Әлем бүлінуде, әскеріміз дайын ба?

4186

Дүниежүзі елдері жанталаса қаруланып жатыр. Биыл әскери шығыс жөнінен жаһандық рекорд орнатылды. Ал қазақстандықтарды еліміздің ұрысқа дайындығы алаңдатады. Қорғаныс министрлігі болса, "Шағала" атты отандық "беспилотникті" жасауға кіріспек.

Әлем бүлінуде, әскеріміз дайын ба?

Жалпы әлемдік әскери шығындар алғаш рет 2 трлн доллар межесінен асып отыр: 2 трлн 113 млрд долларға жетті.

Өкінішке қарай соңғы жылдары Қазақстандағы Қарулы күштер әлдебір деградацияға тап болғандай. Әскерилер, офицерлер жағдайдың қиын екенін, қаржыландырудың тым төмендігін айтып, Қорғаныс министрлігіне жиі шағымданатын. Ол хаттардың біразын Inbusiness.kz жариялады. Мысалы, сардар қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа хатында отандық теңізшілердің сасып кеткен шұжықпен, бұзылған етпен тамақтанатына шағымданған болатын.

Пандемия қысқан екі жылда армияны қаржыландыру азайтылыпты. Салдарынан Қазақстан қорғанысқа бөлінген шығыстар бойынша рейтингте Еуразиялық одақтың барлық елдерінен артта қалды.

SIPRI Military Expenditure Database қорғаныс шығыстарының рейтингінде Қазақстан көш соңындағы 115-ші орынды алды. Бұл ретте SIPRI (Стокгольмнің әлемді зерттеу халықаралық институты) дүниежүзі елдерінің 2020 жылғы деректерін назарға алған. Бұл ретте ақша сомасы емес, бөлінген шығыстың мемлекеттің ЖІӨ-сіне шаққандағы үлесі басшылыққа алынды. Өйткені сарапшылар дәл осыны – әскери істің дамуына ықпал ететін ең нақты көрсеткіш санайды. Себебі экономика неғұрлым ірі болған сайын оны қорғау мұқтаждықтары да артады. 

Осылайша, Қазақстанның қорғаныс саласына шығыстары 2020 жылы небары 1,1%-ды құрады. Салыстыру үшін айтсақ, Әзербайжан 5,4%-бен әлемде 6-шы орынға шықты. Армения 4,9%-бен 8-дікке кірді. Әрине, бұл жерде Ереван кеңестік және ресейлік қаруға сүйенемін деп, аузы күйді. Ал Баку Түркияның, Израильдің және батыстың қаруын көптеп сатып ала бастады. Кімнің ұтқанын және көреген болғанын былтырғы және биылғы Карабах соғысы көрсетті.

Кейінгі жылдары көрші Ресей де соғысқа қызу дайындалды, тоқтаусыз әскери жаттығулар өткізді, әскери-өнеркәсіптік кешенге аста-төк қаржы құйды. Нәтижесінде, 4,3%-бен жаһандық ондықтан орын алды. Айтқандай, бір тықырдың таянғанын сезген Украина да әскери шығыстарын ЖІӨ-нің 4,1%-ына дейін ұлғайтып, әлемдік рейтингте 11-ші орынға шықты.

Айта кету керек, рейтингтегі бірінші орындарды араб елдері иеленді: Бірінші орында – Оман (10,9%). Екінші тұғырға – Сауд Арабиясы көтерілді (8,5%). Үштікті Алжир тұйықтады (6,7%). Ары қарай Кувейт (6,5%) және Израиль (5,6%) орын тепті.   

Батыс елдері керісінше, кейінгі жылдары қарусыздануға ден қойды. Салдарынан, қазір әуе қорғанысын өрістету үшін НАТО елдеріне Patriot зениттік зымыран кешені жетпей жатыр. Германияның Қорғаныс министрі Кристине Ламбрехт Украинаға беруге басыартық қару-жарақ та, ұрыс техника да жоқтығын, қолданыстағысы тіпті Альянс аясындағы қорғанысты қамтамасыз етуге жетпейтінін мойындады. Америкада да ұқсас жағдай қалыптасқан, сондықтан Президент Джо Байденнің тапсырмасымен, Украинаға ленд-лиз көмегі аясында америкалық қорғаныс кәсіпорындары қайтадан толық қуатында жүктеліп, жаңа қару-жарақ пен техника өндірісіне шұғыл кірісті.

Еуразиялық одақта Қырғызстан 1,8 пайызбен 62-ші орынға, ал Беларусь 1,3 пайызымен 100-ші орынға көтерілді. Аққұла Қазақстан ғана 1,1 пайызымен жүздіктен тыс қалды (115-орында).

Жалпы, Елбасының барлық көршімен тату-тәтті тұру саясаты аясында тәуелсіздіктің отыз жылдығында Қазақстан қорғаныс саласына көп шығындалмауды жөн көргендей. Батыстың қымбат, бірақ қаһарлы жаңа қаруларын көптеп сатып алуға қаражат жетпеді, негізінен, ҰҚШҰ аясында Ресейден жеңілдікпен сатып алынатын техникаға екпін түсірілді. Бюджет Қарулы күштердің ағымдағы шығыстарын өтеуден көп аспады. 2021 жылғы 9 айда армияға небары 542,4 миллиард теңге жұмсалыпты. Салыстыру үшін айтсақ, ауыз толтырып айтарлық нәтиже әкеле қоймаған "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасына, түк пайдасы болмаған "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасына бұдан екі есе көп – әрқайсысына 1 триллион теңгеден бөлінді.

