Әлемде тағы бір қырғын соғыс басталғалы жатыр

1731

Бұған дейін қос көрші 1998 жыл мен 2000 жыл аралығында қан-қасап қақтығысты бастан өткеріп еді.

Әлемде тағы бір қырғын соғыс басталғалы жатыр Фото: AP

Эфиопия іргесіндегі Эритреяның соғысқа дайындалып жатқанын жариялап, айып тақты. Ресми Аддис-Абеба көрші елді Эфиопиядағы көтерілісшілермен жасырын сөз байласты деп айыптап отыр.

Би-Би-Си "Африкалық мүйіз" елдерінің арасында шиеленістің ушығуының жаңа нышаны пайда болғанын мәлім етті. Эритреяға бағытталған айыптарды Эфиопияның Сыртқы істер министрі Гедион Тимотевос БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришке хатында баяндады.

AFP агенттігі қолға түсіріп, таныса алған ол хатта Гедион мырза Тыграйды азат етудің халық майданы (немесе "Тыграйдың халықтық азат ету майданы", ТХАМ) радикалды фракциясы мен Эритрея "қарулы топтарды мобилизациялап, қаржыландырып, Эфиопияның Амхар өңіріне бағыттап жатқанын" хабарлады. Бұл өңірде қазіргі кезде "Фано" аталатын көтерілісшілер федералдық үкіметке қарсы әскери іс-қимылдарын жүргізуде.

Эритрея жаһандық №1 ұйымға жолданған хатқа қатысты әзірге ресми түсініктеме бермеді. Алайда әлемдік ақпарат құралдары оның Эфиопиямен қатынастары соңғы айларда барған сайын шиеленісе түскеніне назар аудартады.

Шығыс Африкада орналасқан Эфиопия – құрлықта қысылған, теңізге шығар жолы жоқ ел саналады. Оны Қызыл теңізден Эритрея иелігіндегі шағын ғана жолақ бөліп тұр. Эфиопия теңізге шығар тарихи жолын дипломатиялық жолмен қалпына келтіруге және осы жолда халықаралық қоғамдастықтың қолдауына ие болуға тырысып жатыр.

Оның белсенді әрекеттері сонау 1993 жылы тәуелсіздік алғалы бері теңіз жағалауын тегіс өз бақылауына алған Эритреяны алаңдатады.

"Егер елдің сыртқы саясат ведомствосының басшысы Гедионның жазғаны расталса, онда Эритрея Абий Ахмед Әли тізгінін ұстаған көршісінің үкіметіне қарсы гибридтік соғысты бастап та кетті деген сөз. Мұны ол Қызыл теңіздегі порттарды басып алу мақсатында Эфиопияның Эритреяға әскери шапқыншылығының алдын алу үшін жасап жатуы мүмкін", – деп болжады ВВС.

Эфиопия және Эритрея бұған дейін 1998-2000 жылдары шекарада орналасқан Бадме қаласын өз бақылауына алу үшін соғысты. Сол қан-қасап қырғында ондаған мың адам қаза тапты.

Дегенмен, 2018 жылы Эфиопия билігіне келген Абий әскери шиеленістерге тоқтау салды және көрші Эритреяның Президенті Исайяс Афеворкимен одақтастық келісімін бекітті. Бірақ бертінде екі елдің арасы қайтадан суып, қырғи-қабақ көзқарас үстем болуда. Қызыл теңізге қол жеткізу мәселесі эфиопиялық саясаттың күн тәртібіне шықты және ол жаңа қақтығыстың шешуші мәселесіне айналды.

Эфиоптық Addis Standard газетінің жазуынша, Эфиопияның Сыртқы істер министрі биылғы қыркүйекте Эритрея мен ТХАМ "Фаноның" Амхар өңіріндегі Вольдия қаласын басып алу бойынша күш-жігерін белсенді қолдағанын жариялады.

"Бұл ретте ТХАМ командирлері мен жауынгерлері әскери операцияға тікелей қатысыпты. Министр сондай-ақ Эритрея Эфиопиядағы ахуалды тұрақсыздандыруға тырысып жатқанын мәлімдеді: өйткені Аддис-Абебаның Қызыл теңізге шығар жолын қайтарып алу ұмтылысына бола, өзіне төнген қауіп-қатерді сезінеді", – деп жазды Addis Standard.

Дебрецйон Гебремикаэль басшылық ететін "Тыграйдың халықтық азат ету майданы" (ТХАМ) радикалды фракциясы бүгінде Эфиопияның Эритреямен шектесетін Тыграй өңірінің әкімшілігін өз бақылауында ұстайды.

ТХАМ "Абийдің ресми Үкіметі Тыграйдағы қарулы қақтығысты тоқтату бойынша 2022 жылы қол жеткізілген бейбіт келісімді толыққанды орындамады" деп айыптайды. Сонымен қатар тыграйлық саясаткер Гетачью Реда басқаратын ТХАМ-ның басқа бір тобының орталық билікпен ынтымақтасатынына наразы.

Еске сала кетсек, 2020 жылғы 3 қарашада Эфиопияның федералдық Үкіметі мен осы елдің Тыграй автономды өңірі арасында қарулы қақтығыс басталды. Соғысқа Абий Ахмед Әли үкіметі мен Тыграйдағы жетекші саяси күш – ТХАМ партиясының билігі арасындағы ескі алауыздық себеп болды.

Үкімет басшысы ретінде ел билігіне келе сала, Абий Ахмед Әли ТХАМ-ның ықпалын төмендетуге бар күшін салды. Бұған жауап ретінде ТХАМ бүкіл елге бірдей міндетті федералдық актілерді елеусіз қалдырды және өңірге қатысты жоғарыдан түскен тапсырма-жарлықтарды орындамады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, соның ішінде New Lines Institute зерттеу институты сол соғыс кезінде қақтығыстың барлық тараптары әскери қылмыстар жасағанын, тіпті геноцид орын алғанын жариялады. Бірқатар дереккөздер федералдық биліктің әскерлері бағынбай қойған Тыграй өңірінде аяусыз этникалық тазалау жүргізгенін хабарлады.

Үкіметтік әскердің бүлікшіл провинцияға шапқыншылығы 2020 жылдың соңында көтерілісшілердің қарсы шабуылына ұласты. 2021 жылы үкіметтік Қарулы күштер ауыр жеңілістерге ұшырады. Алайда 2021 жылдың соңына қарай қару-жарағы таусылған көтерілісшілер бұрын басып алған территорияларын тез жоғалтып жатты.

Премьер-министр Абий Ахмед Әлидің өзі жоғарғы бас қолбасшысы болған үкіметтік әскер қарсы шабуылын табысты өрістетті. Көптеген зерттеушілер эфиопиялық Қарулы күштер қатарында ұрыс жүргізген эритреялық әскерлердің бейбіт тұрғындарға асқан қатыгездік танытқанын айтып, дабыл қақты. Зерттеуші Четилл Тронволлдің мәліметінше, тек 2022 жылғы қыркүйек-қазан айларында дәл осы соғыста 100 мыңдай комбатант (шетелдік жауынгерлер) қаза тапқан.

Ақыры 2022 жылғы 2 қарашада Африкалық одақтың араағайындығымен, эфиопиялық ресми билік пен ТХАМ атысты тоқтату туралы келісімге қол қойды. ТХАМ енді оны бұзылды дейді.

Жалпы, сол қақтығыс кезінде Эритрея эфиопиялық ресми биліктің Қарулы күштеріне әскерімен де, қаруымен де қолдау көрсетті. Алайда енді Эфиопия Эритреяға "Гебремикаэль жетекшілік ететін ТХАМ фракциясының жағына өтіп кетті" деген кінәлауда.

Сонымен бір мезгілде эфиопиялық Амхар өңірінде басқа бір сұрапыл соғыс жүруде. Бұрын ТХАМ-мен шайқасында Абий Үкіметін қолдап келген Фаноның қарулы құрылымдары бейбіт келісім бекітілгеннен кейін қарусызданудан бас тартты: енді амхар этникалық ұлысын үкіметтік күштердің айуандық қарекеттерінен қорғайтынын мәлімдеді.

Сарапшылардың байламынша, бүгінде Фано қозғалысы сол мұратымен шектелмей, өз міндет-мақсаттарын кеңейткенге ұқсайды. Ол Эфиопиядағы Абий Үкіметін тақтан тайдыруға ұмтыла бастады. Бұған қол жеткізу үшін қантөгісті әскери операцияларын жиірек жүргізуге кіріскен.

Салдарынан Эфиопияға енді сыртқы жаудың – Эритреяның басқыншылығы сыртында ішкі жаудың революциясы қаупі төнген сыңайлы.

Өткен ғасырдың соңында, Эритрея өзінен тәуелсіздік алғанда, шектен тыс жомарттық жасаған Эфиопияның сол кездегі көшбасшылары Қара теңіз жағалауындағы порттарын тегіс жас мемлекетке бере салған болатын. Кейінгі лидерлері мен қоғам мұның тарихи үлкен қате болғанына назар аударта бастады.

Содан 2023 жылғы қазаннан бері Эфиопия кезінде БҰҰ-да тіркеліп, архивіне кетіп қалған бұрынғы шешімдердің күшін халықаралық құқық аясында жойғызып, Қызыл теңіздегі порттарын бейбіт жолмен қайтарып алудың қамын жасауға талаптануда. Одан түк шықпаса, қарулы жолмен қайтаруға талаптануы ғажап емес.

Осы дүйсенбіде Эфиопия парламентінде сөз сөйлеген ел президенті Тайе Ацке-Селассие Қызыл теңіз бен Ніл өзенін "біздің еліміздің мәңгілік тіршілік етуі үшін өмірлік маңызы бар ұлы су ресурстары" деп атады.

Эритреяның ақпарат министрі Йемане Гебремескел өз Үкіметі атынан бұл мәлімдемені қатаң сынады және Эфиопия билігін "дөрекі әрі аянышты міскіндер" деп бағалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу