Әлемде АҚШ араласуы мүмкін тағы бір соғыс басталуда

4289

Диктатор демократияның жоқтығына, экономиканың жайрап қалуына қатысты халқының наразылығын басқа бағытқа бұру үшін көрші елге шапқыншылық жасайды.

Әлемде АҚШ араласуы мүмкін тағы бір соғыс басталуда Фото: inbusiness.kz

Венесуэла Гайана-Эссекибо өңірін өзіне күштеп қосып алу үшін "арнайы әскери операцияға" кірісті. Бұл өңір тәуелсіз көрші мемлекеттің территориясы болып табылады. Алайда Каракас оны даулы өңір санайды. 

Салдарынан, қазіргі кезде Венесуэла мен Гайана Республикасының армиялары арасында шайқастар басталды. Осылайша, Оңтүстік Америка да қақтығыс ошағына айналатын түрі бар.

Халықаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Бразилия өзінің қарулы күштерін жоғарғы әскери дайындық жағдайына келтірді. Өйткені Николас Мадуроның режимі жеңіске жетсе, біріншіден, ол өзге көршілерінің жеріне де көз сұғын қадауы мүмкін.

Екіншіден, Гайана тыныштығынан, тұрақтылығынан айрылып, қырғын шиеленіс даласына айналып кетуі ғажап емес. Ал Бразилия солтүстікте Венесуэламен, Гайанамен және содан кейін тұрған Суринаммен шектеседі.

Гайанамен арадағы "даулы территория" санайтын Эссекибо өзенінің батысындағы сол аттас өлкені Венесуэла құрамына қосып алу ниетін Каракас ашық жариялады. Ел Президенті Николас Мадуро ол өңірдің болашағы туралы референдум тағайындағанын мәлімдеді.

Қырымның империялар тайталасына тамыздық болып, қолдан қолға өткені сияқты, Гайана-Эссекибо өңірі үшін дау да шамамен 200 жылдан бері жалғасып келеді. Табиғи  ресурстарға, жерасты қазынасына аса бай бұл өлке бүгінде Гайананың заңды аумағы саналады және осы тәуелсіз мемлекеттің бүкіл территориясының 70%-ын алып жатыр.

Өзінің қазіргі жалпы ауданының ұлан-байтақ екеніне және оның толыққанды игерілмей жатқанына қарамастан, көрші Венесуэла осы өлкені де өзіне қосып алудан дәмеленуін қоятын емес. Каракас тіпті ол мақсатын халықаралық құқық аясында іске асыруға да талаптанып көрді. Халықаралық сотқа шағымданды.

Енді бұл мұратына қару күшімен қол жеткізбек. Сөйтіп, қарау қарекетімен барлық көршісін дүрліктірді. Мысалы, әлеуметтік желіде венесуэлалық әскерлер енді Бразилияға да баса-көктей енгені туралы қауесет тарады.

"Х трендтік тақырыптарда "Гайана" термині ең көп талқылау нысанасына айналды. Интернетте таралып жатқан бірнеше бейнежазбада венесуэлалық армияның Бразилия территориясы арқылы көрші Гайанаға шапқыншылық жасағаны, әскерилеріміздің агрессордың жауынгерлерін орман ішінен іздестіріп жатқаны бейнеленген-мыс. Бұл ақпарат шындыққа мүлдем сәйкес келмейді", – деп хабарлады ресми мәліметке сілтеме жасап, бразилиялық Revista Forum басылымы.

Бразилия билігі өз халқын дүрбелеңге берілмеуге шақырды. Бірақ өзі соғысқа дайындалуда.

Сарапшылардың байламынша, егер шекарадағы қақтығыспен, әуеден атыспен шектелмей, Каракас көршісіне құрлықпен кең ауқымды шапқыншылық жасаса, онда АҚШ оған араласуға тура келмек. Әйтпесе, оның дәл іргесінде ұзаққа созылатын соғыс ошағы қанат жаяды.

Әзірге Ақ үй Венесуэла мен Гайананы территориялық дауды бейбіт жолмен шешуге шақырды. Бұл туралы АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің стратегиялық коммуникациялар координаторы Джон Кирби мәлімдеді.

"Біз қақтығыстың бейбіт шешілгенін қолдайтынымызды айқын ұғындырдық. 1899 жылғы арбитраж сотының шешіміне сәйкес, Гайана мен Венесуэла арасындағы құрлықтағы шекарасы анықталды. Тараптар жаңа келісімге келгенше, бұл шешімнің талабы сақталуға тиіс", – деді Кирби.

Ол тараптардың Халықаралық соттың жаңа шешімін күткені жөн екенін нықтады.

Венесуэла және Гайана жұртының арасына XIX ғасырдың басында іріткі түсіп, жер дауына шатылды. Ақыры екі ел де 1966 жылы Женева шартына қол қойды. Бұл құжат соның қарсаңында ғана тәуелсіздік алған Гайананы осы өңірдегі Британ империясының құқықтық мұрагері етті.    

Сол келісімді Венесуэла бұзып отыр. Ол бұған дейін өз карталарында Эссекибо өзенінің бассейніндегі өлкені Гайана территориясы ретінде көрсетпей, штрихты сызықтармен сызып қоятынды жаман әдетке айналдырды. Мұнысы – ол өлкені даулы аумақ деп санайтынын білдіргені.

