Әлемде адамзат күтпеген тағы бір пандемия басталуы мүмкін

252

Антибиотиктерді дәрігер тағайындауынсыз, жүйесіз қолдану әлемдегі "үнсіз пандемияға" айналып бара жатыр.

Әлемде адамзат күтпеген тағы бір пандемия басталуы мүмкін Фото: ЖИ

Елімізде де антибиотиктерді дәрігермен кеңеспей-ақ өз бетінше қолданатын пациенттер көп. Жыл өткен сайын микробтардың препараттарға төзімділігі артып бара жатыр, демек алда дәрі-дәрмек түгілі антибиотиктер де ауруды емдеп жаза алмауы мүмкін деген қорқыныш бар. Бұндай жағдайда адамзат қалай әрекет етпек?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, антимикробтық резистенттіліктің тікелей әсерінен жыл сайын 1 миллионнан аса адам көз жұмады. Антимикробтық резистенттілік деген – микробтардың, бактериялар, вирустар, зеңдер мен паразиттердің бұрын оларды оңай жойған дәрілерге жауап беруді тоқтатуы. Қарапайым тілмен айтсақ, адамға енді антибиотиктер және басқа да препараттар әсер етпей қалады және қарапайым инфекциялардың өзі қауіпті бола бастайды.

2023 жылы алты кең таралған бактериялық инфекцияның біреуі антибиотиктермен емдеуге төзімді екені анықталды. Сонымен қатар зерттеулер 2021 жылы тіркелген 4,71 миллион өлімнің себебі бактериялардың микробқа қарсы препараттарға төзімділігі екенін дәлелдеген. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 40 миллионға дейін жетуі ықтимал. Осыған байланысты биыл Женевада өткен 79-шы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясына қатысушы мемлекеттер 2026-2036 жылдарға арналған микробқа қарсы төзімділікпен күресудің жаңа жаһандық іс-қимыл жоспарын құрған еді.

Ал елімізде антибиотиктерді оңды-солды алып ішу пандемия кезінде белең ала бастады. Мысалы, елімізде 2020 жылы шамамен 80 тоннаға жуық антибиотик сатылған. Дәл осы кезде лаборатория қызметкерлері мен дәрігерлер COVID-19 жұқтырып, жазылып шыққан науқастың ағзасы негізгі антибиотиктердің бәріне төзімді екенін анықтап, ескерту жасай бастап еді.

Дерттің беті қайта бастағанда, ішкі нарықтағы сұраныс 2 есеге жуық азайды. Биылғы алғашқы 4 айдың өзінде 31,2 тонна антибиотик сатылып кеткен. Оның 10,7 тоннасы отандық өндірушілерге, ал 20,5 тоннасы шетелдік импортқа тиесілі. Осы орайда байқайтынымыз, антибиотикті шектен тыс мөлшерде сатып алу халықтың медициналық сауатына байланысты болып отыр. Қарапайым адамдар вирустық ауруларды бактерияға қарсы препараттар емдейді деп сенеді. Соның салдарынан бактериялар супербактерияға айналып, антибиотиктерге төзімділік арта бастайды. Бірінші санаттағы жалпы тәжірибелік дәрігер, медициналық сарапшы Жазира Сматқызы да өз бетінше антибиотик ішетіндердің саны әлі азаймай тұр дейді.

– Өз бетінше антибиотик ішетін науқастардың саны бұрынғыдан артпаса, азаймай тұр. Соның салдарынан кейбір микробтардың антибиотикке төзімділігі төмендеп барады. Еліміздегі дәріханаларда антибиотиктер дәрігер тағайындауымен ғана сатылуға тиіс. Бұл заң бұрыннан бар, алайда дәріханалардың көбі бұл тәртіпке бағынар емес, – дейді ол.

Иә, елімізде дәрігердің рецебі бойынша ғана дәрі-дәрмек сату Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа талабы емес. Бұл жүйе 20 жылдан бері қолданылып келеді. Алайда дәріханалармен қатар, интернет-дүкен желілері де жүйесіз саудамен айналысып отыр. Кей науқас дәріханадан сатылмайтынын біліп, интернет-дүкені арқылы да тапсырыс беретіні анық. Денсаулық сақтау министрлігі антибиотиктерді рецептсіз сатуға қатысты бақылау шарасын күшейтеміз дегенімен, мәселе әлі реттелмеді. Тіпті антибиотиктер қолданысы мен нарығын жүйелеуге арналған "Микробқа қарсы препараттарға төзімділікті тежеу жөніндегі" Жол картасы да іске қосылған. Бұл жоспардың аяқталуы да жақын, 2023-2027 жылдарған арналған еді. Қазір антиботиктерді сату жүйесін реттеумен қатар, халыққа түсіндірме жұмысын жүргізу, ата-аналарды ақпараттандыруды күшейту де маңызды болып отыр.

– Ата-аналардың да балаларға антибиотик беруі де жиілеп кетті. Баласы кішкене ауырып қалса, антибиотик бере салады. Кей аналардың өзі дәрігерге барып, антибиотик неге жазып бермейсіз деп талап қоятыны бар. Бұл дұрыс емес. Балаларда көп жағдайда 3-5 күнге дейін вирустық инфекция жүреді. Вирустық инфекция кезінде антибиотик ішетін болса, антибиотик вирустарды танымайды, яғни ол сау ағза, сау емес ағза деп түсінбейді. Барлық ағзаға бірдей әсер етеді, соның салдарынан иммундық жүйе әлсірейді,– дейді терапевт Жазира Сматқызы.

Маманның сөзінше, антиботик вирусты өлтіре алмайды, керісінше, иммундық жүйені одан сайын әлісеретіп тастайды. Антибиотикті жиі ішудің салдары өте ауыр болуы мүмкін.

– Антибиотик вирусты тек қоршап алады, егер балада иммундық жүйе жақсы жұмыс істеп тұрса, вируспен күресе алады да, вирус жойылып кетеді. Егер иммундық жүйе әлсіз болса, антибиотик вирусқа әсер етпейді. Байқасаңыздар, жиі антибиотик ішетін бала жиі ауырады. Халыққа осы жөнінде көбірек түсіндірме жұмысын жүргізу керек. Талап қатаңдатылу керек. Антибиотиксіз жағдай қиын болады, тіпті елестете де алмаймын, – дейді дәрігер.

Мамандардың айтуынша, антибиотиктерді орынсыз пайдалану емдеу процесін күрделендіріп қана қоймай, аурудың ұзаққа созылуына, асқынулардың көбеюіне және өлім-жітім деңгейінің артуына себеп болуы мүмкін. Сол себепті де мәселе дереу реттелмесе, еліміздің денсаулық сақтау саласы үшін де қиын кезең пайда болуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу