Енді Бельгия құрамасы мундиальдың 1/4 финалында Испаниямен кездеседі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сиэтлде өткен кездесуде бельгиялықтар ойынның алғашқы минуттарынан-ақ басымдық танытты. Есепті 9-минутта Шарль Де Кетеларе ашты. АҚШ құрамасы 31-минутта Малик Тиллманның голының арқасында таразы басын теңестірсе де, көп ұзамай Де Кетеларе тағы бір мәрте мергендігімен көзге түсіп, командасын қайта алға шығарды.
Үзілістен кейін де Бельгия қарқынын бәсеңдеткен жоқ. 57-минутта Ханс Ванакен есеп айырмасын ұлғайтса, қосымша уақытта оның нәтижелі пасын Ромелу Лукаку голға айналдырды. Матчтың қорытынды есебі – 4:1.
Кездесу алдында АҚШ құрамасының шабуылшысы Фоларин Балогунға қатысты қабылданған шешім қызу пікірталас тудырған еді. Ол бұған дейінгі ойында қызыл қағаз алғандықтан, бұл матчқа қатыспауы керек болатын. Десе де, ФИФА дисквалификацияны уақытша тоқтатып, шабуылшыға алаңға шығуға рұқсат берді.
Бельгия футбол қауымдастығы бұл шешіммен келіспей, қарсылық білдіргенімен, шағымы қанағаттандырылған жоқ. АҚШ құрамасының бас бапкері Маурисио Почеттино Балогунды негізгі құрамға шығарды.
Осы жеңістен соң Бельгия ширек финалға жолдама алды. Енді олар 10 шілдеде Еуропа чемпионы Испания құрамасымен кездеседі. Бұл матч турнирдің ең тартысты қарсыластықтарының бірі болмақ.