Эссекибо өзенінінің батысындағы осы аттас өлке 160 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Егер Гайана мемлекеті одан қол үзсе, онда өз территориясының шамамен төрттен үшінен айрылып қалады.

Эссекибо негізінен, адам өтпес, ит тұмсығы батпас ну джунгли болып келеді. Бірақ оның асты-үсті байлыққа толы: алтын, алмас, мұнай, мыс, керектінің бәрі дерлік бар.

Оның үстіне бұл өңір Венесуэлаға теңізге шығу үшін де керек.

2019 жылы Халықаралық валюта қоры теңіздегі мұнай кен орындарын игеріп, күреп табыс таба бастаған Гайананы "әлемдегі ең тез өсуші экономика" деп атады.

Ал Венесуэла болса, әлемдегі ең жылдам қайыршыланып жатқан ел саналады.

Каракастың қарсы дәйектемесі қандай?

ХІХ ғасырда Испания империясы күйреген тұста, Эссекибо өлкесін Британия өз бақылауына алып, сол кездегі төл отары Гайанаға қосады. Венесуэла мұнымен келіспей, жер дауын реттеп беруді сұрап, Париждегі Халықаралық арбитражға талап арыз түсіреді.

1899 жылы Ресей, АҚШ, Британия судьяларынан тұратын Халықаралық сот Эссекибо территориясының 90%-ға жуығын Британияның еншісіне бекітіп береді. Ұлыбритания патшалығы бертінде ол құқығын өзінен тәуелсіздік алған Гайанаға табыстады.

Алайда 1949 жылы америкалық адвокаттың естелік хаты жарияланды. Онда қорғаушы Ресей және Британия өзара ымыраласып, сол дауды Лондонның пайдасына шешкені туралы жорамалын жазды.

Іздегенге сұраған деген. Сыныққа сылтау іздеген Венесуэлаға осының өзі жеткілікті болды: ол 1899 жылғы халықаралық төрелік соттың шешімін бұдан былай орындаудан бас тартатынын жариялады.

Шешімін тапқандай болған жер дауы жаңа қарқынмен бұрқ етті. Венесуэла 2015 жылы Эссекибоға қатысты претензиясы барын тағы да жариялады. Себебі, ол жерде мұнай мен газдың кен орнын ашылды.

Кенге бай кең байтақ жері бола тұра, көршісінің азғана жеріне көз сүзген көршісінің осы жолда қантөгістен де тайынбайтынын түсінген Гайана өз шекараларын растауы үшін 2018 жылы БҰҰ Халықаралық сотына жүгінді.

Бұл халықаралық ұйымның оралымсыздығын, тиімсіздігін, пәрменсіздігін сынап жүрген саясаткерлер мен сарапшылар БҰҰ-ның әлемдегі бірде бір ірі қақтығыстың алдын алмағанын бетіне басады. Мұнда да тасбақа тірлік танытқан БҰҰ Халықаралық соты Гайананың шағымын тек биылғы 2023 жылғы сәуірде ғана қарауға алды.

Ендеше тараптар 200 жылдан бері созылған жер дауына нүкте қою үшін осы инстанцияның шешімін күтсе, орынды емес пе?

Каркастың бұл шыдамсыздығына не себеп?

Таяуда, қазан айында Гайана мұнайдың тағы бір мол қорының табылғаны туралы жариялады.

Көп өтпей-ақ Венесуэла басшысы Николас Мадуро желтоқсан айында аталған өңірдің өз елінің құрамына қосылуы туралы референдум өткізетінін мәлімдеді.

Өз кезегінде Гайана Біріккен Ұлттар ұйымынан араша сұрап, дауыс беруді тоқтатуды өтінді. Бірақ бұл жапандағы жалғыздың айғайына ұқсайды. БҰҰ әлемде талай диктатор ұйымдастырған ұқсас референдумдар мен талаптардың бірде біріне тосқауыл бола алған емес.  

Венесуэла да әскери қақтығысты шұғыл бастауын "бұл дауға Американың араласуының алдын алу үшін барғанымен" түсіндіргісі келді.

Венесуэланың Сыртқы істер министрі Иван Хиль Пинто "Гайана мен Венесуэла арасындағы даудың нысанасы саналатын аумақта АҚШ әскери базасын орналастырғалы жатыр" деп босқа байбалам салды.

Бұны Америка Құрама Штаттары жоққа шығарды.

Соған қарамастан, Венесуэла Президенті Николас Мадуро Эссекибо өлкесін көршісінен тартып алып, оны жеке штат ретінде өз еліне қосатынын хабарлады. Содан кейін жаңа аумақты жеделдетілген түрде игеру жоспарын іске асырмақ.

Халықаралық қылмыстық сот "Венесуэла Эссекибоны күштеп тартып алу райынан қайтуы керектігін" білдіріп, қаулы қабылдады. Егер бұл шешімі аяқасты болса, Мадуроны да тұтқынға алуға ордер беруі мүмкін. Бірақ оны кім орындайды?

Каракас тек АҚШ араласса ғана аяғын тартатынға ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу