Әлем чемпионы әлекке салды

1634

Ұлттық құраманың нәтижесі көзге қатты көрінеді, ал елдегі балалар футболы қай деңгейде? Деңгейіміз көтерілу үшін не істемек керек?

Әлем чемпионы әлекке салды

Франция құрамасына қарсы матчқа Қазақстан құрамасы толық мықты құрамымен шықты деп айта алмаймыз. Негізгі құрамда ойнап жүрген 7 ойыншы жарақатына байланысты бұл ойынға қатыса алмады. Көбісі тіпті Парижге келмеді де. Олардың қатарында Асхат Тағыберген, Азат Нұрғалиев, Юрий Логвиненко және Бақтиер Зайнутдиновтар бар. ЦСКА ойыншысы екі сары қағаз алғанына байланысты бұл матчқа қатысу құқығынан айрылған еді.

Матч бастала салысымен Франция шабуылға шықты. Кездесудің алтыншы минутында Килиан Мбаппе есеп ашты. Бұл матчтағы ең алғашқы мүмкіндік болатын. Артынша Марат Быстров қаптал арқылы шабулға шықты. Нәтижесінде алғашқы бұрыштамаға ие болдық. Сол бұрыштама қақпамызға гол болып енді. Қарымта шабуылда жылдамаяқ Кингсли Коман қақпашыны алдап өтіп, Килиан Мбаппеге пас асырды. Сұрмерген шабуылшы қақпамызға екінші голды салды.

Алаң жиегінде отырып қарсылас команда футболшыларының өте жылдам екенін анық байқадық. Қорғаныстағы Жюль Кунденің алаңда ойына не келсе соны істей беретін қасиеті бар екенін байқадық. Ал Қазақстан құрамасы сапында ойынды жүргізіп, футболшыларға сенімділік беріп жүрген Исламбек Қуатты атап өтуге болады. Сонымен қатар ортада ойнаған Еркін Тапалов Уго Льорис қақпасына қайта-қайта соққы жасағанын атап өтпеске болмас. Бірінші таймда қапталда ойнаған Мақсат Тәйкеновтің өте белсенді болғанын да айта кетейік.

Алайда шын мықтыға тұсау жоқ екен. Жылдам әрі әбжіл қимылдайтын Килиан Мбаппе баспен гол салып, хет-трик авторы атанды. Жас шабуылшы расымен де түбі ұлы ойыншыға айналатынын байқатты. Бірінші таймда Оралхан Өміртаев та баспен бір соққа жасап үлгерді. Бірақ тәжірибелі қақпашы допты еш қиналмастан тосып алды.

Екінші таймда Килиан кезек беріп, орнына Бензема белсене түсті. Әріптестері берген пастарды қақпаға дәл бағыттап отырған Кәрім Бензема дубль жасап тастады. Тісқаққан шабуылшының қимылдары "Парк де Пренстегі" жанкүйерлерді тәнті етті. Қазақстан құрамасында алаңға алмасып енген Айбар Жақсылықов бар жанын салып ойнауға кірісті. Сәт сайын допқа таласып, тіпті Дайо Упомеканоны итеріп құлатып жүрген кезі де болды. Франция құрамасы салған 5 голымен тоқтамады. Адрьен Рабьо баспен гол салып, қазақстандық қорғаушылардың әбден шаршағанын білдіртті. Ол аз болғандай айып алаңының ішінде Антуан Гризманды шалып жықтық. Швед төрешісі бейнеқайталауды көріп барып, пенальти белгіледі. "Атлетико" Мадрид футболшысы 11-метрліктен мүлт кетпеді. Есеп 7:0 болып, франциялық жанкүйерлердің бақыттан басы айналды. Қазақстан құрамасын қолдауға келген 200-ге жуық жанкүйердің жайы айтпаса да түсінікті шығар.

Матч соңына таман Килиан Мбаппе есепті 8:0 қылды. Ол ұлттық құрама сапында бір ойында 4 гол салмаған еді. Тіпті, хет-трик те жасамаған болатын. Криштиану Роналду өзінің ұлттық құрамадағы голдарын көбінесе Лихтенштейн, Люксембург, Андорра секілді құрамаларға салған деп сын садағына ілінетін. Мбаппенің де көп голы Қазақстан қақпасына салынған деп кейін оны да әжуа қылатындар табылатын да шығар. Мокин қақпада тұрған шақта "қара маржан" шабуылшы ағынан жарылып бұлайша гол салмаушы еді.

Қазақстан құрамасына қазір қанша жерден бапкер ауыстырсаңызда ойнайтын футболшылар осылар. Балалар футболынан бері осы деңгейде ойнаған футболшылар бір демде жаңа бапкер келді екен деп қатты ойнап кете салмайды ғой. Сондықтан да, ел футболының реформасын қайта қарап шықсақ еш артық етпейтінін осы жерде ашына айтуға мәжбүрміз. Біз бүгін жеңілейік, келесі жылы да ұтылатынымыз анық. Тек оншақты жылдан кейін де дәл осылай опық жеп отырмауымыз қажет. Ал ол үшін жұмысты қазірден бастағанымыз абзал.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу