Әлем чемпионатындағы жеңілістен соң Оңтүстік Кореяда тексеріс басталды

124

Мемлекет басшысы бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Әлем чемпионатындағы жеңілістен соң Оңтүстік Кореяда тексеріс басталды Фото: Reuters

Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён ұлттық футбол құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатындағы сәтсіз өнеріне байланысты арнайы тексеру жүргізуді тапсырды, деп жазады inbusiness.kz сайты 1bol.kz спорт порталына сілтеме жасап.

"Бұл күтпеген нәтиже мені жай ғана таңғалдырған жоқ, тіпті түсінбей отырмын. Тағы бір мәрте кадр мәселесінің шешуші рөл атқаратыны дәлелденді", – деп жазды Президент.

Ли Чжэ Мённің пікірінше, ұлттық құраманың сәтсіздігіне кадрлық саясаттағы олқылықтар, тамыр-таныстыққа жол берілуі және біліксіз мамандардың жауапты қызметтерге тағайындалуы себеп болған.

Сондай-ақ ол спорт саласындағы қаржыландыру жүйесінде де мәселелер бар екенін айтып, салық төлеушілердің қаражатының тиімді жұмсалмағанын атап өтті.

Осыған байланысты президент Оңтүстік Кореяның Мәдениет, спорт және туризм министрлігіне әлем чемпионатындағы сәтсіздіктің нақты себептерін жан-жақты зерттеп, оған әсер еткен факторларды талдауды және мұндай жағдайдың қайталануына жол бермейтін кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды.

Бас бапкер және ұлттық құраманың бұрынғы ойыншысы Хонг Мён Бо команда жарыс жолынан шыққан соң, 28 маусымда қызметінен кетті.

Хонг Мён Бо 2014 жылғы әлем чемпионатында да ұлттық құраманы басқарған болатын, онда құрама да плей-офф кезеңіне өте алмады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу