Әлемдегі №1 уран өндіруші МАГАТЭ-мен дауда жартылай жеңіске жетті

1481

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік Қазақстанның ядролық отын саудасын реттейтін органнан орын беру талабын зерттеуге дауыс берді.

Әлемдегі №1 уран өндіруші МАГАТЭ-мен дауда жартылай жеңіске жетті Фото: bloomberg.com

Әлемдік нарыққа уран шығарудан үстем позицияға ие Қазақстан ядролық отын саудасын реттейтін органдағы 160 ел ие болған құқықтарға қол жеткізу үшін күресте ішінара жеңіске жетті. Мұны "Блумберг" агенттігі хабарлап отыр.

Біздің ел мен тағы 16 мемлекет осынау органның Венада орналасқан басқарушылар кеңесінен шеттеп қалған. Бұл жағдайды түзеу үшін уранның әлемдік көлемінің бестен екі бөлігін өндіретін Қазақстан өткен айда шағым түсірді. Ал жұма күні Атом энергиясы жөніндегі энергетикалық агенттік (МАГАТЭ) бұл қиын ахуалды зерттеуге дауыс берген. Мұны шетелдік басылымдар Астана үшін жартылай болса да жетістік деп сипаттап отыр.

Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаровтың мәлімдеуінше, "МАГАТЭ-нің бас конференциясында қабылданған бұл резолюция - әділдікті қалпына келтіру жолында алғашқы қадам" екен.

Енді МАГАТЭ "қырғи қабақ" соғыс жылдарынан қалған және өзіне жарна төлеп отырған барлық мүшелердің тең құқықтарын жоққа шығаратын басқару органын қалай реформалау мәселесін қарастыруы керек. 

МАГАТЭ-нің директорлар кеңесі жылына төрт рет жиналады және ережелердің қабылдануы мен жетекшілерді таңдау процесіне жауап береді. Бұл процесті кейде тіпті католиктердің Рим Папасын сайлайтын құпия конклавымен салыстырып жатады. Осы органдағы басым күшке ие батыс елдері қазір ядролық қаруды таратпау мәселесіне назар аударуға бейім. Ал өзге мүшелер ядролық технологияға көбірек мән бергенді жөн санайды. 

"Қазақстанның бұл әрекеті проблеманың ауқымын айқындап берді",– дейді БҰҰ-ның Венадағы халықаралық ұйымдарындағы АҚШ елшісі Лора Холгейт.

"Блумбергтің" мәліметінше, Қазақстанның ұсынысын АҚШ-пен бірге Ресей мен Қытай да қолдап, Иранның жақында бұл процесті тоқтатуға жасаған әрекетін қабылдамаған. 

МАГАТЭ мүшелері арасында таратылған дипломатиялық нотаға жүгінсек, өз жеріне МАГАТЭ-нің ядролық отын банкін (миллиардер Уоррен Баффеттің қолдауымен) орналастырған Қазақстан, аталған директорлар кеңесінен "мейлінше тезірек" орын беруді талап ету себебін уран нарықтарындағы үстем позициясымен түсіндіріп отыр.

Ауыр металлдың бағасы ең жоғары деңгейге 2011 жылы Жапонияның Фукусима АЭС-дегі ядролық апаттан кейін көтерілді.

Көптеген жылдар бойы Қазақстан МАГАТЭ-нің басқарушылар кеңесіне кім кіретінін шешуге уәкілетті Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Қиыр Шығыс өңірлік топтарына кіре алмады. Сонымен қатар, бұл кеңестен бұрынғы Кеңес Одағының Орталық Азиядағы елдері - Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан Қырғызстанмен бірге Бахрейн, Фиджи, Папуа-Жаңа Гвинея сияқты аралдық мемлекеттер де шеттетіліп отыр. Араб елдері мен Иран болса, МАГАТЭ-нің Таяу Шығыстағы тобындағы Израильдің орнын мойындар емес.

Оңтүстік Корея МАГАТЭ Қазақстан мен басқа да құқығынан айырылған елдерге құқық берумен шектелмей, тереңірек реформалар жүргізуі қажет екенін ескертті. Оның баяндамасына жүгінсек, бұл ұйымның директорлар кеңесіндегі өкілдіктер ядролық энергетикаға ұмтылатын елдердің көбейгенін ескеріп кеңеюі керек.

"Бір ғана әрекет проблеманың жартысын ғана шешеді. Егер біз өкілдерді дұрыс жолмен көбейтпесек, мәселе созылмалы сипат алады", деп жазылған Сеул таратқан мәлімдемеде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу