Әлемде бірнеше мемлекет өз атауын өзгертті

372

Жаһандық ребрендинг дәуірі жалғасуда. Ескі атауларда не мін бар? Дүниежүзілік карталарды өзгертуге тура келеді.  

Әлемде бірнеше мемлекет өз атауын өзгертті Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Кейінгі жылдары жаһан жұртшылығы ауқымды "ребрендингтің" куәсі болуда: бұл үдеріс шағын аралдардан бастап еуропалық елдерді де қамтыды, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Бұрын Науру Республикасы ретінде белгілі болған тынықмұхиттық арал-мемлекет тілдік және тарихи әділдікті қалпына келтірудің жаңа әрі жарқын үлгісіне айналды. Құйтақандай ғана ел өз бойынан қайрат пен ерік-жігер тауып, ресми түрде өзінің байырғы атауын қайтарды:

  • ескі атауы: Republic of Nauru (Науру Республикасы);
  • жаңа атауы: Republic of Naoero (Наоэро Республикасы);
  • Қысқаша атауы: Naoero;
  • Демоним (азаматтарының халықаралық атауы): dei-Naoero (бұрынғы Nauruans сөзінің орнына).

Ел атауын өзгертудің заңнамалық үдерісі 2026 жылдың мамыр айында ел Парламенті Конституцияға түзетуді қабылдаған кезде өз мәресіне жетті. Бастапқыда билік бұл мәселені жалпыұлттық референдумға шығаруды жоспарлаған еді. Алайда артынша билік ол райынан қайтты. Президент Дэвид Адеанг 2026 жылдың шілде айының соңында болуға тиіс жалпыхалықтық сауалнамадан бас тартуды ұйғарғанын мәлімдеді.

"Референдум өткізбеу туралы шешім терең ойланудан кейін қабылданды. Өйткені Наoэро – халықтың мақұлдауын талап ететін жаңа атау емес. Бұл – халқымызға қазірдің өзінде тән құндылық, ол ұлттық Елтаңбада жазылған және қоғамда кеңінен қолданылып жүр. Ең бастысы, мұны Конституция рұқсат етеді", – деді Дэвид Адеанг.

Мемлекет басшысы бұл қадамның басты мақсаты – тілді сақтау, ұлттық бірегейлікті нығайту және мәдени мұраны болашақ ұрпаққа жеткізу екеніне назар аудартты.

Елдің бұрынғы "Науру" атауы отаршылардың бұрмалауының қалдығы еді: еуропалық теңізшілер мен колонизаторлар тұрғылықты халықтың "Наоэро" деген түпнұсқа атауын айтуға қиынсынып, оны өз білгенінше өзгерте салған еді. Патшалық Ресейдің қазақтарды "киргиз-кайсаки" дегені сияқты. Сондықтан ел билігі тарихи есімді қайтаруды отаршылдықтың ауыр мұрасынан құтылудың және тарихи әділдікті қалпына келтіру үдерісінің бір бөлігі деп қарастырды.

Бай аралдың басқа трагедиясы

Әлем тұрғындарының басым бөлігі үшін бұл арал-мемлекет әлі күнге бейтаныс күйінде қалуда. Наоэро – Ватикан мен Монакодан кейінгі әлемдегі ең кішкентай үшінші ел. Тынық мұхиттың батыс бөлігінде, Аустралиядан шамамен 4 мың шақырым солтүстік-шығыста орналасқан. Аумағы небәрі 21 шаршы шақырым болатын маржанды аралда 12 мыңға жуық адам ғана тұрады. Яғни, шағын бір қаладай ғана.

Қызығы, бұл мемлекеттің ресми астанасы жоқ. Барлық билік органдары – Үкіметі, Парламенті және негізгі мемлекеттік мекемелері елдің әкімшілік орталығы қызметін атқаратын Ярен округінде орналасқан.

Наоэроның тарихы – ұланғайыр байлықтан жаппай кедейшілікке жеткен елдің хикаясы. Сонау 1960–1980 жылдары Науру тұрғындары әлемдегі ең бай халықтардың бірі болды.

Жоғары сапалы фосфориттің астатөк қорының арқасында бұл ел сұранысы қарқынды артқан бірегей табиғи ресурстың иесі айналды. Өндірістен түскен табыстың мол болғаны сонша, әрбір отбасы айына шамамен 40–50 мың доллар дивиденд алып тұрды.

Ондағы өмір сүру деңгейі тіпті дамыған мемлекеттердің өзі үшін қол жетпес армандай көрінді. Жергілікті тұрғындар мүлдем жұмыс істемеді: барлық істі мигранттар атқарды. Отбасыларда бір емес, бірнеше көліктен болды. Наурулықтар көрші Аустралияға кез келген шаруамен, мысалы, тіс дәрігеріне тексерілу үшін ұшақпен қатынайтын. Егер тұрмыстық техникасы немесе автомобилі сынып қалса, оны ешкім жөндемейтін: жаңасын ала салатын.

Мемлекет жаңа индустрия түрлерін дамытуға емес, инфрақұрылым салуға белсенді түрде инвестиция құйды. Азғантай ғана адамы бар аралда еңселі әуежай тұрғызылды. Төл ұлттық әуекомпаниясын құрды, теміржол салынды.

Аралдың шұғыл байып кету тарихы халықаралық қоғамдастықтың назарын аудартты. 1970 жылы тіпті әйгілі зерттеуші Жак-Ив Кустоның өзі Науруға деректі фильм түсіру үшін арнайы келді.

Бірақ экономикалық ғажайып ұзаққа созылмады. Билік байлықты тиімді жұмсаудың жолдарын асықпай іздеп жатқанда, 1990–2000 жылдары ұлттық әл-ауқаттың басты қайнары қарқынды сарқылды. 1990 жылдардың басына қарай бұл шикізатқа деген әлемдік сұраныс та төмендей бастады: жаһан залалы әлдеқайда төмен, экологиялық таза тыңайқыштарға көшуге ден қойды.

Елдің бүкіл экономикасы ондаған жылдар бойы жалғыз салаға ғана тәуелді болған еді. Кен таусылғанда, Наоэро терең қаржылық дағдарысқа ұшырады. Бұл жағдайды арал тұрғындарының көбінде еңбек тәжірибесінің жоқтығы одан әрі ушықтырды.

Ел медициналық инфрақұрылымның және кәсіби кадрлардың жоқтығынан диабет індетіне тап болды. Қазіргі кезде Науру аумағының басым бөлігі Марстың бетін еске түсіреді: фосфорит кеніштерінен тек үшкір жартастар қалған. Оларды бұзу да мүмкін емес. Тиісінше, сүріп тастап, орнына жаңа орман отырғызу қиын, деп жазды "Knife" порталы.

Осылайша, ХХ ғасырдың ең ғажайып "экономикалық феноменінің" дәуірі аяқталды. Өткенде ғана асқан байлықтың символы болған мемлекетке "фосфаттық экономика" күйрегеннен кейін аман қалудың жаңа жолдарын іздеуге тура келді.

Бүгінде Наоэроның бюджеті бірнеше қайнардан қалыптасады. Әрине, олардың ешқайсысы жоғалған байлықтын орнын толтыра алмайды, әйтсе де, біріге келе, бұл мемлекеттің қаржылық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.

Кірістің маңызды баптарының бірі – шетелдік балық аулаушы компанияларға елдің экономикалық аймағына кіретін мұхит бөлігінде тунец балығын өндіру кәсіпшілігіне лицензия сату. Айтарлықтай қаражатты Аустралия қаржыландыратын мигранттарды ұстаудың аймақтық орталығы да әкеледі.

Сонымен қатар, Наоэро Аустралиядан, Жаңа Зеландиядан, Жапониядан және басқа да серіктестерден халықаралық көмек пен гранттар алады.

Тағы қандай елдер үйреншікті атауларынан бас тартты?

Соңғы онжылдықта бірден бірнеше мемлекет өзінің халықаралық атауын өзгертіп, оның тарихи қалыбын қайтаруға ұйғарды.

Эсватини (Eswatini). 2018 жылы III Мсвати патша Швейцарияның ағылшынша атауымен (Switzerland) шатастыра бермеу және свази тіліндегі түпнұсқа атауды қайтару үшін отарлаушылар таңған "Свазиленд" атауынан бас тартты.

Ауғанстан. 2021 жылдың тамызында "Талибан" қозғалысы билікке келген соң бұрынғы мемлекет – Ауғанстан Ислам Республикасы іс жүзінде жойылды. Жаңа билік елдің енді "Ауғанстан Ислам Әмірлігі" (Islamic Emirate of Afghanistan) деп аталатынын жариялады. Олар бұл атауды 1996–2001 жылдардағы алғашқы билігі кезінде қолданған еді.

Әлем мемлекеттерінің басым бөлігі (соның ішінде Қазақстан), сондай-ақ БҰҰ бұл мемлекеттің жаңа атауын ресми түрде мойындамады: "Ауғанстан" деген қысқаша атауын ғана пайдалануды жалғастыруда.

Түркия (Türkiye). 2022 жылы ел БҰҰ құжаттары мен тізілімдерінде ағылшынша "Turkey" атауының орнына "Türkiye" деген жазбаның қолданылуына ресми түрде қол жеткізді. Бұл шешім ұлттық бірегейлікті көрсетуге деген ұмтылыспен ғана емес, сонымен бірге жағымсыз ұғымдармен қабысудан құтылу мақсатынан да туындаған еді. Себебі, ағылшын тілінде turkey сөзі "күркетауық" дегенді білдіреді, ал, ауызекі тілде "сәтсіздік/күйреу" мағынасында да қолданылады. 2025–2026 жылдары жаңа топонимді халықаралық теңіз-көлік және дипломатиялық құжаттарға түпкілікті интеграциялау аяқталды.

Кабо-Верде (Cabo Verde). Елдің жаңа ресми атауына халықаралық көшуі 2013–2014 жылдары басталған еді. Бұған дейін осы мемлекеттің есімін әр мемлекет өз тіліне тәржімалап, "Жасыл Мүйіс Аралдары Республикасы" деп атап келді. Енді ел өз атауының шет тілдеріне аударылмай, тек португал транскрипциясында қолданылуын ресми түрде талап етеді.

