Ақтық сындағы бәсекелер 13 желтоқсан күні өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Финалистер саны бойынша Ресей құрамасы алдына қара салмады. Ол елдің 12 спортшысы алтыннан дәмелі. Сол секілді, Өзбекстанның 6 боксшысы финалға шықса, Қазақстаннан 4 былғары қолғап шебері жеңімпаз атануға тырысып көреді. Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Беларусь елдері жалғыз боксшысына сенім артады.
Қазақстандық боксшылардың финалдағы қарсыласы:
- 54 келі. Сәкен Бибосынов – Вячеслав Рогозин (Ресей);
- 57 келі. Оразбек Асылқұлов – Хусравхон Рахимов (Тәжікстан);
- 71 келі. Абылайхан Жүсіпов – Сергей Колденков (Ресей);
- 75 келі. Сабыржан Аққалықов – Исмаил Муцольгов (Ресей).
Жартылай финалда Сәкен Бибосынов непалдық Тапу Чандра Бахадурдан айналып өтсе, Оразбек Асылқұлов ресейлік Андрей Пегливанянды 5:0 есебімен жеңді.
Абылайхан Жүсіпов Қырғызстан боксшысы Ихтияр Нишоновтан 5:0 есебімен айласын асырса, Сабыржан Аққалықов өзбекстандық Фазлиддин Эркинбоев жекпе-жектен бас тартқан соң 2025 жылғы әлем чемпионатының финалына қиналмай өтті.