Қазақстан тағы рекорд жаңартты, бірақ…

1547

Ауыл шаруашылығы министрлігі күзгі жауын-шашын егін жинауға кедергі келтірмегенімен, оның сапасының құлдырауына әсер еткенін мәлімдеді. Астықтың бір бөлігі көктеп, қызып кетті.

Қазақстан тағы рекорд жаңартты, бірақ… Фото: canva

Қазақстанда биыл күтпеген жерден астатөк, мол өнім жиналды, диқандар жалпы көлемі 27 миллион тонна астық бастырды. Алайда бөрікті аспанға атып қуанудың жөні жоқ, егін сапасы күтілгеннен де нашар болып шықты. Өйткені елде жаңбырдың бірнеше күн бойы төпелеп құюы салдарынан астық ору шамамен 10 күнге кешігіп қалды.

Салдарынан, АШМ дерегінше, бүкіл бидайдың тек 60%-ы ғана азық-түлікке пайдалануға келеді. Қалғаны не тек малға жемазыққа жарайды, немесе далада шіріп жатыр. Жалпы, жоғары сапалысы өте аз.

"Қазіргі кезде бидай мен арпаны ору барлық өңірде аяқталды. Енді Қызылорда облысында күрішті және оңтүстік өңірлерде жүгеріні жинау қалды. Ауа-райы жағдайлары орақ науқанына теріс ықпал еткен жоқ. Алайда оның сапасын құлдыратты. Бүкіл егін жиналды дегенімізбен, астықтың шамамен 60%-ы – үшінші сыныптағы бидай ғана. Ол азық-түліктік саналады", – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Әйтсе де, АШМ басшылығының өкілі биыл жиналған өнім ішкі нарықты нанмен, ұнмен және макаронмен қамтамасыз етуге жететініне, елдің ашықпайтынына уәде етті.

Қазақстан осымен екінші жыл қатарынан рекордтық астық жинап отыр. 2024 жылы аграршылар 26,5 миллион тонна дәнді дақылды қамбаға құйды. Бұл алдыңғы жылғыдан 55% көп еді. Алайда 2023 жылы республикада қуаңшылық болғанын ұмытпаған жөн, тиісінше, салыстырмалы база да төмен болды.

Сонымен бірге, биыл орылған ұландария дәнді дақылды әрі қарай далада шірітпей, қамбаға, элеваторларға және экспортқа мейлінше жедел жеткізу маңызды. Бұл ретте сарапшылар "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының рекордтық астықты тасымалдауда әбжілдік, пысықтық танытып жатқанына назар аудартады, ай сайын 1 миллион тоннадан артық астықты тасып жеткізу бойынша Үкіметтің қойған міндеті әзірге орындалуда.

Әрине, ҚТЖ шығыс көршіге бидай экспортын шектеуге барды. Бірақ бұл қазақстандық тараптың кінәсі емес. Қазіргі кезде теміржол құрамдары қазақ-қытай шекарасын кесіп өте алмай, қаңтарылып тұр. Ұлттық компанияның түсіндіруінше, бұл уақытша шектеулер қытай тарапының қазақстандық пойыздарды қабылдау санын күрт азайтуына байланысты болды.

Нақтылағанда, биылғы қазан айы бойы Қытай халық республикасы екі ел шекарасындағы Алтынкөл мемлекетаралық түйіспесі арқылы пойыздарды қабылдауды – тәулігіне 14-тен 10 пойызға дейін, ал, жекелеген күндері 6 теміржол құрамына дейін еселеп кемітті.

ҚХР-дің уәкілетті органдары қазақстандық жүктерден сынамалар алып, оны Үрімші және Бейжің қалаларына зертханалық талдауға жібереді. Қорытындысы келгенше, астық тиелген теміржол құрамы бірнеше күн бойы не әрі өте алмай, не бері қайта алмай тұрады. Бұған қоса, шың елі қазақстандық дәнді дақылдарды тұйыққа бағыттап, онда асықпай, тереңдетіп тексеру жүргізуде.

"Тексерулері 5-тен 10 күнге дейін созылады. Қалыптасқан жағдай қазақстандық инфрақұрылымды пайдалану жағдайына теріс әсер етіп, Қытай бағытында келе жатқан экспорттық және транзиттік жүктері бар шамамен 3 000 вагонның шекарада жиналып қалуына соқтырды. Бұл көрсеткіш беруді күтіп тұрған жылжымалы құрамның нормативтік санынан асып түсті. Темір құрамдарды қабылдау бұрын қытайлық тараппен толық келісілген болатын", – деп мәлім етті ҚТЖ.

Алайда келісім әзірге сақталмай тұрған көрінеді. Сондықтан кептелісті азайту, инфрақұрылымның тұрақты және қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін "ҚТЖ" ҰК" АҚ контейнерлік пойыздарда тасымалданатын  жекелеген экспорттық астық жүктеріне шектеулер енгізуге мәжбүр екенін мәлімдеді.

Оған сәйкес, тәулігіне 3-еуден аспайтын теміржол құрамы ғана қабылданады. Ұлттық компания қабылданған шараның уақытша әрі мәжбүрлі сипатта екенін нұсқады. Тұтастай алғанда, ұлттық компанияның сендіруінше, Қазақстанның теміржол желісі штаттық режимде жұмыс істейді және жүктердің расталған көлемін тасымалдауға толық дайын.

Күзгі жиын-терім науқаны қарсаңында ел Үкіметі "Қазақстан темір жолына" ай сайын ең кемі 1 миллион тоннадан астам бидайды тиеп-жөнелтуді қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Eldala.kz порталы бұл тапсырманың әзірше орындалып жатқанын қаперге салды.

2024 жылғы 1 қыркүйек пен 2025 жылғы 31 тамыз аралығын қамтыған алдыңғы маркетингтік маусым қорытындысында, яғни, 12 айда теміржол көлігімен 13,3 миллион тонна бидай тасылды. Бұл алдыңғы маркетингтік жылдағыдан бірден 45%-ға жоғары.

Қазақстандық астық экспорты 51%-ға өсіп, 10,3 миллион тоннаға  жетті. Бүгінде қазақстандық дәнді дақылдарды тек Орталық Азия мен Ауғанстан сияқты дәстүрлі нарықтар ғана емес, жаңа бағыттар – Иран, Әзербайжан, Марокко, Алжир, Вьетнам, Италия сияқты елдер сатып ала бастады.

Иранға 1 миллион тонна (11 есеге өсті), Әзербайжанға – 730 мың тонна (өсім 110 есе!), Еуропаға – 1,1 миллион тонна (өсім 2,5 есе) бидай тасымалданды.

2025 жылғы 1 қыркүйекте басталған жаңа маркетингтік маусымдағы жағдай қандай? Биылғы қыркүйекте ҚТЖ республика ішінде және экспортқа 1,3 миллион тонна бидайды жеткізді. Бұл 2024 жылғы қыркүйектегіден 28% көп. Соның ішінде 1 миллион тоннадан астамы – экспорттық жөнелтілімдер. Елдің өз қажеттілігіне пайдаланылатын астықтың үлкен бөлігі жүк көліктерімен де тасылады.

Ұлттық компания осы жоғары қарқынды ары қарай сақтауға ниетті. "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ өндірістік процестер жөніндегі басқарушы директоры Бауыржан Орынбасаров компанияның жаппай тасымалдаулар маусымына логистикалық инфрақұрылымды алдын ала әзір еткенін хабарлады.

"Жүк тиелгені бар, бостары бар, барлық теміржол құрамдарының жүріс-тұрысы реттелді, маршрутизациясы қамтамасыз етілді. Осының арқасында вагондардың айналымы артты. Бұған қоса, құрамдар жолай бұзылып, сынып, тоқтап қала бермеуі үшін локомотивтік паркті жаңарту жүргізілуде: 2024 жылы – 131 локомотив әкелінді. 2025 жылы тағы 187-сін сатып алу жоспарланды. Оның 83 бірлігі бізге жеткізілді", – деді Орынбасаров.

Бидай тасушы вагондар (зерновоз) паркінде 13,7 мың бірлігі бар көрінеді. Бұл нормативтен көп: 12,5 астық тасушының болуының өзі жеткілікті саналады.

Соған қарамастан ҚТЖ экспорттық маршруттерге Ресейден вагондарды қосымша жалға алуда екен. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде ұнды және басқа да өңдеу өнімдерін жөнелту үшін 16,5 мың жабық вагон жұмылдырылған. Осы арқылы ағымдағы сұраныс толық өтеліпті.

Әрине, проблемалар да жоқ емес. ҚХР-мен арадағы шекарада астық тиелген пойыздарды өткізу күніне 2 жылжымалы құрамға дейін азайып кеткені әлгінде мәлімделді. Иран бағытында теңіздің таяздануы сыртында, Каспий айдынындағы ауа райының бұзылуы кемелердің портқа кіруін және жүк тиеп, түсіруін қиындатқан.

Оның үстіне қазақстандық астықты ирандық кемелер тек қосымша жүк ретінде қабылдайды, салдарынан тасымал-фрахт құны Ресеймен салыстырғанда, тоннасы үшін 10-15 долларға қымбаттады және ирандық нарықтағы қазақ астығының бәсекеге қабілетін төмендетті.

Бүгінде "Болашақ – Түрікменстан – Иран – Ауғанстан" теміржол дәлізінде де дағдарыс байқалады. Норматив бойынша түрікмен тарапы күніне 4 пойызды өткізуге тиіс еді. Алайда Түрікменстанның шекарашылары күніне тек 2 теміржол құрамын қабылдаумен шектелді. Соның кесірінен бұл бағытта шамамен 1 000 экспорттық вагон жиналып қалды, босқа жатыр.

Биыл да рекордтық астық жинағанымен, егіншілердің көңілін қуаныш кернеген жоқ, кірбің түсіп тұр. Бұған себеп болған тағы бір фактор – Үкімет жоғарыдан желкелемеген соң элеваторлар мен бидай сақтағыштардың басым көпшілігі дәл науқан қызған шақта жайбасар тірлікке көшті.

Олар сенбі-жексенбі және мереке күндері жұмыс істемейді. Немесе астығы қызып, шіріп жатқанына жаны шырқыраған ауыл шаруашылығы өндірушілерін бұл күндері жоғары тарифпен төлеуге мәжбүрлейді. Салдарынан олардың шығыны орта есеппен 10-50%-ға өсті және тиеп-жөнелту көлемі шамамен 45%-ға кеміген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу