Бұл ойында Килиан Мбаппе дубль авторы атанып, сұрмергендер тізімінде Мессиді өкшелеп қуып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Франция құрамасы футболдан 2026 жылғы мундиалдың 1/16 финалында Швецияны 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, келесі кезеңге қиналмастан жолдама алып отыр.
Әуелі франциялық Килиан Мбаппе бірінші таймның аяқталуына сәл ғана уақыт қалғанда (45+1-минут) мергендік танытты.
Ойынның екінші бөлігінде Дидье Дешам шәкірттері басымдығын еселеді. 53-минутта Брэдли Баркола Майкл Олизенің нәтижелі пасын ұтымды пайдаланды. Ал 74-минутта Мбаппе осы матчтағы екінші голын соқты. Қорытынды есеп – 3:0.
Енді Франция құрамасы Германияны пенальти сериясында жеңіп сенсация жасаған Парагвай құрамасымен жолығады.
Associated Press басылымы Мбаппенің бұл ойында әлем чемпионаттарындағы 17 және 18-голын соққанын, турнир тарихындағы үздік сұрмергендер тізімінде Лионель Мессиден бір гол ғана қалып келе жатқанын жазады. Сондай-ақ, ол биылғы әлем чемпионатындағы "Алтын бутса" бәсекесінде де Мессимен теңескен еді.