Қорғаныс саласындағы зауыт-кәсіпорындарды дамытуға салынған инвестиция да тым мардымсыз, былтыр 50 миллиард теңгеден асты. Жалпы алғанда, кейінгі 10 жылда қорғаныс саласына бар-жоғы 550,1 миллиард теңге инвестиция құйылыпты. Бұл барлық сала ішіндегі ең азы. Мәселен, осы кезеңде отандық өнеркәсіпке 45,6 триллион теңге, жылжымайтын мүлік нарығына – 10,3 трлн, көлік және қоймаларға – 12 трлн, ауыл шаруашылығына – 2,8 трлн теңге инвестиция салынған.

Дегенмен, қаңтар оқиғасынан кейін жағдай өзгерді. "Қасіретті қаңтардан" кейін Мәжілістің отырысында сөз сөйлеген Президент Қ.Тоқаев армияның аянышты күйге түсе бастағанын ашық айта келе, Қарулы күштерді қайта құруды тапсырды.

"Еліміздің қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл шараларды жүзеге асыру қажет. Біз сарбаздарды, әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз. Мемлекеттік шекараны нығайтуымыз керек. Армияның соғысқа қабілеттілігін түбегейлі арттыруға тиіспіз", – деді Мемлекет басшысы.

Осының арқасында қазір нақтыланып, қайта бекітіліп жатқан биылғы жыл бюджетінде қорғаныс саласына бөлінген қаржы күрт өсірілді. Премьер-Министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, Президенттің тапсырмаларын орындауға жалпы сомасы 1,8 триллион теңге бағытталады. Бұл шығыстар арасында өзге бағыттар сыртында, Қазақстанның әскери дайындығын арттыруға, күштік құрылымдарды жарақтандыруға арналған қосымша қаржылар бар. Күштік құрылымдардың биылғы шығыстары тағы 446 млрд теңгеге көбейіп, 2,2 триллион теңгеге жетеді.

Қарулы күштерде реформа қолға алынды. Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылды. Төтенше жағдай немесе соғыс кезінде барлық меморгандардың іс-қимылдарының бірыңғай алгоритмі әзірленді. Қарулы күштерді қолдану ерекшеліктері айқындалды.

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдиновтің айтуынша, бүгінде Қазақстанның Әскери доктринасын қайта жазу жұмысы жүргізілуде.

"Бұл реформаға қатысты. Өзара байланысты шаралар кешені Қарулы күштердің құрамын, әскерді басқаруды, даярлау жүйесін жетілдіруге, техникалық жабдықтауды арттыруға, аумақтық қорғанысты, арнайы операция күштерін, қамтамасыз ету жүйесін, адами капиталды, әскери білім мен ғылымды дамытуға, инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға, жарамсыз оқ-дәріні қауіпсіз сақтауға, утилизациялауға бағытталған", – деді ол.

Белгілі болғандай, алда қазақстандық "Шағала" атты ұшқышсыз ұшу аппаратын әзірлеу жұмыстары басталмақ. Отандық "беспилотник" жаңа қорғаныс министрі генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовқа таныстырылған көрінеді.

Сондай-ақ әскерилер Украинада әлемді тамсантқан Түркияның "Байрақтарын" көптеп сатып алуды ұсынады.

Қорғаныс министрлігі майдан даласында командирлердің шешімдерін қабылдауға қолдау көрсету мақсатында "Е-шешім" бағдарламалық қамтылымын әзірлеп жатыр. Бұған қоса, отандық қорғалған желілерді құру жөніндегі электрондық бағдарлама дайындалыпты.

"Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарды талдау, оперативтік өнер мен тактика саласындағы жаңа көзқарастар негізінде әскерлерді қолдану нысандары мен тәсілдеріне жаңа элементтер енгізіліп жатыр. Бұлар түрлі оқу-жаттығулар барысында сыналуда", – дейді Сұлтан Камалетдинов.

Президент тапсырмасына сәйкес жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп аумақтық әскерлерді қалыптастыру тәсілдері қайта қаралуда. Әскердің жаңа түрі – "резервтегі қызмет" енгізіледі.

Министрдің орынбасарының айтуынша, басым бағыттар бойынша әскери өнімдер – қару-жарақ пен техника атауларының тізбесі анықталды. Оған майдандық және әскери-көлік авиациясының ұшақтары, зымыран-артиллериялық қару-жарақ, броньды танк техникасы, ұшқышсыз басқарылатын аппараттар және басқа да робот техникасы, оқ-дәрілер кіреді. Осы мақсатта бюджет бөлінбек.

Қалай болғанда, "айналаны таспен емес, доспен қоршадық" деген бейғам, зияны бар ұстаным орнына мемлекетіміз "жау жоқ деме, жар астында" деген ата-бабадан қалған өсиетке мән бере бастағандай.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу