Әлем э-сигареттен бас тартып жатыр

4691

Электрондық темекіге тыйым салған 39 мемлекеттің қатарына Үндістан да қосылды.

Әлем э-сигареттен бас тартып жатыр

Сәрсенбі күні Үндістан электрондық темекіге толық тыйым салатынын жариялады. Ел үкіметінің мәлімдеуінше, э-сигарет құрылғылары денсаулыққа зиян, әсіресе, жастарға үлкен қауіп төндіріп тұр.

"Өкінішке орай, э-сигареттер әу-баста адамдарды шылым шегуден бас тартуға ынталандыруы қажет құрал саналды. Осылайша, ол азаматтарымызды "темекі" деген зиянды әдеттен алшақтатуы тиіс еді. Бірақ, министрлер кабинеті халқымыздың, жастарымыздың денсаулығына қатер төндірмеу туралы шұғыл шешім қабылдауға мәжбүр болып отыр", - деді Үндістан қаржы министрі Нирмала Ситхараман қыркүйектің 18-де Делиде өткен үкімет отырысынан кейін.

АҚШ-та электрондық темекіден 7 адам қайтыс болды

Оның сөзінше, Құрама Штаттарда жеті адамның вейпингпен (электрондық темек тарту) байланысты аурулардан қайтыс болуы Үндістанда да э-сигареттерге қатысты алаңдаушылықты күшейтті. Айта кетсек, қазір Американың 36 штатында жүздеген адам өкпе ауруларынан емделіп жатыр. Олар электрондық темекіден науқастанды деген күдік бар. Бұл шындық па? Өзекті сауалдың жауабы тергеу аяқталған соң белгілі болады.

Ситхараманың өзге бір мәлімдемесіне қарағанда, Электрондық Никотин Жеткізу Жүйесіне (ЕНЖЖ) тыйым салу туралы төтенше қаулы алдағы күндері қабылданады. Ал, парламенттің келесі сессиясында бұл құжат заңға айналады.

Жаңа заңға сәйкес, электрондық темекіні өндіруге, импорттауға, экспорттауға, тасымалдауға, сатуға, таратуға, қоймада сақтауға, жарнамалауға тыйым салынады. Сонымен қатар, бұдан былай ЕНЖЖ барлық формаларын, электрондық кальян қолдануға да рұқсат берілмейтін болады.

Ережені бұзғандар түрлі жазаларға тартылады: бір жылға сотталады немесе 100 мың рупий ($1400) айыппұл төлеуге тиіс болады. Кейбір жағдайларда  тыйымға бағынбағандар осы екі жазаның екеуін де өтеуге міндеттеледі. Ал, заңды қайта бұзғандар бес жыл түрмеге қамалып, 7000 доллар айыппұл төлейді.

"Бұл өнімдердің сыртқы келбеті тартымды, дәмі әртүрлі. Сондықтан, оларды қолданушылардың саны геометриялық прогрессиямен өсіп, дамыған елдерде эпидемиялық масштабқа жетіп отыр, әсіресе, жастар мен балалар арасында", - деп жазылған Үндістан министрлер кабинеті таратқан пресс-релизде.

Үкімет бұл заңды елдің он шақты штаты э-сигаретке тыйым салғаннан кейін қарастыруға кіріскен.

Саудагерлер қоймаларында қалған электрондық темекілер мен патрондарды жақын маңдағы полиция бөлімшесіне тапсыруға міндеттеліп отыр.

Үндістан – вейпингтік өнімдер үшін алып нарық

Үндістанда темекіге әуес 106 миллион ересек адам бар. Яғни, ол бұл жағынан әлемде Қытайдан кейінгі екінші орында тұр. Және де Үндістан - шылымқұмарлары көп болғандықтан - Американың вейпингтік өнімдер шығаратын Juul, Philip Morris тәрізді табак компаниялары үшін пайдалы нарық.

Үндістан халқының саны 1 миллиард 300 миллионға жетіп қалды. Мұнда жыл сайын темекімен байланысты аурулардан 900 мыңнан астам адам қайтыс болады.

Дегенмен, бүкіл елдегі э-сигарет қолданушылар атынан өкілдік ететін Үндістан Вейперлер қауымдастығының мәлімдеуінше, үкімет салған тыйым миллиондаған адамды дәстүрлі әрі зиянды темекіге оралуға мәжбүрлеп, сол шылымды шығаратын табак компанияларының табысын арттырады.

Euromonitor зерттеу компаниясының дерегінше, дүниежүзінде 35 миллионға жуық адам электрондық темекі мен оған ұқсас сигареттерді қолданады.

Бұндай шылымға негізінен зиянды әдеттен арылғысы келетіндер әуес. Өйткені, э-сигареттер никотинге мұқтаждықты қанағаттандырып, жанып кеткен табактың токсині мен шайырын жоя алады. Бірақ, зерттеушілер бұндай темекі, әсіресе, жастарды никотинге тәуелді етеді деп алаңдап отыр.

Табактың зиянын азайту жөніндегі ғаламдық ұйымның мәліметінше, бүгінге дейін әлемнің 39 елі электрондық сигареттер мен никотиндік сұйықты сатуға тыйым салған.

Хош иіс миллиондаған баланы никотинге тәуелді етпек

Құрама Штаттардағы Аурулардың алдын алу және бақылау орталығы өзінің шұғыл көмек бөлімінің жұмысын күшейтті. Ондағы мақсат – электрондық сигаретпен байланысты өкпе ауруларының көбеюін жіті тергеу. Ал, президент Дональд Трамп әкімшілігі ароматтандырылған электрондық шылымға тыйым салу мәселесін қарастырып жатыр. Американың денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, Калифорнияда вейпингпен байланысты аурудан бір ер адам қайтыс болып, э-темекі құрбандарының саны жетіге жетті.

АҚШ үкіметі өткен аптада мәлімдегендей, мұндай темекіні дүкен сөрелерінен алып тастамаса, оның хош иісі миллиондаған баланы никотинге тәуелді етеді. 

Бірақ, Ұлыбритания тәрізді кейбір елдер темекін тастаудың бір жолы ретінде вейпингті қолдап отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болса,  э-сигареттерді зиянды әдеттен арылуға көмектесетін құрал ретін мойындаудан бас тартты. Себебі, ДСҰ-ның мәлімдеуінше, мұндай темекінің зиянсыздығына дәлелдер жеткіліксіз.

Ғаламдық э-сигарет нарығының көлеміне келсек, ол кәдімгі сигареттер рыногымен салыстырған әлдеқайда шағын. Бірақ, қарқынды өсіп келеді. Euromonitor-дың дерегінше, былтыр 713 миллиард доллардың дәстүрлі темекісі сатылса, вейперлік өнімдер 15,7 миллиард долларға  саудаланған. Алайда, 2023 жылы э-сигареттер саудасы екі есеге артып, 40 миллиард долларға жетеді деген болжам бар. Ал, жай темекіні алушылар жыл өткен сайын азаюы мүмкін.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу