспеушіліктерге байланысты күрделі күйде қалуда.

Киев нақты уағдаластықтарға қол жеткізуді жақтайды. Оның талабы қатарында энергетикалық инфрақұрылымға шабуылды тоқтату, теңіз тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, астық жеткізілімі және тұтқындар алмасу бар. Владимир Зеленский Украинаның бейтарап мемлекет мәртебесін де, оның әскеріне шектеу қою талабына да қарсы.

Бүгін түнде Украина басшысы Норвегия Премьер-министрімен және Финляндия Президентімен телефон арқылы сөйлесті. Артынша ақпарат құралдары өкілдерімен әңгімесінде ол қараша айында Әбу-Дабиде өтетін келіссөздерге дайындықтың егжей-тегжейін мәлім етті.

"Жалпы, бізге жеткізілген ақпаратқа қарағанда, ресейліктердің Әбу-Дабиде кездесуге шын ниеті байқалатын сияқты", – деді Зеленский.

Қарашадағы келіссөздердің басты тақырыптары – шиеленісті бәсеңдетудің алғашқы қадамдары, тараптардың қауіпсіздік саласындағы басымдықтары және соғысты тұтастай тоқтату мәселесі. Сондай-ақ тұтқындар алмасу және мемлекет басшылары деңгейіндегі болашақ кездесудің форматы талқыланады.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Владимир Путин Ресей бақылауына Донецк облысының бүкіл аумағын, соның ішінде Славянск пен Краматорск қалаларын берсін деген талабын тағы қайталады. Мұны ол 27 қазанда Финляндия Президенті Александр Стуббпен және Норвегия Премьер-министрі Йонас Гар Стёремен өткізген алғашқы телефон келіссөздерінде айтты. Әңгіме, ең алдымен, стратегиялық маңызы бар Краматорск–Славянск қорғаныс торабы туралы болып отыр.

Сондықтан Олешки айналасындағы келісімді жалпы бейбітшілікке қол жеткізілгенінің белгісі деп қабылдауға болмайды. Бұл – әзірге нақты бір аумақта бейбіт тұрғындарға көмек жеткізу мен оларды қауіпсіз жерге көшіруге бағытталған шектеулі гуманитарлық уағдаластық қана. Оның қаншалықты нәтижелі болары алдағы күндері белгілі болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу