Астаналық гимнасттар Германияның Франкфурт қаласында өткен әлем чемпионатынан кейін елге оралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Спортшыларды жақындары мен жанкүйерлері әуежайдан зор ықыласпен қарсы алды.
Қазақстан намысын әлемдік додада Ақмарал Ерекешева мен ұлттық құраманың №1 тобы қорғады.
Жеке бағдарламада Ақмарал Ерекешева ұршықтармен орындалатын жаттығуда 29,400 ұпай жинап, 5-орынға ие болды. Таспамен орындалатын жаттығуда 8-орын алса, көпсайыс қорытындысында 6-орынға тұрақтады.
Командалық есепте Қазақстан құрамасы 266,65 ұпаймен 11-орын алды. Ал топтық жаттығулардың көпсайысында ұлттық құрама 13-орынға жайғасты. Бұл өткен чемпионаттағы 17-орынмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.
Қазақстанның №1 ұлттық құрамасы сапында Жасмин Жүнісбаева, Аида Хакимжанова, Мәдина Мырзабай, Айзере Нұрмағамбетова, Айзере Кенес және Кристина Чепульская өнер көрсетті.
Ақмарал Ерекешева үшін бұл ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионаты болды. Бұған дейін ол 2025 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алған.
Биылғы додаға әлемнің 73 елінен 102 спортшы қатысты.
"Әлем чемпионатындағы алғашқы ересектер арасындағы жарысым мен үшін үлкен тәжірибе болды. Жарыс барысында өзіме артылған жауапкершілікті сезініп, бар күшімді салуға тырыстым. Қолдау білдіріп, жанкүйер болған баршаңызға алғыс айтамын. Алдағы уақытта нәтижелерімді жақсартып, Қазақстанның көк туын биіктен желбірету үшін бар күшімді саламын", – деді Ақмарал Ерекешева.