Солтүстік Македония (North Macedonia). НАТО мен ЕО-ға мүше болу үшін ресми атауын өзгерту арқылы 2019 жылы Грекиямен көпжылдық тарихи дауын доғарды. "Македония" атауы төңірегіндегі дау 30 жылға созылды. Екі жақ айтыс-тартыста тарихи, мәдени, саяси дәйектерді алға тартты. Грекия антикалық Македонияны және оның билеушілері – Ескендір Зұлқарнайын мен II Филиппті грек тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі деп санайды. Югославия ыдырағаннан кейін, 1991 жылы оның жұртында дүниеге келген жаңа мемлекет өзін "Македония Республикасы" деп атағанда, Грекия мұны ежелгі мұрасына қол сұғу әрекеті деп қабылдады.

Нидерланд (Netherlands). 2020 жылы мемлекеттік органдар "Голландия" атауын насихаттаудан ресми түрде бас тартты. Өйткені Голландия 12 провинцияның ішіндегі ең танымал екеуін ғана білдіреді.

Чехия. 2016 жылы ел билігі БҰҰ дерекқорында "Czechia" атты қысқаша халықаралық атауын тіркеп, толық формадағы "Czech Republic" атауын тек ресми құжаттар үшін ғана сақтап қалған еді. Алайда оның жаңа атауын халықаралық қоғамдастық жатсынып, пайдаланбады. Түбегейлі бетбұрыс 2024–2026 жылдары орын алды. Париждегі Олимпиада ойындарында, футболдан Еуропа чемпионатында, сондай-ақ Милан мен Кортинадағы қысқы Олимпиадада, күні кеше, 2026 жылғы футболдан Әлем чемпионатында бұл елдің құрамасы дәл осы "Czechia" атауымен өнер көрсетті. Оның жанкүйерлері де тек қысқа атау жазылған спорттық киімдер киіп, тиісті транспаранттарды көтерді. ФИФА, УЕФА, ХОК және басқа да ұйымдар жаңа атауды түпкілікті қабылдағаннан кейін, ол бүкіл әлем бойынша миллиондаған көрермендер үшін үйреншікті нәрсеге айналды.

Тайвань "Қытай Республикасы" атауынан неге бас тартпайды?

Тайваньның атауын өзгерту туралы мәселе де кем талқыланып жатқан жоқ. Соңғы жылдары сарапшылар ортасында ресми Republic of China (ROC) атауын Republic of Taiwan (ROT) атауына ауыстыру туралы ұсыныстар дүркін-дүркін бой көрсетіп жүр. Осыған байланысты Reuters және BBC Monitoring агенттіктері арнауы зерттеулерін жариялады.

Олардың сарапшылары нақты саясатта мұндай қадамның күрделі екенін және геосаяси кедергілерге байланысты мүлде мүмкін еместігін дәлелдеп шықты. Себебі, Тайвань атауын өзгеру үшін біріншіден, Конституцияға түзетулер енгізу керек. Мұны Парламент депутаттарының кемінде 75%-ы қолдауы шарт. Екіншіден, ол өзгерістер референдумда халықтың келісіміне ие болуы қажет. Алайда қазіргі билеуші "Демократиялық прогрессивті партия" (ДПП) да, оппозициялық "Гоминьдан партиясы" да Парламентте 75 пайыздық басымдыққа ие емес. Елдің заң шығарушы органында коммунистік ҚХР-ды қолдайтын депутаттар да жетерлік.

Сондықтан Тайвань Президенті Лай Циндэ қазіргі әкімшілік мемлекеттің ресми атауын өзгертуді жоспарлап отырмағанын мәлімдеді. Оның түсіндіруінше, Тайвань онсыз да өзін-өзі дербес басқарудың барлық белгілеріне ие. Ал, атауды өзгерту туралы пікірталас Тайбэй мен Бейжің арасындағы қатынастарға сына қағады. Сондықтан екі ел арасындағы кең ауқымды саяси пікірталастардың бір бөлігі болып есептеледі.

Сонымен қатар, ресми түрде "Тайвань Республикасы" деген жаңа атауға ауысса да, Бейжің мұны "тәуелсіздікті заңды түрде жариялау" деп тікелей бағалайтын болады. Бұл ҚХР-дың "Сепаратизмге қарсы күрес туралы заңның" күшіне енуіне түрткі болады және әскери күш қолдануға құқықтық негіз береді.

Жалпы, мемлекеттің өз атауын өзгертуі – бұл жай ғана филологиялық түзету емес, әлдеқайда терең мағынаға ие қадам. Наоэроның отаршылдық мирасынан арылуға қадамы, Чехияның спорттық ребрендингі немесе Палестина мемлекетінің 2026 жылғы дипломатиялық трансформациясы...

Қай-қайсысы да ұлттардың өз тарихымен табысқысы келетінін және болашақта да төл құндылықтары үшін күресуге дайын екенін көрсетсе керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу